Зәуре Сәдуақасқызы ОМАРОВА Қарсақбай кентінде туып, өскен. Мемлекет және қоғам қайраткері. Еңбек жолын кен инженері мамандығы бойынша Қарағанды шахталарында бастаған. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Әлеуметтік қамсыздандыру министрі болып, мемлекеттік жоғары лауазымдық қызметтер атқарған.
Ұлы геологтан ұлағат
Қарсақбай туралы әңгіме қозғалғанда Қаныш есімі ауызға оралары заңдылық. Сәтбаевтардың үйі Зәуре оқитын мектептің жанында еді. Ол отбасынан бірнеше баланың оқитынын күнделікті көріп жүретін. Зәуре кейін есейе келіп білді, сөйтсе өз қыздарымен бірге туыстарының балалары да ол кісінің үйінде жатып оқиды екен.
Бала Зәуреге Қаныш Имантайұлы мен Таисия Алексеевна аса сұлу жандар болып көрінетін. Олар қыздарын ертіп алып, Қарсақбайдағы сән-салтанатты демалыс саябағына бара жатқанда Зәуренің үйінің жанынан өтуші еді. Сонда оларға қызыға қарап, кейде саябаққа дейін соңдарынан ере баратын. Әсіресе жазда биік өскен ағаштармен көмкерілген, көл жағасындағы әсем гүлдері құлпырған бұл саябаққа қарсақбайлықтар көп жиналып, сауық-сайран құратын.
Қарсақбай зауытында еңбек ететін әкесі Сәдуақас үйдегі балаларына Қанышты жер-көкке сыйғызбай мақтап әңгіме айтудан еш жалықпайтын. Ол оқу оқымаса да ана тілімен қатар орысшаға да сауатты еді. Балаларын жазу-сызуға үйде алдымен өзі үйретті. Қазақ және орыс тіліндегі газеттер мен кітаптарды отбасына дауыстап оқып беретін. Осылайша, геолог Қаныш Сәтбаевтың жүріс-тұрысынан хабардар болып отыратын. Оның әрбір жетістігіне ерекше ден қоятын.
Бірде әкесінің Қаныш туралы аса мақтанышпен желпінте айтқан әңгімесі Зәуренің жадында ұмытылмастай жатталып қалды. Мектепте де республиканың жиырма жылдығы қарсаңындағы мерекелік іс-шараларға дайындық қызу жүріп жатқан. Оқу озаты Зәуре соның бел ортасында еді.
– Несін айтасың, біздің Қаныш Мәскеудегі салтанатты жиналыста басты баяндама жасады, – деп сол күні әкесі үйде шаттана әңгіме бастаған. – Ол Қазақстан ғылымының жиырма жылдағы жеткен жетістігін сөз етті. Өздерің ойлаңдаршы, қарсақбайлық қатардағы геолог мүйізі қарағайдай академиктердің, геология ғылымының тарландарының алдында баяндама жасауынан асқан мақтаныш болар ма! Қаныш ешқандай ғылыми атақ-дәрежесі болмаса да небір ғалымдардың алдында өзінің терең білімі мен ғылыми өресін паш етті. Бұған қалай қуанбассың. Мерекелік алқалы жиында тек Жезқазған кен байлығы төңірегінде ғана емес, бүкіл байтақ даламызда жүргізіліп жатқан жұмыстарды шешендікпен баяндапты. Бір ғана сөзін келтірейінші. Республика геологтары атынан аса бір тұжырым жасап, қазақ даласынан Менделеев кестесінде бейнеленген барлық элементтерді табуға болады деп жар салуы қандай ғанибет! Міне, біздің Қаныш осындай мақтан тұтарлық азамат! – деген еді әкесі сол жолы аса толқи тұрып.
