Өткен жолға қарап отырсам, Жезқазғандағы жарқын кездерімнің жиырма жылға жуығы бұрынғы «Жезқазған туы», кейінгі «Сарыарқа» газеті редакциясының қарашаңырағында өтіпті. Ол уақыттағы қоғам басқа, заман бөлек. Қай саладағы болмасын кадрларды іріктеп, орналастыру мәселесінің барлығын партия органдары шешетін кез. Бүкіл облыс көлеміндегі журналистерді «жатқызып-тұрғызатын» облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімін өзіміздің Сәкең, СағындықҮсенұлы Қожамсейітов басқарған тұста журналистер қауымы да ол кісінің тікелей назарында болатын. Содан облыстық газеттің партия тұрмысы бөліміндегі Мақұлбек Рысдәулетов партия мектебіне екі жылдық оқуға кетіп, обкомдағы үгіт-насихат бөлімінің ұсынысымен мен 1985 жылдың күзінде осы жетекші бөлімнің меңгерушілігіне аудандық газеттің редакторы болып жүрген жерімнен шақыртумен келдім.
Облыстық газеттің басшысы Сабыр Сауытбаевпен бұрыннан сәлеміміз түзу болғанмен, қарамағына келіп қызмет істеудің жөні бөлек еді. Редактордың бірінші орынбасары Сапабек Мырзатов, екінші орынбасары Көбейсін Еңсебаев, жауаптыхатшы Балтабек Әбеуовсынды басшылардың есімдеріне де сырттай қанықпын. Сайлаухан Нәкенов ағамыз бұл кезде бөлім меңгерушісі екен, кейіннен редактордың орынбасары болды. Барлығы жарқын көңілмен, жатырқамай қарсы алды. Мен келген күз айы партия ұйымдарындағы есеп беру-сайлау науқаны басталған кез болатын. Обкомның бірінші хатшысы Давыдов және басқа да хатшылар мен облатком төрағасы қатысатын жиналыстарға міндетті түрде бару керек. Ол туралы материалдар шұғыл жазылып, келесі нөмірге салынуға тиіс. Шыны керек, оңай болмады. Оның үстіне Жезқазған мен Сәтбаевтың үйқұрылысы комбинаты, темір-бетон зауыты сияқты кейбір кәсіпорындарының қай жерде екенін де таба алмай, жиналыстан қалып қоймас үшін алғашқы уақытта такси іздеп шарқұрған сәттер көп болды. Сонымен қатар, пленум, партия конференцияларының материалдарын редактордың орынбасарлары бастаған екі-үш адам тікелей машбюрода отырып «диктовкамен» айтамыз. Парткомдардың жұмысын көрсету, белсенділердің іс-тәжірибесін тарату сияқты жоспарлы жұмыстар және бар. Кәсіподақ пен комсомол да осы бөлімде. Газет ол кезде аптасына бес реет шығады.
Совет құрылысы бөлімін басқаратын Серікгүл Алтайбаева, хат бөліміндегі Ескен Қасенов ағай, ауылшаруашылығындағы Сұлтан Әлиев, мәдениет пен әдебиет бөліміндегі ШахмұратИбадатов, ақпараттағы Бақыт Балғарина сынды әріптестерімізбен аралас-құралас болып, тіл табысып кеттік. Насихат бөліміне меңгеруші болып Ұлытаудан Нұрперзент Домбай келді. Ол кездегі тілшілер қауымы да осал емес. Батырбек Мырзабеков, Әлібек Әбдірашев, Қасым Орынбетов, Дәметкен Ахметова, Сара Смағұлова, Рәзиға Әшеева, Сағынкүл Жантурина, Сәуле Нүрекенова сияқты қалам қарымдарымен ерекше көрініп жүргендер еді. Бұлар сол кездің өзінде кез-келген бөлімнің құлағынан ұстауға дайын отырған журналистер болатын. Редакцияның штабы саналатын секретариатта Төлеш Асанов, Мәулетхан Ақсанов, Бибіаят Үсенова отырды. Кейін олардың қатарынаАманғали Әбуов, Бекежан Нұрғазин деген азаматтар келді. Балқашта Шәкен Мұсаханов, Ақтоғайда Қасымқан Қаленов, Жаңаарқада Қалиакпар Әбілдин деген меншікті тілшілеріміз өңір тынысын мүмкіндігінше жеткізіп отыратын. Бір айтарлығы, редакция жұмысының қайнаған қазаны сияқты, біреу келіп, біреу кетіп дегендей, журналистер қатары да үнемі жаңарып, толығып жататын. Өзіндік қолтаңбалары қалған жігіттердің көбі есімізде. Телевидениеден Аманжол Үсенова ғамыз, 1988 жылы «Торғайтаңынан» Ибрагим Бекмаханов, Жаңаарқадан ақын Ғалым Жайлыбаев, Көкшетаудан 1990 жылы Абдолла Дастанов, Қарағандының «Орталық Қазақстанынан» Базарбай Әлеуханов, мұғалімдіктен Ғазиз Ештанаев, баспасөздегі құпияны сақтау қызметінен Қуаныш Сиқынбаев, Шет ауданының газетінен Жағыпар Қарабалаев, Камаш Сейталина, жазушы Төкен Әлжанов келіп, ортамыз толған кездер болды. Жергілікті жоғары оқу орнының тіл-әдебиет факультетін бітірген соң редакцияға келіп еңбек жолын бастаған Әнуар Омаров пен Асылхан Сәдуақасов та «Жезқазған туынан» қанаттанған азаматтар. Фототілшілер де есте. Газеттегі суреттің маңыздылығы сонша, екі фототілші болатын. Кәмілбек Бәкіров пен Сейітжан Отызбаев. Кәмекеңмен талай іссапарларға бірге шығып едік, марқұм өмірден ерте кетіп қалды. Кейін моңғол елінен келген журналист Қуандық Шамақай деген азамат жылға толар-толмас бізде істеді.
