Павел СТОВБЧАТЫЙ
Қайта оралу
2-бөлім
(Жалғасы. Басы газеттің 2024 жылғы № 45 (1844) санынан басталады).
Әзірге мен Понт деген кім екенін анықтауым керек, немесе тезірек бұл жерден кету керек. Судьяны әлдеқашан іздей бастады, әйелі күтіп отырмас.
Жоғары көтеріліп, Тараға көлік жайлы ескерттім.
– Іздерді дұрыстап жой…
– Жолға шығамыз ба?
– Иә.
«Маған бұл Понт не үшін керек болды өзі? – деп ойладым. – Ертең-ақ мен бұл жерден алыс болам. Негізінде, бұл – Тараның проблемасы. Мен меңзедім, енді өзі шешсін».
Мен Анжеликаның жұмсақ төсегінде жаттым да, жергілікті жаңалықтарды қарап отырдым. Жай ғана, судья туралы ештеңе естимін деп күтпестен. Уақыт кешкі алтылар шамасы еді. Анжеланың да жұмыстан қайтып келетін уақыты жақын. Қызды ақшамен тым еркелетпедім, бұл – жаман әдет, бірақ аз-маз беріп қойғанмын. Сүт пен нанға жетерлік. Ол риза болды, қатты риза. Байғұс таңның атысынан кешке дейін біреудің шашын қиып, тиын-тебенге қуанып жүр. Құрбыларының көбі баяғыда-ақ жезөкшелік жолға түсіп кеткен, не болмаса демеушісі бар. Жұмыс жайлы армандамайды да. Бұның бәрін маған өзі айтқан. Айтып отырып терең күрсініп, көзін алыстарға тігіп, мұңайып қалатын. Екінші күн дегенде білдім: анасы саудагер екен. Қала-қаланы аралап, түрлі шүберек пен тауарлар алып, апталап базарда тұратын көрінеді. Ресейде көп адам солай өмір сүретін, мен оны білетінмін.
Қыз өзі сүйкімді еді, нәзік, мейірімді. Тіпті менен ұялатын сәл. Біз ешқашан жақындасқан емеспіз. Оның төсегінде жатып жүріп тым болмаса бір рет те бауырыма басып, «еркелетпей» кеткенім қалай болар екен өзі деп ойладым. Осы кезде тұла бойымнан әлдебір толқын жүріп өткендей болды да, тамырларым шымырлап сезім білдіре бастады, әзірге әлсіздеу ғана. Судьяның жоғалғаны туралы жаңалықтарда ештеңе айтылмады. «Кейінірек хабарлайтын болар», – деп ойладым. Әлі ойланып, бағалап, іздеп жатқан болар. Білдей бір судьяны ұрлап кеткен дегенге сенбей жүрген шығар.
Мен орнымнан тұрып құжаттарымды қарай бастадым. Итальян төлқұжаты – кетті, енді мен – орыспын. Чемоданды аштым. Тара жасап берген екі төлқұжат – көз алдау емес, нағыз кәсіби дүние. Біріншісі – Ольховский Евгений Борисович атына, 1952 жылғы, Самара қаласы. Екіншісі – Бестужев Валерий Павлович, Ленинград қаласы, яғни Петербург. Маған Бестужевтің аты көбірек ұнады. Валерий Павлович… Мәліметтерін жақсылап жаттап алу керек, кім білген, ертең не боларын. Анжелаға тонды қалдырамын, көзге бірден түсетін, қымбат дүние. Алып жүру де қиын. Анжела ақшадан қысылса сатып, қаражат қылар. Төлқұжаттар жанында су жаңа бельгиялық тапанша мен екі оқ-дәрі жатты. Ресейде қарусыз жүру – қауіпті. Ол заман өтті. Тарадан сұрауға тура келген. Ол ренжитін шығар, қоштаспай кеткеніме, бірақ бәрібір түсінеді. Кейін хабарласамын. Ақша жеткілікті, чемоданның түбіне салып, үстін киіммен жауып қойдым. Болды. Енді Анжеланы күтіп, кешкі қоштасу асын ұйымдастыру қалды. Әйелді күткен қандай жақсы, ол міндетті түрде келеді деп білсең. «Он күннен кейін келемін» деп уәде берермін, қазір – жұмыс. Қызға ұнап жүрген сияқтымын. Айнаға қарап едім – шашым ағарған екен. Баяғыда бұлай емес еді. Ертең қандай рөлге енем? Қайда апарады мені бұл өмір?..
