Өлке тарихының беттерінде түсті металлургияның бастауы ретінде қатталған Қарсақбай кентін біз бүгінде қарашаңырақ деп бағалаймыз. Халқымыздың ұғымында қарашаңырақ бұл мұрагерлік жолмен ұрпақтан-ұрпаққа көшкен бір әулеттің арғы аталарының түтін түтеткен мекені деп қадірленеді. Жезқазған қаласынан батысқа қарай кең жазықта орын тепкен Қарсақбай да өндірісі өркен жайған өлкедегі металлургияның үлкен шаңырағы. Бүгінгі сары мыстың бастау бұлағында осы Қарсақбай тұр. 96 жыл бұрын алғаш қара мыс балқытылған құтты мекендегі зауыттың ғұмыр дастаны жаңа дәуірмен астасып жатыр. Жаратқан нәсіп етсе, 4 жылдан соң бір ғасыр толатын өндіріс орнының қазіргі жүрек соғысына «Қазақмыс» корпорациясы демеу болуда.
Бұл зауыттың Кеңес дәуірінде атағы аспандаған кезі де, тоқырау тұсында тағдыры қиын сәттер де кездесті. Өткен тарихтың куәгерін сақтап қалу жолында ғұмырын осы мекенде өткерген, зауыттың директоры болған Қадыр Мәткенов күш салғанын қалың жұртшылық жақсы біледі. Аталған зауытқа асылдың сынығы Мұрат Қадырұлы Мәткенов басшылық етіп отыр.
Мыңнан аса халқы бар қарашаңырақтағы зауыт кент тұрғындары үшін өмірдің жалғасы іспетті. Өйткені бұл кәсіпорын кенттегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды ауызсумен және электрмен қамтамасыз етіп отыр.
Жақында қарашаңыраққа жол түсті. Зауыт директорының орынбасары Смағзам Нұрмағанбетов бізді емен-жарқын қарсы алды. Осы мекенде туып-өсіп, өндірістің қазанында қайнаған Смағзам аға «Қазақмыс» корпорациясының Қарсақбай кенті мен зауытқа жасап отырған жақсылықтарын тілге тиек ете кетті.
– Қарсақбай – металлургияның бастау бұлағы ғана емес, кешегі Кеңес тұсындағы солақай саясаттың нәтижесінде ашаршылықтың дәмін татқан талай жанға пана болып, оларға өмір сыйлаған құтты мекен. Сондықтан Қарсақбайдың ХХ ғасырдағы өндіріспен қоса адам тағдырын шешудегі рөлін атап өткен артықтық етпес. Соғыс жылдарында Қазақстанда құйылған он оқтың тоғызы осы Қарсақбай зауытынан шықты. Жеңісті жақындатуға үлес қосты. Осындай қилы кезеңдерде елге қызмет жасаған қарсақбайлықтардың ерен еңбегін бүгінгі буын ұмытпауы керек. Қазіргі таңда кенттегі металлургиялық зауыт «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен қызметін жалғастырып отыр. Тапсырыс бойынша Жезқазған, Сәтбаев қалаларында шоғырланған корпорацияның өндірістік нысандарына бөлшектер дайындап береміз. Зауыт бойынша шойын құю жоспары 220 тонна болса, бүгінгі күні оны біз 100 пайызға орындап отырмыз. Биыл корпорацияның қолдауымен ауызсу тазарту телімінің ғимаратына ішкі және сыртқы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, осы телімдегі зертхана толық жөндеуден өтуде. Қажетті құрал-жабдықтар алынды. 6 кВ электр желісінің бағандары ауыстырылды. Сонымен қатар, құю-механикалық цехына қарағандылық мамандардың әдісімен дайындалған германиялық үлгідегі гидродинамикалық жылытқыш «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен сатып алынды. Қазір бұл жылытқыш цехқа жылу беріп тұр.
Қарсақбай өндірісті өлкенің қалыптасуында маңызды рөл атқарғанын баршамыз білеміз. Сондықтан бұл қасиетті мекен түтінінің түзу ұшуы болашақ үшін айрықша мәнге ие болуы керек. 124 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған зауытымыздың ғасырлық тойына жетсек деген тілек бар, – деп сөзін түйіндеді Смағзам Нұрмағанбетов.
Қазақтан шыққан тұңғыш геология саласының білгірі, академик, Қазақ Ғылым академиясының іргесін қалаған, Қарсақбайдың жұлдызын жаққан Қаныш Сәтбаевтың ерлігінің арқасында бой түзеген қалашықтың аты мәңгі қалуы тиіс. Өйткені Қарсақбай – өндірісті өлкенің бар тарихын қалыптастырған қарашаңырақ.
***
Қарсақбайдағы металлургиялық зауыттың жүрегі саналатын құю-механикалық цехында қос қаладан келген тапсырыстар дайындалады. Шойыннан бұйым құйып, оны пішімге келтіріп, бөлшек әзірлеуде мұндағы мамандардың кәсібилігіне ешкім шүбә келтіре алмайды.
Мұндағы маңызды мамандықтардың қатарында темір жонушылардың атқаратын қызметі ұшан-теңіз. Ауқымы кең цехтағы станоктарда түрлі бөлшектерді қажетті пішінге келтіріп, сапалы дүние жасауда бұл кәсіп иелері өздеріне жүктелген міндетті адал атқарып келеді.