Республиканың жиырма жылдығы құрметіне орай 1940 жылы Қаныш Сәтбаевтың сол кездегі ең басты награда – Ленин орденімен марапатталғандығын да оларға ең алғаш әкесі айтып сүйіншілеген еді. Ленин орденінің иесіне салтанатты түрде табысталуы Қарсақбайда 1 Мамыр мерекесіне орай ұйымдастырылған болатын. Әдетте мереке күні өтетін еңбекшілер парадынан соң Қаныш аға мектепке келіп, оқушылармен кездесу өткізген. Сондағы қуанышты көңіл-күйге толы кездесу Зәуренің есінде мәңгілікке сақталып қалды. Оқушылар ол кісінің кеудесіндегі жарқыраған орденді неғұрлым жақынырақ көруге ұмтылған. Алғашқылардың бірі болып Зәуре де Қаныш ағаның қасына жақындап келген. Әйткенмен бойы қысқалықтан қанша мойнын созса да орденді анықтап көре алмаған. Зәуренің сол сәт қатты қиналғанын аңғарған Қаныш аға оны жерден көтеріп алғаны бар емес пе. Сонда ол Ленин бейнеленген орденді өз көзімен анықтап көріп қана қоймай сипалай ұстады да. Зәуренің қуанышында шек жоқ. Еш естен кетпес шаттыққа толы сәт еді ол.
Қаныш ағадай геолог болу Зәуренің арманына айналды. Әкесінің қалауы да осы болды. Сөйтіп ол Қарсақбай орта мектебін бітірген 1943 жылы үйдегілердің бірауызды ұйғарымымен Сәтбаев тәрізді инженер-геолог мамандығын алу үшін институтта оқуға бекем бел байлады. Содан соғыс жылдары Қарағанды қаласына қоныс аударған Днепропетровск кен институтына құжатын тапсырды. Өкінішке орай сол жылы геология факультетіне студенттер қабылданбады. Зәуре алған бетінен қайтпай, ақыры сол институтты 1948 жылы кен инженері мамандығы бойынша бітіріп шықты. Бұл жоғары оқу орны 1944 жылдың тамыз айында Днепропетровскіге қайта көшкенде қоштасып кеткен Қарағандыға енді дипломмен оралды. Зәуренің қолындағы еңбек жолдамасы «Карагандауголь» комбинатына еді.
Жас инженер қыздың еңбек жолы осылайша шахтада басталады. Жер асты жұмысы қайдан жеңіл болсын. Әйткенмен қаршадай қыз қиындыққа қарсы тұрды. Соғыстан кейінгі кезең ғой, алғашқы жылы үстінде қыс киетін киімі де болмай суық тигізіп алғаны бар. Оны қойып, таңертең тұра салып дала жолымен жұмысқа дейінгі екі сағаттық, ал кешке шахтадан үйге дейінгі және екі сағаттық жаяу жүріс әбден шаршататын. Сол сәтте Қаныш ағасының дала кезіп, кен іздегенде де осындай қиындықтарды жеңе білгенін өзіне медет тұтатын.
Институтты бітіретін жылы коммунистік партия қатарына қабылданған Зәуре Қарағанды қаласындағы өзі есепте тұратын аудандық партия комитетінің өзіне жүктелген тапсырмаларын орындауға да ынталы болды. Аудандық есеп беру-сайлау конференциясына делегат болып сайланады. Ол жиналыстарда жұмыс жайы қаралатын. Орын алған кемшіліктерді жас кен инженері Зәуре Омаровадан коммунист тұрғысында қатаң сұралатын. Не керек, шахта жұмысы бойынша жүйелі есеп беру ол үшін өзіндік мектепке пара-пар болған еді.
Бірде Зәурені Қарағанды обкомы шақырып алып, ауыр өнеркәсіп бөлімінің нұсқаушысы жұмысын ұсынды. Ол көп ойланбастан қарсылық білдірді. Өзіне шахтадағы инженерлік жұмысы ұнайтынын, басқа жұмысқа ауысу ойына кіріп-шықпайтынын айтқан. Обком бірер ай өткен соң және шақырсын. Алматыдан келген Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ауыр өнеркәсіп бөлімі меңгерушісі бөлім нұсқаушысы керек екенін айтқан. Сол жауабын оған да қайталап, келісім бермеген еді.
Жас кен инженері Зәуре Омарова өз жұмысын бар жан-тәнімен беріле атқарып жүрді. Аға буын әріптестерімен тығыз араласа жүріп, кәсіби біліктілігін шыңдады. Өндірістің тайқазанында пісіп, шынықты. Сөйтіп жүргенде жер астындағы жұмыстың үш-төрт жылы өте шықты.
