Қаныш Сәтбаев – металлогения ғылымы мен қазақ металлогения мектебінің негізін салушы. Бүгін, көрнекті ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы және тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлының туғанына 125 жыл толып отыр. Осынау мерейтойға орай біз Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі ірі мыс кені орнындарын ашу барысында өлшеусіз еңбек сіңірген дара тұлғамен үзеңгілес жүріп, бірге еңбек еткен жандардың естеліктерінен топтама беруді ұйғардық.
Маяковскийдің сөзімен айтар болсақ, Қарсақбай, Үлкен Жезқазған десек, көз алдымызға Қаныш келеді. Өйткені, Қаныш пен Қарсақбай, Үлкен Жезқазған егіз ұғым сияқты. Бірін атағанда, бірін айтпай кете алмайсың. Неге? Себебі, 1926 жылы қарапайым кен инженері болып келіп қазақтың ғылымы мен білімін, қара жерінің қазынасын, оны ұқсатудың жолдарын көрсетіп кеткен ұлт перзенті Қаныш Сәтбаев елге осы қарашаңырақтан бастап танылды. Шенеу шал (Шенеу Далабаев – І. Б.) айтқандай «Қалпағын қалдырып қашып кететін көп оқымыстының бірі болмады» Қаныш. Керісінше «туған жердің қара тасын да мақтан ете біліңдер» деп өсиет қалдырды ұрпағына.
Міне, осындай елім үшін, жерім үшін, халқым үшін деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, талай табалдырықты тоздырып, талай марқасқалармен теке тіресіп, қазақтай халықты ірі етіп көрсете білген ұлы тұлғаның 125 жылдық мерейтойы қарсаңында ол еңбек жолын бастап, күллі әлемге қара мыстың, қазақ мысының қазанын танытқан Қарсақбай жайлы айтпай кетсек әсте әбестік болар еді.
«Қарсақбай зауытын атаң арқалап әкелген
Байқоңыр кентінің тұрғыны
Қойшыбай ЫСМАҒҰЛОВТЫҢ әңгімесінен:
… 1914 жылдың қоңыр күзінде Байқоңырдағы шахта бастығы өңкей қарулы, жас жігіттерді конторға шақырып, Жосалыға жүресіңдер деді. Тез жиналып аттанып кеттік. Қырық ру елден құралған екі жүз жігіт болдық. Жасым сол жылы жиырмаға шыққан, жолдастарым да – «Сен тұр, мен атайын!»…
Қырық жігіт Жосалыдан шыққан қара жолдың алдын тегістеп қыршып отырады. Он екі жігіт ышпалға қағылып, өзара байланған қос рельсті вагоннан түсіріп тұрады. Тағы он екі жігіт оны көтеріп апарып, тегістелген жерге қоямыз. Мен көбіне соңғы он екінің ішінде болдым. Бөркімізді иыққа қойып, «Раш, дуа!» деп іле жөнелгенімізде, сендерге өтірік, маған шын, шайқақтағанымызбен құлаған емеспіз. Ағылшын бастық өңкей қарулы, бойлары бірдей жігіттерді рельс көтеруге таңдап қояды.
Осылайша таңнан тұрып, қас қарайғанша темір жол төсейміз. Барлық рельс төселіп болған соң керуен басы, ағылшын Картоф паровоздарды қыздыруға бұйрық береді. Бес паровоз бірдей будақтап, ышқына айқайлап, соңындағы сансыз көп вагондарды сүйрей жөнелгенде, құдауанда, мұндай күшті кім көрген, жүздеген жігіттің екі-үш ай жер тегістеп, рельс арқалап жүріп азаппен төсеген он үш шақырым жолын екі-ақ сағатта өтеді. Сонсоң керуен-пойыз тоқтайды. Біз болсақ сор бейнетке қайтадан кірісеміз…
Не дейін, өстіп үш жыл алысып, ащы терімізді шығарған бұл керуенді де ақыр аяғы Қарсақбай ашасына әкелдік… Осы күні немерелеріме «Қарсақбай зауытын Қойшыатаң иығымен көтеріп әкелген» десем сенбейді. Күлкі қылады. Ал шындығында осы сөзімде бір мысқал өтірік бар ма?
«Біз білмейтін асыл іздемесе көріне ме?»
Ұлытаудың байырғы тұрғыны
Күзеубай ЖИДЕБАЕВТЫҢ әңгімесінен:
Жайлаудан қайтқан мезгіл. Қара күз. Сымтас деген жерде қыстауымыз болатын, соның іргесінде отырғанбыз. Құдық басында тұр едім, ауылға қарай сау желіп келе жатқан бес-алты салт атты көрінді. Карта сызып жүрген жемтемір (землемерлерді қазақтар осылай атаған – І. Б.) болдың деп шамалап тұрмын. Талайы келіп жөн сұраған, талайын бастап жүріп жол нұсқағам.
– Ассалаумағалейкум!
Бәрекелді! Жемтемірлер қазақшаға судай деп кім ойлаған?! Пормалы борашке (фуражка – І. Б.) киген, сырықтай ұзынтұра жігіт жақындап келіп атынан түсіп сәлем берді. Үңіле қарасам – өзіміздің қазақ баласы.
