«Қарашаңырақ» деп отырғанымыз кәдімгі Қарсақбайымыз. Ал, «қадірлі» деп отырғанымыз осы Қарсақбайдағы сумен жабдықтау мекемесінде қырық жылдан астам уақыт табан аудармай еңбек еткен жан – Жұматай Әбшөкенов. Бүгінде 70 деген биікке шығып отырған Жұмекеңді елге қадірлі еткен қырлары көп. Бүгін біз солар жайлы сөз етпекпіз…
Көршіміз ормандай қалың орыс жұртының бұрынырақтағы бір ірі қоғам қайраткері жасы жетуіне байланысты қызметінен кетерде құрметтеп өткізілген жиында балаларына қарап тұрып: «Қарақтарым, мен осы жылдарда сендер үшін сәнді үй салған жоқпын, мол етіп дүние-мүлік те жинамадым. Бірақ тіршілігімде кісілігімді кір шалған жоқ, менен сіздерге қалатын мұра осы» деген екен. Жұматай Әбшөкенов жайлы жазуға отырғанымда ойыма осы әңгіме оралды. Шынында да, өмірде ұзында аласы, қысқада бересі жоқ, осы айтылғандай кісілігін кір шалмаған адамдар болады. Жұмекең соның өзі дерсіз. Оған кейіпкеріміздің жан досы, бүкіл саналы ғұмырларын бірге өткізіп келе жатқан Мұрат Ибраевтың мына әңгімесі айқын айғақ:
– Өмірде өз ісіне берілген, жұмыстан басқаны ойламаған жандар боса ол тура біздің Жұматай. Ол сонау 1971 жылы Қарсақбай мыс қорту зауыты жанындағы сумен жабдықтау кәсіпорнына слесар болып орналасқан еді. Зейтеткерлікке шыққаға дейін сол мекемеден табан аудармады. Қысы-жазы кентті сумен қамтамасыз етуде жарғақ құлағы жастыққа тимей жүретін. Әсіресе қыстың көзі қырауда қатып қалған калонкаларды от жағып ерітіп, халықты сумен қамтамасыз етіп жүргені. Ол кездері Қарсақбайда 50-дің үстінде су калонкасы болатын. Жан да, мал да сол колонкалардан су ішетін.
Жұматайдың ел қадірлейтін, оның ішінде біздің замандастарымыз үлгі тұтқан бір ерекше қасиеті бар. Ол оның елгезектігі, ұйымдастырушылық қабілеті. Ол өз алдына үлкен бір әңгіме, – дейді Мұрат аға досы жайлы ағынан жарылып.
Жұматай жастайынан еңбекпен көзін ашқан жігіт. Әкесі Әбшөкен кешегі сұрапыл соғыс жылдарында майданға аттанып, Мәскеу маңындағы ұрыста жараланып, бір аяғын майдан даласында қалдырыпты. Елге келген соң мал бағып, тылда тер төккен.
– Несін жасырайын, оқуға аса қырым болған жоқ. Жарытып оқымайтынымды білді ме, әкем жастайымнан еңбекке жекті. Оның пайдасын өскенде көрдім. Қандай жұмысты тапсырса да аяғына жеткізіп, тыңғылықты орындап шықпай тыным таппайтынмын. Бір мекемеде табан аудармай жұмыс істеуім де соның нәтижесі. Сан мәрте мақтау қағаздарын алдым. Марқұм Қадыр аға Мәткенов үнемі мақтап отыратын. Біз үшін ол кісінің бір ауыз жылы лебізін естігеннен үлкен марапат жоқ еді. Жұмысқа қатал, бірақ өте әділ кісі болды, – деп еске алады өзінің жастық шағын Жұмекең.
«Жастық шағы» дегеннен шығады, Жұматай өзінің замандастарының басын қосып, команда да құрыпты кезінде. Сол командасымен ауыл көшелерін аралап көшеаралық футбол жарысын өткізетін көрінеді.
– Менде «Урал» мотоцикілі болды. Жұматай бастаған он екі-он үш бала соған мінгесіп аламыз да бірде «КЖД», енді бірде «Жосалы» жақтағы футбол алағына барып, сол көшенің балаларымен футбол ойнаймыз. Капитанымыз да, жаттықтырушымыз да осы Жұматай. Қолымыз боста бәрімізді жинап алып қалай пас беру керек, қорғаушылар қалай ойнауы керек, соның бәріп тәптіштеп айтып жүреді. Нәтижесінде Қарсақбайдағы нөмірі бірінші команда болдық, – деп еске алады Мұрат аға.
Жұматайдың ел қадір тұтатын тағы бір қыры, оның елгезектігі. Өзі құрған командасы тек доп қуып қана жүрмейді. Ауылдағы қарт кісілердің үйінің шөбін түсіруге, отынын жарып, суын тасып беруге жәрдемдеседі. Соның басы-қасында осы Жұматай жүреді.
70 жас жасаған адамның, соның ішінде бүкіл саналы ғұмырын адамдарға, қауымға арнаған адамның өмірі, әрине, шежіре. Жұмекең мал жинамағанмен, дүние шіркінге аса қызықпағанмен, осы біршама ұзын жолында сәулетті сарай тұрғызбағанмен, түптеп келгенде солардың бәрінен жоғары және азбайтын, тозбайтын абырой жинаған адам. Онысы бүгінде соңынан ерген ұрпақтарына да үлгі-өнеге болып отыр. Әке тағылымын алған балалары әр салада жемісті еңбек етіп, өз орталарында бедел жинап, адал еңбекпен келген несібелерінің жемісін теріп жүр.
«Бала-шаға» дегеннен шығады, Жұмекеңнің үйленіп, отау құруының өзі елден бөлек. Елдің бәрі болашақ жарын машинамен алып қашып жатқанда Жұматай қалыңдығын үйіне жаяу жетелеп келіпті. Алып қашқан түрі.
– Мен Жездідегі мектеп-интернатта бітірдім мектепті. Осы Қарсақбайға бешірге келгенбіз, құрбым екеуміз. Үш-төрт жігіт бізді айналсоқтап жүр еді, ойлары алып қашу екен. Қолымнан жетеледі де бешір болып жатқан үйдің жанындағы көрші үйге алып келді. Ел дайын отыр екен. «Кетем» дегеніме қаратпай алып қалды. Содан бері міне, сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығып келемін. Құдай берген бас-алты баламыз, оншақты немереміз бар. Сол жолы, айтқандарына көніп, кетпей қалғаныма еш өкінбеймін, – дейді Батимаш апа да ағынан жарылып.
Сөйткен Жұмекең – Жұматай Әбшөкенов 70 жасқа толып отыр. Жетпіс деген де бір биік шың. Ал, шыңға қалықтап қыран да, жорғалап жылан да шығады. Әңгіме кімнің қалай шыққанында емес. Әңгіме кімнің қандай жағдаймен шыққанында. Осы тұрғыдан келшенде кейіпкеріміздің бәсі көп адамнан басым тұр. Қарашаңырақтан басталған бала-өмір ешкімнің ала жібін аттамай тірлік кешіп, білігі мен білімін игі істерге арнаумен дана-ғұмырға жетті.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.