Мен түрме сол қалпымда тоқтатып, кешегі қалпымда қалған бала сияқтымын. Ақыл – жетілген, ал сезімдер… Солар мені айналдырып, тыныштық бермей ойға да, қырға да сүйреп жүрген. Бұл – мен түсінсем де, тоқтата алмайтын нәрселер. Уақыты келгенде, бар ақылың зым-зия кетеді. Ал сен болсаң өмірден өз уақытында ала алмағаныңды, енді қуып жете алмай жүргенің. Тағы бір оңбағанды – майор Клычты жазалау әділет болар еді. Ол қанша адамның өмірін құртты! Мыңдаған жан оның өлгенін естісе, терең тыныс алар еді. Ол бәрін өз қолымен емес, өзгенің қолымен істеді. Бұйрықтармен, азаппен, психологиялық қысыммен зорлық-зомбылық жасады. Зұлым болды! Билікке сол зұлымдығымен жетіп, соған масайрады. Клыч – өлімге лайық, тек өлім ғана оның жазасы. Бірақ оның үш баласы бар, олардың кінәсі жоқ. Жас қой, қырыққа да толмаған. Бірақ оны қолға түсіру – мүмкін емеске жақын. Мыңнан бір ғана мүмкіндік, онда да – қауіппен. Тірі қалуың екіталай. Зона маңындағы милиция поселкесінде тұрады. Барлығы көз алдында. Қалаға шықпайды – қорқады. Үйінде қару көп – аңшылық, басқа да. Күдік туса – бірден атады. Барлығына дайын. Түнде министр болса да есік ашпайды. Бұл қолыңнан келмейді, Кот, әлің жетпейді. Әзірге біреуі жеткілікті. БАҚ бәрін жариялар, жеткізер. Басқалар білсін, қорқып жүрсін, тектілерге тимесін. Бандиттер демократия үшін, олар ештеңені ұмытпайды. Елде бүлік басталса, олар бірінші болып әрекет етеді, әлі-ақ. Ал әзірге – итше қыспақта. Шын бандиттік бізден шыққан жоқ. Оны жасаған биліктегілер. Тәртіп пен теңдікті уәде еткен – өзгелер. Солар есеппен, жоспармен жасап жатыр. Солар қайта билікке келсе – не істер еді? Бұрынғыны қайтару мүмкін емес, қазіргі өмір – түзетуді, жаңа бағытты қажет етеді. Иә… Мен сияқты адамдар – қандай ақымақ еді. Сезіммен өмір сүріп, ақылдымын деп ойлайды. 1973 не 1975 жыл қайта келеді деп сенеді. Уақыт кері ақпаған – тіпті Христос та кері бұрмаған, қызылдар қайдан бұрсын? Бірақ солай – уақыт өтеді, өткенге деген көзқарас өзгереді…
Дәлізде қоңырау шылдырлады. Сол. Анжела. Аппақ жүзі албыртып, алаулап тұрған, әдемі қыз. Дәл Блоктың кейіпкеріндей. Көздері жарқырап, нұр шашып тұр, күтіп тұр. Осылай әрдайым болса ғой, шіркін! Қашаннан бері мен сүймеппін, шын көңілден, шын жүректен, өзімді ұмыта сүймеппін.
Мен есікті ашып, Анжеланы өзіме қысып құшақтадым, бетінен аялап сүйдім. Ол киімін шешпекші болды, бірақ мен тоқтаттым.
Орысшадан аударған
Ізтай Белгібайұлы.
(Жалғасы бар).