Бірде оны «Карагандагипрошахт» жобалау институты жұмысқа шақырды. Шахталар құрылысын жобалау ісіне өндірісте тәжірибесі бар кен инженері керек екен. Сенім көрсетіліп отырған соң келісім беруіне тура келді. Екі жылдан кейін аға инженер-жобалаушы қызметіне көтерілді.
Бұл жылдарда индустриялық Қарағанды аймағы қарышты дамыған болатын. Тек көмір саласы ғана емес, әрі Балқаш, Қарсақбаймен бірге Жезқазған мысы, болашақ Жәйрем кәсіпорындары тобы, Қазақстан Магниткасы, сондай-ақ энергетика, машина құрылысы және басқа өндіріс жүйелері қарқынды даму үстінде еді. «Карагандагипрошахт» жобаларды, сызбаларды тек беріп үлгеруі керек. Сондықтан жобалаушылар уақытпен санаспай жұмыс атқарды.
Зәуре өз қызметімен қатар қоғамдық жұмыстарға да уақыт таба білді. Ол 1952 жылы екі жыл мерзімге Қарағанды қалалық Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ал 1953 жылдың қараша айында «Карагандагипрошахт» институты оны КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат етіп ұсынды…
«Жерден – ғарышқа»
Ж аздың бір күні таңертең Зәуре Сәдуақасқызының жұмыс кабинетіндегі телефон ұзақ шырылдады. Қалааралық байланыс сәтінде осылай қоңырау салынушы еді. Айтқандай, Министрлер Кеңесінің Төрағасы Д. А. Қонаевтың көмекшісі екен. Ол Алматыға жедел жетуі керектігін айтты. Бірауыз ғана сөз. Шақырудың мәнісін түсіндірген де жоқ.
Қарағандыдан сағат 12-де ұшып шығатын самолетке үлгерді.
Д. А. Қонаев Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметіне өзін лайықты көріп отырғандығын айтқанда Зәуре Омарова мұндай әңгімені еш күтпегендіктен тіпті сасып қалды. Димаш Ахметұлы сәл үзілістен кейін аузына сөз түспей қалған одан «Қалай, сіз келісесіз бе?» – деп сұрады. Зәуре өзінің кен инженері екенін, мұндай үлкен жұмысқа өресі жетпейтіндігін айта бастаған. Димаш Ахметұлы: «Сіз бекер келісім бермей отырсыз, бұл жұмыс қолыңыздан келетінін біз білгендіктен сізге айтып отырмыз», – деген. Осымен әңгіме аяқталды.
Ол сосын Зәуре Сәдуақасқызын Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Н. И. Беляевқа апарған. Димаш Ахметұлы бірден сөз бастап: «Жолдас Омарова біздің ұсынысымызға келісім бермей тұр», – деген. Бірінші хатшы келісім бермеу себебін сұраған. Зәуре алдында Қонаевқа айтқанындай, бұрын аппаратта, яғни басшылық қызметте жұмыс істеп көрмегендігін тілге тиек еткен. Бірінші хатшы: «Әбден ойланыңыз, бұл әңгімеге үш күннен кейін қайта оралайық», – деген.
Зәуре республиканың екі бірдей басшысының қысқа да болса нық сөздерінен өзіне үлкен сенім артылып отырғанын ұқты. Үй-іші де, жанашыр жолдас-жоралары да ақыл-кеңестерін айтып бақты. Айтқандарындай, үш күннен соң Н. И. Беляев шақыртты.
Сонымен 1958 жылдың 28 маусымында Зәуре Омарова Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасы Д. А. Қонаевтың орынбасары лауазымына бекіді. Қарағандыдағы аға инженердің Үкіметтегі басшы қызметке баруы «жерден ғарышқа ұшқанмен» бірдей болған еді.
34 жастағы қазақ қызының Үкімет басшылығы қызметіне баруы тегіннен-тегін емес болатын. Мұның сыры Зәуре Сәдуақасқызының халық қалаулысы ретіндегі қоғамдық жұмысына тікелей қатысты еді. Ол 1952 жылы алғаш рет Қарағанды қалалық Кеңесінің депутаты болған. Сол екі жылда сайлаушылардың талап-тілегін орындауда белсенділік таныта білген оны қарағандылықтар КСРО Жоғарғы Кеңесінің IV шақырылымына депутат етіп сайлады. Зәуре Омарова қатысқан бірінші сессия Мәскеуде 1954 жылдың сәуір айында өтті.
