Баспасөз саласының ардагері, Қазақстанның Құрметті журналисі Амандық Рахұлы бүгінге дейін қаламын қаңтармай, осы салада жарты ғасырға жуық еңбек етіп келеді. Бірнеше газетке басшылық жасады, журналистикадағы ұзақ жылғы еңбегі жемісті болды. «ҚР Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін омырауына тақты, Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының лауреаты атанды, қала әкімі тағайындаған «Мамандық майталманы», «Мамандығына адалдық» номинациялары дипломының иегері болды. Былтыр Президент Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.
Кәсіби мереке қарсаңында шындықты шырақ етіп ұстаған әріптесіміз Амандық РАХҰЛЫМЕН журналистика саласына қатысты мәселелерді қаузап, кеңінен әңгіме-дүкен құрған едік.
– Аужеке, қамшының сабындай қысқа ғұмырдың ондаған жылын осы салаға арнағаныңызға өкінбейсіз бе? Әлде, журналист болу өмірдің жөн-жосығын түсіне бастаған жасөспірім шағыңыздан көңіл түпкіріне қонақтаған арманыңыз ба еді?
– Ондаған жыл деген бері шығар, менің бүкіл саналы ғұмырым осы баспасөз саласына арналды десек болады. Әңгімені әріден бастар болсам, мектеп қабырғасында жүргенде бұрқыратып мақала, өлең жазып, оларын газеттерге толассыз жөнелтіп, жарияланып жатса желпініп жүру біздің буындағы әріптестеріміздің көбісінің басынан өткен ортақ жағдай емес пе? Сол үрдіспен мен де жетінші-сегізінші оқып жүргеннен бастап аудандық «Жаңаарқа» газеті арқылы біршама «танымал» болып қалған едім. Ауылда «тілші бала» атандым.
Жазғандарымды пошта арқылы жібергенім болмаса, оныншы оқығанша редакцияға баруға батылдық жасап, ойлап көрмеппін. Содан не керек, мектеп бітіретін, 1969 жылдың көктемінде неге екенін білмеймін, бір көлемділеу жазған мақаланы өз қолыммен тапсырмақ ниетпен аудандық газет редакциясының есігін жүрексіне ашқан едім. Бір қабатты жұпынылау ғимараттың шағындау дәлізінде даурығыса сөйлесіп тұрған үш-төрт адамды көргенде не әрі, не бері жүрерімді білмей, абдырап тұрып қалдым.
«Шырағым, кімді іздедің, неге келдің?» деген олардың сауалына жөнімді айтқаным сол еді, шұрқырасып сала берді. «Пәлі, сен біздің өз тілшіміз екенсің ғой, зіңгіттей үлкен жігіт екен деп жүрсек, сен әлі оқушы ма едің?» деп, бірден іштартып әкетті. Кабинеттердің біріне бастап, аз-кем сөйлескен соң өздерін де таныстырып жатыр. Ақырын күліп, әдеппен сөйлейтін аққұба өңді, ашаң кісінің Қалиакпар Әбілдин екенін білдім. Редактордың орынбасары екен. Әріптестерін әзіл-қалжыңмен түйреп тұрған сымбатты келген мұртты жігіт – Марал Хасенов, жауапты хатшы. Ол кездегі редактор белгілі қаламгер, марқұм Бұқпа Әшімов болатын.
Осы таныстығымыз менің редакцияға корректор болып жұмысқа тұруыма себеп болды. Мектеп бітірісімен КазГУ-ге оқуға бармақ ниетпен жолдама сұрап барған едім. Редакция басшылары үгіттеп, ойымды өзгертіп жіберді. «Болашақта журналист болу үшін корректорлықтан бастаған дұрыс, газеттің бүкіл ішкі жұмысына қанығасың. Келесі жылы журфакқа жолдамамен барсаң бірден түсесің» деп үміт отын жаға түсті. Мүйізі қарағайдай қаламгерлердің айтқанына ұйып, корректордың немен шұғылданатынын толық білмесем де белді бекем буып, іске кірістім. Ағаларымыз айтса айтқандай, оқуға кеткенше бір жыл корректор болғаным маған үлкен мектеп болды. Аптасына үш рет шығатын газеттің қатесін түзеумен ғана шектеліп отырмай, газет шықпайтын күні мені теміржол кәсіпорындарынан мақала жазып келуге жұмсайды, енді бірде «үйрене бер» деп хат қорытқызатын. Шынын айтқанда осының бәрі кейін дипломды журналист болғанда қиналмай, газет жұмысын бірден үйіріп әкетуіме оң әсерін тигізді. Корректорлықтан бастаған жолым тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, редактор сияқты газеттегі барлық лауазымдар бойынша қызмет атқаруыма ұласты. Сондықтан, журналистік мамандықты мен жасымнан әрі жүрек қалауымен таңдадым десем болады. Оған бүгінде еш өкінбеймін.