Қарсақбай кентінің тумасы Рахат Төребаев осындағы кәсіптік училищені тәмамдаған соң осы зауытқа келген екен. Содан бері арада 29 жыл өтіпті. Темірдің тілін тапқан ол еңбек жолында шыңдалу мектебінен пісіп, жетілді. Цехтағы білікті маман атанған Серік Аманқұловтың тәлімінде кәсіптің қыр-сырына қаныққан Рахат Әбікенұлы бүгінде талай жастың томағасын сыпырып, қанатын қатайтты.
Темір жонушылар – солдан оңға қарай Серік Тұрғанбаев пен Рахат Төребаев.
– Темір жонушы кәсібін меңгергеніме де отыз жылға таяпты. Жалпы, станокта тапжылмай тұрып, берілген сызба бойынша дүние жасап шығару ең әуелі өз ісіңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Осы цехтағы талай жасқа тәлімгер болған Серік Аманқұлов бізден осы қасиетті қалыптастыруды қатаң талап етті. Алдымыздағы аға буыннан көп шаруаның ыңғайын түсіндік. Қарсақбайда туып, өсіп, ер жеткен соң осында өндірістің бір буынына кірпіш болып қалансақ деген ниетімізге жеттік. Шәкірт тәрбиеледік. Тәлімімде шыңдалған Жангелді Әлиякпаров, Самат Мәшүріп сынды жастар қазір шахтада еңбек етуде, – деді Рахат Әбікенұлы.
Кенттің тамырына қан жүгіртіп отырған зауыт болса, дәнекер саланың енді бірі – мал шаруашылығы. Мұнда түтін түтеткен тұрғындар ата кәсіптен алшақ кете қойған жоқ. Рахат Төребаев та өндірістен бөлек, шағын мал шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Отбасының ырыс-берекесін өндіріспен қатар ауылшаруашылығынан да келтіріп отырған Рахат Әбікенұлы еңбекқорлығымен ұжымға беделді азамат. Ол жақында Еңбек күнінде «КәсіпҚорған» кәсіподағы тағайындаған «Еңбек озаты» төсбелгісін омырауына тақты.
Темірден түйін түюде он жеті жылдық тәжірибесі бар Серік Тұрғанбаев та кенттегі кәсіптік училищенің түлегі. Ол трактор және автокөлік жүргізушісі мамандығын меңгерген. Темір жонушы кәсібіне келу себебін Серік Шардарбекұлы бізге былайша түсіндіріп берді:
– Өндіріске келіп, темір жонушы кәсібін меңгеруіме өзімнің қабілет-қарымым себепкер болды. Бала жастан техникаға, темірден бұйымдар жасап шығаруға бейім болдым. Осы қабілет мені осында жетеледі де тұрды. Мен де Серік Аманқұловтың қарамағында жүріп, шыңдалдым. Бір кездері даңқы Кеңес одағына тараған Қарсақбай зауытында еңбек ету – біз үшін абырой.
Жұмыстан қолым босағанда кент тұрғындарының түрлі санаттағы көліктерін жөндеп беремін. Бір зауыттың табысына қарап отыруға болмайды. Еңбек еткен адамға табыс та молынан келеді. Мен мұны балаларыма да, соңымыздан ізімізді басқан жас мамандарға да айтып отырамын, – деді Серік Шардарбекұлы.
Серік Тұрғанбаев еңбегіне орай «Қазақмыс» корпорациясы басшылығының, «КәсіпҚорған» кәсіподағының Құрмет грамоталарын иеленді.
Біз тілге тиек етіп отырған цехта дәнекерлеу жұмыстарын ың-шыңсыз атқарып жүрген білікті электр-газбен дәнекерлеуші Дархан Қожахметов есімді азамат бар. Дархан Жолдыбайұлының мұнда келгеніне биыл 25 жыл толыпты. 1999 жылы кәсіптік училищеден трактор машинисі әрі дәнекерлеуші дипломын алған ол осында жұмысқа қабылданды. Дархан Қожахметовке кәсібінің қыр-сырын Николай Побединский үйретіп, машықтандырды. Дархан Жолдыбайұлы көп ұзамай дәнекерлеу ісін өзі жүргізіп кетті.
Дәнекерлеуші Дархан Қожахметов.
– Бүгінгі жинаған тәжірибе бірден қалыптаса қалған жоқ. Аға буыннан үйрендік, солардың тәжірибесіне арқа сүйедік. Қазір цехтағы дәнекерлеу жұмыстарына белсенді араласып келемін. Зауытқа жұмысқа келуіме осында еңбек еткен туған-туыстардың ықпалы басым болды. Үлкеннің ақылына құлақ асып, осында қалғаныма әсте өкінбеймін. Шыңдала жүріп, біліктілікті де көтердім. Цехтағы жігіттердің барлығы бір үйдің баласындай кез-келген шаруаға жұмыла кетеді. Мұндай ауызбіршілік ұжымның алға қойған мақсатына жетуге мүмкіндік береді, – деді Дархан Жолдыбайұлы.
Дархан Қожахметовтің өмірлік серігі Нұргүл Алтынбаева да осы өндіріс ошағында еңбек етіп жүр. Дархан Жолдыбайұлы да марапаттан шет қалған жоқ. Еңбегін бағалаған «Қазақмыс» корпорациясы мен «КәсіпҚорған» кәсіподағына алғысын білдірді.
Металлургияның өркен жайған құтты мекені, Қаныш Сәтбаевтың маңдай терімен еңсе тіктеген Қарсақбайдың бүгінгі тынысы осылай өріс алуда. Ондағы еңбек адамдары кіндік қаны тамған қарашаңырағына өздерінің адал еңбегін бағыттай бермек.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.