Кәсіпорындағы ауқымды жаңғырту жұмыстары өндірістің негізгі буындарымен қатар энергетикалық нысандарды, инженерлік инфрақұрылымды және қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналған нысандарды да қамтиды. Негізгі басымдық – өндірістің үздіксіздігін қамтамасыз ету, жабдықтардың сенімділігін арттыру, еңбек қауіпсіздігін күшейту және технологиялық әрі экологиялық көрсеткіштерді жақсарту.
Инвестицияның ең қомақты бөлігі металлургиялық жабдықтарды күрделі жөндеуге жұмсалуда. Бұл бағытқа 15,9 млрд теңге бөлінген. Қазір балқыту цехында №2 кен-термиялық пешке, №1–3 анод пештеріне және №1–4 конвертерлерден тұратын конвертер блогына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жұмыстардың нәтижесінде жабдықтардың техникалық жағдайы жақсарып, олардың пайдалану мерзімі ұзарады әрі өндірістік үдерістің тұрақтылығы артады. 
Технологиялық жабдықтарды жаңартуға тағы 3,6 млрд теңге бағытталған. Мыс электролизі цехында 234 полимербетон ваннасы орнатылып, ТНДП-10000/10 күштік трансформаторы жаңартылуда. Сонымен бірге №39 көпірлі кранды монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Ал балқыту цехында №1 айналмалы құю машинасын, жылу-энергиямен жабдықтау цехында Н-900 турбоайдағышын ауыстыру жоспарланған.
Өндірістік инфрақұрылымды жетілдіру де жаңғырту бағдарламасының маңызды бөлігі саналады. Осы мақсатқа 4,4 млрд теңге қарастырылған. Қаржы №1 градирняны күрделі жөндеуге, мыс электролизі цехының шатырын ауыстыруға және конвертер бөлімшесінің шатырын қалпына келтіруге жұмсалуда.
Кәсіпорын қызметкерлерінің еңбек және тұрмыс жағдайын жақсартуға да назар аударылған. Балқыту цехының әкімшілік-тұрмыстық кешеніндегі жуынатын бөлмелерді күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл өндірістік нысандарды жаңартумен қатар, жұмысшыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған шаралардың бірі.

Жыл соңына дейін шихта дайындау цехының жабдықтарын күрделі жөндеуге және кран жабдықтарына қауіпсіз қызмет көрсетуге арналған арнайы алаң салуға қосымша 1,4 млрд теңге инвестициялау жоспарланып отыр.
Жезқазған мыс балқыту зауытындағы жаңғырту жұмыстары «Қазақмыстың» металлургиялық кәсіпорындарды ұзақ мерзімді дамытуға бағытталған инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру өндірістің сенімділігін арттыруға, жабдықтардың тиімділігін көтеруге және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігін күшейтіп, жұмысшылар үшін қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастыруға жол ашады
ГҮЛІМ МАРАТҚЫЗЫ

