«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ұлытау ауданына қарасты Қарсақбай кентіндегі Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Жаңартылған ғимаратты облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы арнайы барып көрді.
1925 жылы бой көтерген бұл ғимарат алғашында клуб үйі, 1953 жылы мәдениет үйі болып ашылған. 2012 жылға дейін «Қазақмыс» корпорациясының еншісінде болған кешен бірнеше мәрте жөндеуден өткен. Ал, 2023 жылы күрделі жөндеуге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық және аудандық қазынадан 123 млн теңге бөлінген.
Қарсақбай кентіндегі мәдениет үйінің меңгерушісі Айткүл Ибраеваның айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары тамыз айында басталып желтоқсан аяғында аяқталған. Жылу жүйесі жаңартылды. Жылы едендер төселді. Бұрын қандай суық болса, іші қазір өте жылы. Ғимараттың сырты металл сайдингпен қапталған. Есіктері ауыстырылған. Сахна мен ішкі төбелері жөнделген. Еденге қыш тастар төселген. Қазіргі таңда Мәдениет үйінде 8 үйірме жұмыс істейді, 16 адам жұмыспен қамтылған.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.