Жеке адамдардың өтініштерін орындаудың өзі оңайға түсе бермейтін. Зәуре қолға алған ісін қалайда ақырына дейін жеткізбей көңілі көншімеуші еді. Ал бір кәсіпорынға немесе тұтастай қалаға қатысты ауқымды мәселелерді Мәскеу арқылы шешуге тура келетін. Одақтық Жоғарғы Кеңес депутатының аса салмақты ғұзырын ұтымды пайдалана отырып, Мәскеудегі министрлерді «мазалауға» батылдық танытты.
Айталық, шахталарды газсыздандыру мәселесі. Зәуре Омарова шахтада еңбек еткен, кейін жобалау институтында жүрген жылдарда жер асты апаттары орын алғанына куәгер болған еді. «Карагандауголь» комбинаты «Карагандагипрошахта» институтымен бірлесе осы газсыздандыру проблемасын депутат тұрғысында шешуді өзінен өтінді.
Зәуре Сәдуақасқызы Мәскеуге осы мәселемен арнайы барды. Министрлер Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары М. Г. Первухиннің қабылдауында болады. Ол депутатты ықыласпен тыңдай келіп, бұл істің қиындығы газ трубаларын өз елімізде өндірілмейтіндігін, ал импорттық бұйымдар аз мөлшерде келетіндігін анық айтты. Сосын ол апарған хатқа үш мекемеге жіберуге бұрыштама қойды. Сөйтіп Сыртқы сауда министрлігіне, «Главгаз» бен Көмір өнеркәсібі министрлігіне тапсырма берді.
Іс мұнымен де бітпеді. Қарағанды обкомының хатшысы С. Я. Яковлев, комбинат директоры П. П. Иноземцев және З. Омарова үшеуі КСРО Көмір өнеркәсібінің министрі С. Я. Засядькоға кіруді ұйғарды.
Не керек, көп болып қолға алынған істің нәтижесінде төрт ай өткенде барып аз да болса алғашқы газ трубалары Қарағандыға жеткізілді. Сөйтіп газсыздандыру жұмысы басталды. Кеншілердің еңбек өнімділігі жоғарылады.
Қарағандыда телеорталықтың құрылысын салу мәселесі де оған берілген сайлаушылар аманатының бірі еді. Бұл іспен обком да, облатком да айналысқан. Бірақ еш нәтиже шықпады. Зәуре Сәдуақасқызы 1955 жылы Мәскеуге барғанда КСРО Байланыс министрі Н. Д. Псурцевке кірді. Министр депутатты жылы қарсы алып, шешіле әңгімелесті. Ол телеорталық бүгінде жеті-ақ қалада барын, одақтас республикалардың астаналарының бірде-бірінде жоғын, ал Алматыға 1957 жылы салу жоспарланып отырғанын айтты. З. Омарова қарағандылық кеншілер өз депутатының осы мәселені шешуін шыдамсыздықпен күтіп отырғанын ежіктей айтып, көптің өтінішінің орындалуына министрдің көмектесуін қиыла сұрады. Псурцев ағынан жарыла бұл мәселені шешудегі ең басты қиындық тележабдықтармен қамтамасыз ету екендігін, оны Радиотехникалық өндіріс министрі В. Д. Калмыков шешетіндігін айтты. Егер Калмыков Қарағандыға тележабдықтарды жеткізіп беруге келісім берсе, онда келесі жылы 1957 жылдың жоспарына құрылыс салуды енгізетіндігіне уәде берді. Сонымен астана Алматыдан бұрын телеорталық Қарағандыда салынып, 1957 жылдың екінші жартысында пайдалануға берілді.
Зәуре Омарова қатардағы депутат емес еді. Ол КСРО Жоғарғы Кеңесі Төрағасының қоғамдық жұмыс негізіндегі төрт орынбасарының бірі болып сайланды. Депутаттық қызмет бабындағы бұл міндет оның басқа одақтас республикалардан сайланған халық қалаулыларымен, Одақтық партия және үкімет басшыларымен жете араласуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар өзіне берілген сайлаушылар аманатын орындау жолында Мәскеудегі жоғары лауазым иелерімен, тіпті Н. С. Хрущевтің өзімен бетпе-бет жүздесті. Республика басшылары Зәуре Сәдуа-
қасқызының мәскеулік билік иелерімен таныс-білістігінен жақсы хабардар болды. Оған жоғары басшылық қызметтің ұсынылуының басты сыры осында еді. Өйткені республика халық шаруашылығының күрмеуін шешу көбіне-көп Мәскеудегілердің қолында.
Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасы Д. А. Қонаевтың орынбасары болған кезінде республика басшылары күткеніндей, Зәуре Сәдуақасқызының Одақтық ведомстволардың жоғары қызметкерлерімен таныс-білістігінің көп пайдасы тиді. Мәселен, кейбірін ғана айтар болсақ, шахталарды газсыздандыру ісін толықтай аяқтауға қол жеткізді. Алматыдағы телеорталықтың бой көтеруіне тікелей басшылық жасады. Ол осындай телеорталықтардың Қызылордада, Семейде, Петропавлда, Балқашта және Өскеменде салынуына тікелей ұйытқы болды… Оның орынбасарлық міндетіне коммуналдық шаруашылық, байланыс, автомобиль, теміржол, әуе және су транспорттары, спорткомитет, жол құрылысы және Мемлекеттік архив кірді.
Ол осы орынбасарлық лауазымды 1963 жылға дейін атқарды. Осы жылдарда Зәуре Омарованың іскерлік және ұйымдастырушылық қабілеті барынша танылды. Елге сіңірген еңбегіне берілген зор баға – 1960 жылы Ленин орденімен наградталуы. Сол мемлекеттік жоғары награданы алып тұрғанда мектеп оқушысы кезінде Қаныш ағаның кеудесіндегі осы орденді сипап, қуанған сәті есіне оралған еді…
Әке үмітін ақтау
Ө ткен өмірдің ұмытылмас сәттері көп. Зәуре Сәдуақасқызы, әсіресе, Әлеуметтік қамсыздандыру министрі қызметіне тағайындалған қуанышты сол күнді айрықша еске алар еді. 1966 жылдың шілде айы. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросы. Өзіне министр қызметі ұсынылды. Зәуре Сәдуақасқызы сол сәтте министр лауазымынан бұрын, тікелей әлеуметтік қамсыздандыру саласында жұмыс істеу ұсынылғандығына қатты қуанды. Оған бұл саланың жұмысымен Қарағанды қалалық кеңесінің депутаты болған кезінде сайлаушылардың өтініштерін орындау барысында бетпе-бет келген-ді. Содан бастап осы мәселемен етене айналысып келді. Одақтық Жоғарғы Кеңесінің IV және V шақырылымына депутат болған 1954 – 1962 жылдардағы халық қалаулысына табысталған аманаттың көбі осы салаға қатысты болды. Ұлы Отан соғысының зардаптары халыққа оңайлыққа түспеген. Тапшылық та көп, жетімсіздік те көп. Мәскеу майдан оты шарпымаған одақтас республикаларға, әсіресе Қазақстанға бюджет қаржысын тым мардымсыз бөлді. Депутат Зәуре Омарованы майдангерлердің, соғыс мүгедектерінің, қараусыз қалған балалардың жағдайы қатты алаңдататын. Жалпы мүгедектерге қатысты мәселелерді шешу қиынның қиыны болатын.
Зәуре Сәдуақасқызы Министрлер Кеңесіндегі қызметінде де халықтың әл-ауқатына, емделуі мен тұрмысына қатысты көкейтесті жайттарды күн тәртібінен түсірген емес. Одан кейінгі Алматы облыстық өнеркәсіптік атқару комитетінің төрағасы болған жылдарда да әлеуметтік мәселелерге баса көңіл бөлді. Өзі көптен біте қайнасып жүргендіктен де әлеуметтік қамсыздандыру жұмысы аса қиын екенін жақсы түсінді. Сол күрделі шаруаны шешуді басты міндетім деп білді. Министр ретіндегі жаңа қызметін неден бастау керегін де көкейіне түйген еді. Бірер жыл өте оң нәтижеге қол жеткізе бастады. Мәселен, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі қызметкерлерін қызмет орындарымен жабдықтау ісі республика бойынша оңалды. Бұл салаға кадрлар даярлау кең өріс тапты, мамандардың біліктілігін көтеріп отыруға жете көңіл бөлінді. Жер-жерде қарттар мен мүгедектер үйі көптеп бой көтерді.
