Павел СТОВБЧАТЫЙ 2-бөлім
Қайта оралу
(Жалғасы. Басы газеттің 2024 жылғы № 45 (1844) санынан басталады).
Мен орнымнан тұрып, шынымен де сыртқа шықтым, есікті ақырын жаптым. Үкімді күтіп, ары-бері жүре бастадым. Қызық, ол не ойлап табар екен, мұндай күйде бірдеңе ойлап таба ала ма өзі? Әбден мүмкін: «Қалағандарыңды істеңдер, менің қолымнан ештеңе келмейді», – дер. Бірақ… Күтейік, судьяны күнде соттай бермейсің ғой. Сағатыма қарап, уақытты белгілеп алдым. Қолымнан келгенше күтемін деп шештім. Қапқанда қалған егеуқұйрықтай шыр айналсын, миын жұмыс істетсін… Алғашқы сотты да ескертеміз, ескереміз. Тек қорқып, қор болып қалмаса болды, ол қажет емес.
Жиырма минуттай күттім де, ақыры ішке кірдім.
– Уақытыңыз бітті, судья мырза, тыңдауға дайынмын, – дедім мен. Оның жүзі сұрланып, жансызданып кеткен еді, сөздеріме тіпті назар аудармады. – Сонымен не айтасыз? — деп қайталап сұрадым.
– Өзің біл. Онсыз да ойыңда не бар, соны істейсің. Тек азаптама, өтінем.
Ол әлі де үміттеніп тұрғандай болды, көзімнен жауап іздегендей қарады. Бірақ мен оған да дайын едім.
– Бәлкім, орындармын. Дегенмен, соңғы сөзіңізді айтыңыз, күтіп тұрмын. Қазір өз тағдырыңызды өзіңіз шешесіз. Үндемесеңіз – өліммен келісім деп қабылдаймын. Ескертіп қойайын. Ақша, төлемақы – қажет емес, көріп тұрсыз ғой, бұл басқа жағдай.
– Қолымды кесіп таста. Қолымды! Міне, оң қолымды беремін, кес, – деді ол кенеттен айқайлап, мен тіпті селк етіп қалдым. – Кес! Жүр!
– Шыныңыз ба?
– Иә!
– Бұл сіздің үкіміңіз бе?
– Иә, иә, келісемін. Міне, – деп оң қолын созды.
– Сіздіңше, қолыңыз алты жыл түрмеге тең бе?
– Білмеймін. Тағы не айта аламын, қандай ұсыныс жасай аламын? – деді әлгі оңбаған сұраққа сұрақпен жауап беріп.
– Шынымен де, басқа жол жоқ, – дедім мен. – Жақсы, айтқаныңыз болсын, уәде бергенмін. Қайда кесеміз? – деп сабырлы түрде сұрадым. Сосын өзім-ақ жауап бердім – Табуреткада. Бір секунд…
Сыртқа шығып, Слонды шақырып, балта табуын өтіндім. Ол сұрамай-ақ келісті, бірақ көзі шарасынан шығып кетті. Бірнеше минуттан соң тот басқан балтамен оралды.
– Тот басқан екен… Басқа балта жоқ.
– Бұл да жарайды, рахмет. – Мен балтаны қолыма алып, судьяға қарай жүрдім.
– Бір ескерту, Пырьев мырза, – дедім мен «карцерге» кіре беріп. – Мен жазалаушы емеспін, біреудің қолын кесу маған жараспайды. Өтінемін, мұны өзіңіз істеңіз.
Мен оған балтаның сабын алға созып, ішкі дайындығымды жасап, назарымды түгел соған аудардым. Мұндай жағдайда бәрі болуы мүмкін еді. Бірақ ол үлгермес еді: біріншіден, мен есікке жақын тұрдым, екіншіден, дайын едім.
– Бұл мүмкін емес, мен істей алмаймын, – деп сыбырлады судья. – Мен ешқашан… – Ол кідіріп қалды.
– …қол кесіп көрмегенсіз. Мен де. Бұл жаттығу деп есептейік. Мен санаймын, ал сіз жеті дегенде күнәлі тәніңізді шауып тастаңыз. Сонымен, кеттік. Бір… Екі… Үш… Төрт… Бес… Алты…
Ол қозғалып, қолын табуретке қойып еді, бірақ сонымен тоқтады. Балтаны түсіріп, орнына отырды.
– Жақсы, сіз жасаңызшы, өтінем, бұл менің қолымнан келмейді.
– Жоқ! — дедім мен қатқыл түрде. – Қол кесесіз бе, жоқ па – шешімді өзіңіз қабылдаңыз. Уақытым жоқ.
– Маған дайындалу керек, бұлай тез бола алмаймын. Айтыңызшы, мен тірі қалам ба, әлде…
– Шешім қабылданды. Кесесіз бе, жоқ па?
Ол қайта тұрып, қолын табуретке қойып, балтаны көтеріп еді… бірақ сол қолы сылқ етіп құлады. Шаба алмады.
Мен судьяның азап шегіп болғанын түсіндім. Енді қойылымды аяқтайтын уақыт келді.
– Қарап тұрсам, сіз ештеңеге қабілетті емессіз, судья деп айтудың өзі ұят, – дедім мен мысқылмен. – Жарайды, сізге жеңілдік жасаймын… Бірақ бәрі заң аясында болуы керек. Алдымен үкім күтіледі, бірнеше апта. Сосын – жеті күн шағымдануға, кейін – жоғары инстанцияда қаралуы, тек содан соң бекітіледі. Өздеріңіз білесіз ғой.
Ол елең етті.
– Сосын?
– Ештеңе. Күтуге тура келеді. Бізде кепілмен босатпайды, кешіріңіз. Қиын уақыт. Сіз сенімді адам емессіз, райыңыздан қайтып қалуыңыз мүмкін. Қош болыңыз, мен біттім, Пырьев мырза.
Мен оған арқамды бұрып, есікті аштым.
– Тоқтаңыз, өтінем! Тыңдаңыз мені! – Ол табуреттен атып тұрып, маған қарай ұмтылды.
– Кейін, кейін. Өзіңізді дұрыс ұстаңыз, ереже бұзбаңыз.
Мен есікті тарс жауып, екі рет кілттедім. Сосын ірі құлыпты тағы салып, бекіттім. Бұл сәттегі сезімді ешқашан ұмытпаймын. Өмірімнің жартысын түрмеде өткізген мен, біреуге түрмеші болдым. Қараңғы дәлізбен жүріп келе жатып, жүрегім айнғандай болды. Мен шынымен олардан жоғары, артықпын ба? Ол – жау, әрине, лайықты, бірақ жанымда біртүрлі жиіркенішті сезім. Кешіруде – ұлы сыр бар. Мүмкін, бір күні мен де бәрін кешірермін. Ал әзірге…
Орысшадан аударған
Ізтай Белгібайұлы.
(Жалғасы бар)