– Кеңестік кезеңдегі де, тәуелсіздік тұсындағы да мерзімдік баспасөздің «жілігін шағып, майын іштіңіз». Шаруашылық есеп пен нарықтық қатынастарға негізделген қос қоғамдағы журналистиканың өзіндік ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
– Қоғам өзгерген соң көзқарас та, айтар пікір де өзгереді ғой. Өзің жақсы білесің, кеңестік заманда газеттер Компартияның органы болды. Соған орай партияның сөзін сөйлеу партия алға қойып отырған міндеттер мен нұсқауларды бұқараға жеткізу басты міндет болатын. Шопан туралы немесе механизатор туралы жазылатын мақаланың өзі партия съездерінің шешімдерімен сабақтастырып жазылатын. Ол кездегі бір көңілге қонатын жай – ел газет оқитын.
Алыстағы ауыл еңбеккерінің өзі облыстағы журналистерді газетке жазған мақалалары арқылы жақсы танып, біліп отыратын. Сондай-ақ, газет көтерген көкейкесті мәселелер мен сын мақалалар аяқсыз қалмайтын. «Сынап едік, қорытындысы қандай?» деген айдар есте болар. Тиісті басшылар газет сынына байланысты жауап беретін, кемшілікті түзету үшін шаралар белгілейтін. Дегенмен, ол кездегі журналистер еркін тақырыптарға бара алмайтын, әсіресе, ұлт мүддесін көздейтін жайлар жабық күйінде қала беретін.
Тәуелсіздікке қол жеткен соң көзқарас та, айтар сөздің әуені де өзгерді. Халқымыздың басынан өткен түрлі зобалаңдар мен тарихтағы ақтаңдақтар туралы бүкпесіз ашық жазуға мүмкіндік туды, ұлттық салт-дәстүрлеріміз кеңінен насихатталып, ұлттық мүдделер басты тақырыптарға айналды. Бір сөзбен айтқанда, журналист үшін еркіндік кезеңі келді. Бірақ, еркіндік келген екен деп ауа жайылуға да болмайтыны белгілі ғой.
Кейбір сондай бағыттарды ұстанған басылымдар да болды. Оқырман тарту үшін не болса соны жазып, сонымен қатар шенділерді шенеп, билікке жұдырығын безеп жазатындардың бәсі біраз жүріп тұрды. Дегенмен, сауатты оқырман, зиялы қауым ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін кешікпей-ақ ажыратып алды. Ақиқатты ашып жазатын, тақырыбын тереңдеп зерттейтін журналистердің мақаласы көп оқылатын болды. Баспасөз құралдары арасында бәсекелестік өріс алды.
Бүгінде көріп жүргендей, нарықтық қатынас кезіндегі бәсекелестік пен қаржы қиындығына төтеп беру көптеген газет-журналдардың басты проблемасына айналып отыр. Мен баспасөз саласында еңбек еткеннен бері үш газеттің бас редакторы болдым. Соның бірі кеңес одағы кезіндегі аудандық газет болатын. Жоспарлы экономика кезеңі ғой, ол уақытта редактор ретінде газеттің саяси мазмұны болмаса, қаржы мәселесіне бас ауыртқан емеспіз.
Ал, кейінде осы Жезқазғандағы екі газетке басшылық жасаған кезді өзің білесің. Қаржы табу үшін көп қарекет жасап, біраз қиыншылықтарды бастан өткердік. Әсіресе, 2008 – 2014 жылдар аралығында аймақтық «Мысты өңір» апталығының бас редакторы болған кезде бізді сырттан қаржыландыратын ешкім болмады. Бірыңғай таралымнан және шамалы жарнамадан түсетін қаржымен күн көруге тура келді. Ол уақытта қазіргідей тендерге түсу үрдісі де болған жоқ.