Айта берсек, тілге тиек етер осындай жайттар көп. Мамандардың сол оң істерді көріп, тәжірибе алмасуға одақтас республикалардан жиі келе бастағаны тегіннен-тегін емес. Оны қойып, шетелдіктерге де мақтанышпен көрсетерлік дәрежеге қол жеткізілді.
Қашан да Зәуре Сәдуақасқызын әке өсиеті жігерлендіретін. Қиындықтарға тап болған кездерінде есіне оралып, күш беретін. Әке өсиеті әрқашан дем беруші еді. Днепропетровск кен институтына оқуға қабылданғанында алыс жолға шығарда әкесі:
– Балам, жолың болсын. Қаныштай геолог болуыңды қалап едім, оның сәті түспепті. Геолог болмасаң да, Қаныштай азамат бол. Қаныш ағаңдай намысты бол. Алдымен «қазақ қызы» деген атыңа кір келтірме. Ұлтыңның абыройын асқақтат. Еліңнің даңқын көтер! Ел болашағы – сендердің қолдарыңда, – деген еді Зәуреге.
Әкесінің сол бір айтқан сөзін жадынан еш шығарған емес. Намысқа тырысып бақты. Қандай да бір жетістікке қол жеткізсе, ол сол намысты қолдан бермеуінің арқасы деп біледі. Әке үмітін ақтағандай күй кешіп, мақтанышқа бөленген еді сонда бір.
1961 жылдың шілде айы болатын. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен Қазақстан әйелдерінің І съезі өтуі керек. Баяндамашы болып Зәуре Сәдуақасқызы белгіленді.
Баяндамаға дайындалу барысында танымал қазақ қыздарының өмірбаянымен жете танысқан. Ұлы Отан соғысында ерліктерімен көзге түскен қаншама қазақ қыздары болғанына сүйсінген. Кеңес Одағының Батырлары Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова, сондай-ақ майданда үш жүзден аса рет ұшып шығып, жауынгерлік батылдығын паш еткен ұшқыш Хиуаз Доспанова мен Ленинградты қорғаушылардың алғы шебінде болған Ақима Ақжолова туралы айтқанда қалай тебіренбессің. Мақтанышпен сөз етерлік қазақтың ғалым қыздары да, өнер жұлдыздары да баршылық.
Ал қазақтың көшбасшы қыздары ше? Бұл ретте ең алдымен мемлекет және қоғам қайраткері Алма Оразбаева ауызға алынбақ. Қоғам қайраткері Сара Есова халық ағарту қызметкерлері республикалық кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметіне дейін көтерілген. Мемлекет және қоғам қайраткері Шекер Ермағамбетова Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Төрағасының орынбасары болды. Мемлекет қайраткері Балжан Бөлтірікова әр жылдарда Қазақ КСР Сыртқы істер және Оқу министрі ретінде ел құрметіне бөленді. Қазақтың көшбасшы қыздарының арасында Үкімет басшысының бірі болған дәл Зәуре Омаровадай зор бедел иесі жоқ. Баяндамаға дайындалу барысында осыны ұғынған сәтінде бойын мақтаныш кернеп, әке үмітін ақтай алдым дегендей күй кешкен.
Зәуре Сәдуақасқызының еліне сіңірген қызметіне берілген зор баға – әр жылдарда алған мемлекеттік наградалары. Министрлер Кеңесінде қызмет етіп жүргенінде 1960 жылы Ленин ордені, Алматы облыстық атқару комитетіне басшылық еткенде 1967 жылы «Құрмет белгісі» ордені кеудесіне тағылды. Республика Әлеуметтік қамсыздандыру министрі лауазымын атқарған 14 жылдан астам кезеңде екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды. Иә еңбегіне орай құрмет-қошеметке бөленгенге не жетсін! Ал 2004 жылғы қараша айының 28-інде 80 жас мерейтойына орай Тәуелсіз елдің ең жоғары наградасы – «Отан» орденімен марапатталуының Зәуре Сәдуақасқызы үшін орны тым бөлек. Қарашаңырақ Қарсақбайдан қанаттанған қыз тек Ұлытау мен Қарағанды өңірінің ғана емес, барша қазақ халқының мақтанышына айналған.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.