Елімізде металлургияның бастау бұлағында тұрған Қарсақбай металлургиялық зауытының тарихында жеңісті де жемісті жылдармен қатар тоқырау кезеңдер де өтті. Бүгінде мұржасынан будақтаған көк түтін мен мұндаламаса да кент халқының күн көрерлік несібесін бұйыртып отыр.
Қарсақбай металлургиялық зауыты алып өндірістің ірге тасының қаланған ошағы ретінде сақталып, келер ұрпаққа жетуі тиіс. Ел арасында «Қарсақбай кентіндегі өндіріс ошағы жабылады екен» деген мәселе қызу талқыланды. Ұлытау облысы қоғамдық кеңесіне кент тұрғындары мен зауытең беккерлері қарашаңырақты сақтап қалу өтінішімен шығып, бірнеше ұсыныс түсірген болатын. Осының негізінде «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы, Ұлытау облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Ерболат Сатыбалдин облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлына ұсыныстарын жіберген еді. Облыстық Қоғамдық кеңес басшысы кенттің қазіргі жағдайын сақтап, одан әрі дамыту үшін келесі шараларды ұсынды. Бірінші, академик Қ.Сәтбаев атындағы музейді кеңейтіп, Қарсақбай металлургиялық зауыты негізінде «Ашық аспан» астындағы музей қалыптастыру. Екінші, су қоймасындағы суды шаруашылық мақсатқа жарату үшін суармалы егін алқаптарын ұйымдастыруды қарастыру. Бұл негізде кент маңынан теміржол және тас жол өтетіндіктен егін жайлардың өнімдерін тасымалдауға толық мүмкіндік бар.
Ұсыныстағы үшінші бағыт – геологиялық барлау, зерттеу нәтижелері бойынша кентке жақын кен орындарына (Балбырауын, Дүйсенбай жәнет.б) инвестор тарту, ол шаруашылықтарға жергілікті халықты алдымен жұмысқа орналастыру мәселесін қарастыру.
Суармалы егін және мал азықтық дақылдар өсіріп, өндірушілерге, мал бордақылау орталықтарын құрушыларға салықтық және басқа да жеңілдіктер қарастыру ұсыныстың төртінші бағытында көзделген.
Ал, бесінші бағытта «Қазақмыс» корпорациясы осы жоғарыда аталған мемлекет тарапынан жүзеге асатын іс-шаралар өз нәтижесін бергенше зауыт жұмысын қаржыландыруды шұғыл тоқтатпау ұсынылды.
Су қоймасының техникалық жағдайын сараптап, «Қазсушаруашылығы» мемлекеттік кәсіпорындарына өткізу мәселесін қолға алу алтыншы бағытта көзделген.
Қарсақбай кенті тұрғындарының базынасы негізінде қолға алынған бұл шараларға «Қазақмыс» корпорациясы қолдау білдіруге ниетті.
Бағдат Қазкенов.