– Жол болсын, інім. Танымасам, айыпқа бұйырма.
– Кен іздеушіміз. Мына кісілер – Ленинградтан келген қонақ мамандар. Өзім Мәскеуден шықтым. Ныспым – Қаныш.
– Бәрекелді, Қаныш шырақ. Қазақ баласының да жемтемір болып, өз жерін өлшеуге жеткені – қатарға ілінгені десеңші. Қадамың қайырлы болсын!
– Күзекең отағасы сіз боларсыз?
– Шаруаңды айтсаң, Күзеубай да табылып қалар…
– Сарысу бойына жер шолып барамыз, жолбасшы болсаңыз деген тілек айтамыз…
Ағылшынға жолбасшы болғанда, орыстармен тамыр атанғанда, өзімізден шыққан азаматқа қызмет көрсетпейтін не көрініпті маган?! Қуана келістім де:
– Серіктеріңді үйге шақыр. Сусын ішсін, – дедім…
Сол күзден былай Қанышпен ағайынды кісідей дос болып кеттім. Бұл өңірде табанымыз тимеген тау-тас, ат суармаған бұлақ бар дейсің бе, е, ол да бүгін естен кетпес өткен іске айналды… Тобылғылы, Айбат, Миқайнар, Шалғия, Қаражалға дейін, бір шеті Манақа, Қызылтас, Қызылжарды сол сапарда, енді біразын келесі жылдарда армансыз шарладық, қарағым. Қанекең атқа шыдамды. Қасындағы серіктері ұзақ жүріске төзе алмай Жезқазғанға қайтып кеткенде сыр берген жоқ, сабаз. Ақыр аяғында екеу болып араладық. Екі кісі әлденеше күн кең даланы кезгенде айтылмайтын сыр қала ма? Менің айтатыным – ел әңгімесі, оқымысты серігімнің сөзі – жер мен дүние әңгімесі. Осылайша сырласумен күн ұзартып, түн қата жүріп, талай жерді сүздік. «Осы күнгінің саққұлақ тыңшысы – геолог» дер еді Қаныш. Онысы рас. Бұлақ, өзенге кезіксе, аттан түсіп, су жағасын жаяу шарлап, кейде алақанымен құм сүзіп, сағаттар бойы қараудан жалықпайды. Тауға шықса, балғасын тықылдатып тас қашаумен болады…
Тама еліндегі Жамантауға барғанда айтқанын қалай ұмытарсың? «Күзеке, бүған да соға жүрелік. Жаман тау ма әлде жақсы тау ма екен, білгеніміз жөн гой» деп әдейі бүрылып, бір күн қона жатып, асықпай көріп шыққан соң: «Біздің халық жер атауға шебер. Мына тау рас жаман болды. Не үстінде, не астында қазына жоқ, ит байласа түрғысыз, жел қыдырған панасыз жер екен» дегенін қалай ұмытасың?!. Мен сонда естілердің бір сөзін есіме алып: «Күлтөбеге қазына көмдім, қымбаты үстінде, арзаны астында» деген екен бүрынғылар. Қаныш шырақ, сен осы қолыңдағыны қомсынып, жерде жоққа қызығып жүрмегейсің. Кен асылы шығып жатқан Жезқазғанды қарамай, қу медиен мына даладан не іздейсің, нендей үміт күтпексің?» дегенімде, айтқыш еді-ау, сабаз, қолма-қол термелеп: «Таза, мінсіз асыл тас су түбінде жатады, өлмейтұғын асыл сөз ой түбінде жатады. Су түбінде жатқан тас жел толқытса шығады, ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады» деп Бұқар жырау атамыз тектен-тек айтпаған болар, бұл даланың біз білмейтін асылы іздемесе, көріне ме?» деп сөзден тосып еді мені.
Алғашқы сапарда екеуміз, ұмытпасам толық бір ай ат үстінде болдық…
ТҰЛҒА ЖАЙЛЫ АЙТЫЛАР ӘҢГІМЕ КӨП
Ғұламаның шыр етіп жарық дүние есігін ашқан күнінен өмірден өткенге дейінгі кезеңін, яғни тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмірін зерделей зерттеп, артында мол мұра қалдырған жазушы Медеу Сәрсекенің еңбектерін парақтай отырғанда дара тұлғаның даласын құлай сүйгенін, бір тал шөбі мен бір түйір тасын қалай мақтан еткенін ұғыну қиын емес. Ол, әсіресе, халқының даналығы мен данышпандығына да марқая білген. Оны жазушы да бүгінгі ұрпаққа ұғынықты етіп жеткізеді.