Ашық қоғам жағдайында адамдарды қазір бір нәрсемен таңғалдыру мүмкін емес. Әлем елдерімен еркін қарым-қатынас орнады. Оның қоғамдық пікірге, ой-санаға тигізетін әртүрлі әсерін де көріп жүрміз. Осы жағдайда өз жолыңды, өз бағытыңды таба білу маңызды. Жалпы, бүгінде журналистер үшін жабық тақырып жоқ сияқты. Бірақ, бас жібіңді үзіп, құрылтайшының құзырынан да шығып кетуге болмайды. Солай дегенмен де, жазатын журналист үшін қазіргі заманда көтеретін тақырып көп. Қисынын келтірсең, қолыңды ешкім қақпайды.
– Оқырман қауымның ойындағы түйткіл тақырыпты тайсалмай көтеретін, сөйтіп бұқаралық мінберге айналған мерзімдік баспасөзді «төртінші билік» деп төбемізге көтереміз. Мұны неге айтып отырмын? «Қазір жедел жаңалық заманы» деген желеумен ақпаратты айналдырып кеттік, талдамалы материал тасада қалды. Мен кейде «сондай сүйекті материал жазатын журналист жоқ-ау!» деп те ойлап қоямын. Әлде, қателесіп отырмын ба?
– Негізі журналист ақпаратты қалай жазу керек екенін білуі керек. Газеттің жарты бетін алатын мақалаға бергісіз, бір қаралық ақпараттар болады. Факт дерегі мол ақпарат құнды болатыны белгілі. Ал, жылт еткен жаңалықты жалаң хабарлайтын ақпараттардың көбейіп кеткені рас. Бұл тұрғыда әлеуметтік желілердің өзі жеделдік танытуда теледидардан да озып кетті. Ал, аптасына бір-екі рет шығатын газеттердің оған ілесуі тіпті қиындап барады. Осы жағдайда оларға қарағанда газеттің үлкен мүмкіншілігі – тақырыпты терең әрі жан-жақты талдау материалдарын жазу арқылы ұту болып табылады.
Рас, журналистік зерттеуге әркім бара бермейді. Ол үлкен еңбекті әрі мұқият дайындықты қажет етеді. Мәселен, бір тақырыпты зерттеу үшін жоспар құрудан бастап, ақпаратты жинау, оларды жүйелеу, дерек көздерімен салыстырып жұмыс істеу, дәлелдер мен құжаттарды жинақтау, тақырыпқа қатысты басшылардан сұхбат алу сияқты көптеген жұмыстарды қамтыған соң барып, сүйекті мақаланы талдап жазуға тура келеді. Көптеген әріптестеріміз осындай бірталай уақытын алатын мехнатқа бара бермейді, жеңіл-желпі желдіртіп жазып кетеді. Газет үшін журналистік зерттеу мен талдау материалдары аса қажет. Баспасөзбен тағдырын байланыстырған журналистер осыған машықтануы керек деп ойлаймын.
– Аужеке, жаңа сөз арасында әлеуметтік желілер туралы айтып қалдыңыз. Қалай ойлайсыз, әлеуметтік желілер шынайы ақпарат құралының орнын баса ала ма?
– Иә, қазіргі ақпараттық технология дамыған кезеңнің жемісі деуіміз керек, бізде әлеуметтік желілер де ақпарат құралы ретінде кеңінен қалыптасып келеді. Алайда, дәстүрлі баспасөз құралдарына қарағанда әлеуметтік желілердегі кәсібилік, ақпараттың шынайылығы әлі пісіп-жетілмегенін байқап жүрміз. Алып-қашпа, үстірт пікір білдіру, жалған ақпарат тарату орын алып барады. Олардың көбісі дереккөздер мен оқиғаның мән-жайын түпкілікті анықтау үшін жауапты мекемелерге жүгініп, шынайы ақпаратқа қол жеткізуге жете мән бере бермейді. Фейк ақпараттар жиі кездесетіндіктен, шындығы қайсы, өтірігі қайсы деп көпшілік дал болады.
Мен өзім әлеуметтік желіні әлі толық ақпараттық құрал деп қабылдай алмай жүрмін. Пікір алмасу алаңы деуге болады. Оның құнын не болса соған жағаласып, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін «диван батырлар» мен өресі төмен сауатсыздар одан әрі түсіріп тұр. Әлеужелі қоғамға іріткі салып, дүрбелең тудыратын дүниелерден аулақ болса деймін. Дәстүрлі баспасөз құралдары әлеуметтік желідегі сайттары арқылы жұмыстарын жандандырып, осы олқылықтардың орнын толтыруы керек сияқты.