Ұжымда қатарлас жүрген ұстаздарымыз көп болды. Бас редактордан бөлек, редактордың орынбасарлары Сайлаухан Нәкенов пен Сапабек Мырзатов, жауапты хатшы Балтабек Әбеуов, партия мектебінен соң ортамызға оралып, жауапты хатшы болған Мақұлбек Рысдәулетов сияқты аға буын өкілдері қолға алған дүниені тартымды да кесек жазудың қыр-сырына біршама бойлатып бақты. Редактор тарапынан да бөлім жұмысынан тыс, шұғыл тапсырмалар болып тұратын. Бірде Сабкең кабинетіне шақыртып, обком жақтан оралса маңғазданып, әр сөзіне үлкен мән бере сөйлейтін әдетімен: «Жезді ауданының потребсоюзына келген үнді шайын басшылар бөліп алған көрінеді. Обком сол жөнінде тез арада әшкерелейтін фельетон жазыңдар деп тапсырма берді. Соған сен барып кел» деді. Сын мақаланың кімге болсын жайсыз тиетіні белгілі. Дау-дамайы көп болады. Соған орай әрбір сөйлескен адамнан түсініктеме жаздырып алып, істің мәніне бажайласам, бас-аяғы бір жәшік шайды саудаға түсірмей банкіге апарып бөліп алған. Ішінде аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, банк басшысы сияқты лауазым иелері бір-екі килодан алған. Жоғары жақтың тапсырмасын орындау керек, келе сала «Қолынан келді, қонышынан басты» деген фельетон жаздым. Бүгінгі көзқараспен қарар болсақ, түкке тұрмайтын жай нәрсе. Ал, ол уақытта партия арыз-шағымға сергек қарайтын.
«Жезқазған туының» бір ерекшелігі, мұндакей бір басылымдарда кездесетін айтыс-тартыс, дау-дамай деген болған жоқ. Ұжымның бірлігі жақсы болды. Тек жоғарыға түскен бір домалақ арыздың салдарынан қайта құру кезіндегі жариялық белең алған тұста Сапабек ағамыздың қисынсыз жапа шеккені болмаса. Еңбек жолын аймақтағы алғашқы басылымдардың бірі «Қызыл кеншіден» бастап, «Строитель Большого Жезказгана», «Советтік Қарағанды» газеттері мен телерадиохабарлары жөніндегі комитете жұмыс жасаған С. Мырзатов көпті көрген, көңілге түйгендері мол салиқалы адам еді. Алғашқы келген кезімде әріптестердің біразы: «ойбай, Мырзатовтан байқа» дегенге мен жайсыз адам ба деп ойлайтынмын. Сөйтсем, тәртіпті, әділдікті жақтайтын дұрыс басшы екен. Кейбіреулер сол тік мінезділігінің «екпінінен» қаймығады-ау деймін. Кейін мен «Мысты өңір» газетінде бас редактор болған кезде осындай өзіммен етене бірге жұмыс істеген, Жезқазған аймағындағы журналистика мектебін қалыптастыруға еңбектері сіңген, бүгінде арамызда жоқ танымал журналистердің есімдерін жаңғырту мақсатында орынбасарым Абдолла Дастанов екеуміз бірлесіп бес номинация бойынша шығармашылық бәйге жарияладық.
Әр салаға қатысты тақырыптарды қамтыған осы бәйгеде кезіндегі «Жезқазған туының» сардар журналистері Сабыр Сауытбаев, Сапабек Мырзатов, Сайлаухан Нәкенов атындағы сыйлықтар болған еді. Шығармашылық конкурсқа бір шеті Балқаш, Теміртау, енді бір жағыҰлытау өңірлерінен бас-аяғы отызға тарта мақала түскен болатын. Қалған екі номинациядағы сыйлықтардың бірі көзі тірісінде «Сарыарқа» газетінде Ұлы даланың Ұлытауы туралы тарихи мақалаларын үзбей жариялаған қажырлы қаламгер Қуаныш Ахметов атындағыбәйгеболса, екіншісі қалалық газеттің таралымын ұйымдастыруда ерекше еңбегімен танылған журналист Ақылбек Шайхы ағамызды еске алуға арналғантын. Бәйге қорытындысы 2010 жылғы Баспасөз күні қарсаңында шығарылып, жеңімпаздар марапат пен арнайы дипломдарға ие болды. Бізмарқұмдардыңрухынақолданкелер осы шараларарқылы бас иіп, есімдерін ел есіне салып жаңғыртқан едік. Қазір мұның өзі де тарихқа айналып барады.
Амандық РАХҰЛЫ.