«Ұлытауға тұңғыш сапарында-ақ ол Жезқазғанның арғы-бергі тарихына зер сала үңілген – кен шыққан төбелердегі барлау жыраларын аралап жүргенде де, Кеңгір бойындағы көне қазбаларды, кен үймелерін көрген сәтте де, төңіректегі ерте заман ескерткіштерін тамашалап, ел аузындағы аңыз-әңгімелерге құлақ түргенде де…
Жас зерттеушіні ең алдымен таңғалдырған жұмбақ жайт – кен орнының таңғаларлық аты еді: Алтынқазған, Күмістөбе, Қорғасынды, Темірші, тіпті Жезтөбе де емес, осы заманның геологиялық кеңесі жан-жақты ғылыми талқылап, он ойланып, жүз толғанып шешкендей – Жезқазған деуі (Жез болса – мыс қоспасы, сол себепті қазақтар мыстан жасалған бұйымдарды жез атымен атаған. Мысалы, жез леген, жез самауыр). Демек «Жезқазған» атауын оған кен көзін ашқан барлаушы геолог емес, халық қойған. Қашан, қай заманда?
– Ұлытау қазақ ұлысының кіндік ортасында түр. Ілгері заманда осы жерде («Күлтөбеде күнде жиын» деген сөз, сірә, содан қалған, біздің пайымдауымыз-ша, ол – Қаракеңгір өзенінің бойындағы Алаша хан мазарына ұрымтал тұрған тақиядай еңселі төбе) қазақтың игі жақсылары, дана билері бас қосып, ел арасындағы дау-шарға билік айтқан, құрылтай ашып, ақ киізге салып билеуші хандарын көтерген… – деп сыр шерткен-ді көнекөз қарттар Қанышқа ел аралаған сапарында», деп жазады Медеу Сәрсеке өзінің «Қазақтың қанышы» атты деректі ғұмырнама романында.
«Өңің өзгермей босамайсың»
Бұрғылаушы Халық ТЕМІРБАЕВТЫҢ
әңгімесінен:
Кеңгір бойында азын-аулақ мал ұстап, жазда қыстаудан екі жүз шақырым ұзап, егін салып, піскенше соны бала-шағаға күзеттіріп жан асыраған шаруақор ауыл едік. 29-жылы егініміз көктей күйіп кетті. Малды қазынаға одан бұрын бергеміз… Күнкөрістен үміт үзілген соң күзге салым Жезқазғанға қарай жосыдық. Сорқұдық басында ағаш мосымен жер тескен орыстарға барып, жұмыс сұрап сенделіп жүргенімізде, орысша киінген, күнқағары жалтыраған қазақ жігітіне кез болдық. Жайымызды айтып едік, ойланып түрды да: «Кіші жұмыскерге алғызайын» деді.
Қанышпен осылай таныстым. Достығымыз, бір-бірімізге ықылас, сыйластығымыз сондай – мені Қаныш «Хал-аға» десе, мен оны «Қан-аға» атандырдым. Қиында табысып, қуанышта айырылған жанбыз… Мен келгенде бурабайда (буровой – М. С.) он шақты қазақ жігіті істейді екен. Біздің ауылдан қосылғандармен қарамыз көбейді. Кездескен сайын Қан-ағаң, ешкімге жаттығы жоқ жан, хал-жайымды, балашағаның амандығын тәптіштеп сұрайды. Шақшасын суырып насыбай ұсынады, не өзімізден атады. Кейде жымиып тұрады да: «Жігіттер, бір күзге жалдандым деп ойламаңдар. Бурабайдан енді құтылмайсыңдар, өңіңді ескіртпей біріңді де босатпаймын. Жұмыстың қиыншылығына көнбей, оңайына жете алмайсың» дейтін.
Бір күні әлденеге түнеріп келді.
– Анау ішкі жақтан келген кәнігі жұмыскерлердің қимылынан көз жазбай қарап жүріңдер. Олар не істесе, сендер де соны қайталай беріңдер. Бұлар үйіне қайтқанда, станокқа өздерің ие боласыңдар, – деп бізді біраз ширатып кетті. ;
Сабаз біліп жүр екен. Қар түсе келімсектер кете бастады. Ыстаноктың құлағына өзіміз түрдық. Ә, дегенде қиын-ақ болды. Орыстардан көргенімізді қайталап бағамыз. Бірақ, өндіре алмадық. Сыну жиі, тұру көп. Дайын ұңғыманы бүлдіріп, сынарядты құрдымға түсіріп алып, неше күнгі бейнетті бір-ақ сағатта зая етіп, қайтадан бастаймыз. Қанекең мені шу дегеннен бір ыстаноктың мастері етіп тағайындаған. Қайбір жетіскеннен қойды дейсің. Кісінің жоқтығы да. Метр ағаштың сызығын айыра алмаймын. Тескен жерімді өлшегенде піләнке ағашты шегемен сызып белгілеп қоямын да, өзімді ауыстыратын кісіге көрсетіп, қағазға түсіртем. Кілттерді де өзім қойған аттармен айтамын. Разводной кілтті «кіркәділ» деуші едім…
Жұмысты бірақ жақсы істедік. Уақытпен санаспай, ертелі-кеш дамыл көрмейміз. Қан-ағаң бурабайға келе қалса жатсынбай, жертөле үйде қона жатып, түні бойы әңгіме шертетін. Бойымыз үйрене келе сұрасақ,«өңіңді өзгертпей» дегені зейнетке шығатын кезімізді нұсқағаны екен…
(Естеліктер Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» деректі ғұмырнама романынан алынды).