– Сөз соңында біздің ізбасарларымыз – жас журналистерге бағыт-бағдар берерлік қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз? Өз тәжірибеңіз туралы да ортаға ой тастап өтсеңіз?
– Негізінде, барлығы мамандығыңды жүрек қалауымен таңдауға байланысты ғой деп ойлаймын. Журналистік мамандықты еш негізсіз, грантқа немесе басқадай себеппен таңдап, диплом алып шығатын жастар бар. Мен редактор болып жүргенде сондай жастардың бір-екеуінің жұмыс сұрап алдыма келгені бар. Оларға бір тақырыпты айтып, сол бойынша мақала жазып көрші деп тапсырма беріп едім, содан үшті-күйлі жоғалып кетті. Яғни дипломы бар, бірақ мақала жаза алмайды. Журналист болу үшін диплом емес, адамға туа біткен талант керек. Қаршадай жас кезінен жазуға, шығармашылық ізденіске бейімі бар бала ғана журналист болуды ойлағаны жөн.
Біздің уағымызда КазГУ-дың журфагына құжат тапсыру үшін ең әуелі газет-журналға шыққан оншақты мақалаң болмаса маңайлатпайтынын өзің білесің ғой. Сол кездегі талап өте дұрыс еді, біз осыдан айрылып қалдық. Сонымен қатар, қазір журналист мамандығына жастардың аса қызықпауының бір себебі, бұл саланың жалақысы мардымсыз. Күнкөріс жайын ойлаған адам мұнда келе бермейді. Ал, біле-білген жанға бұл мамандық – аса қастерлі. Осыдан бір ғасырдай бұрын Марк Твен деген америкалық қаламгер былай депті: «Дүниеге жарық беріп, сәуле шашатын екі-ақ күш бар. Оның бірі – аспандағы күн, екіншісі жердегі – журналист». Қандай керемет баға! Мен өз мамандығымды мақтан тұтқанда осы сөзді жиі еске аламын.
Қалам ұстаған адамның, яғни журналистің құралы – сөз. Сондықтан, жас журналистер сөзді дұрыс қолдануға мән беріп, айтар ойына аса сақ болуы керек. Тіл өткір, тіл терең, тіл құдірет. Осыны естен шығармаған жөн. Кейде ойлайсың, сөз киесін ескермейміз. Көпе-көрнеу көлгірсіп жазу, көпіртіп мақтау көп. Жабыны – тұлпар, қарақұсты сұңқар ете салатын жазғыштар бар. Қатардағы қарияны Абыз, оншақты баласы бар аналарды Ел анасы атандырып жазғандарды да көрдік. Осындайдан сөз қадірі кеміп барады.
Теледидар жүргізушілерінің сөз қолданысына дұрыс мән бермей, қалай болса солай сөйлейтіні бір басқа әңгіме. Олар мыңдаған көрермен көріп отырғанын елеп-ескермейтін сияқты көрінеді кейде. Мысалы, сараптама орталығынан сөз алған журналист: «Кеш жарық, Бауыржан» десе, «Қош келдің, Динара!» деп, екеуі бірін-бірі жаңа көргендей мыңдаған көрерменді қаперге алмай сөйлесуі қаншалықты жарастықты. «Кеш жарықты» жөн білсе көрерменге айтпай ма. Мұны еске алып жатқаным, саладағы жас журналистердің қаперінде болсын дегенім ғой.
Түйіндеп айтқанда, журналист жауынгер сияқты, үнемі кез-келген оқиға мен қарбалас жағдайдың алғы шебінде жүреді. Көргенін, білгенін, алған әсері мен ой-түйіндерін сол мезетте жедел жеткізуге, былайша айтқанда, «аттың жалы, түйенің қомында» жүргендей жылдам жазуға тура келеді. Алайда, қаншалықты асығыс, жедел жазғанымен қалам иесі аталы сөз айтпаса оның еш бағасы болмайтыны белгілі. Сондықтан сөз бағасын түсірмейік, оқырманды ұйытатын ойлы сөзіміз көп болсын!
Әлібек ӘБДІРАШ.