Тау-тасты кезіп кен іздеген геолог Қаныш Сәтбаев өз дәуірінің тыныс-тіршілігінен сыр шерткен публицист те бола білді. Ол бұл бағыттағы бейімін байқату үшін емес, ұлтына мысқалдай болса да септігі тисін деген мақсатпен қолына қалам ұстағанын аңғаруға болады.
Қазақ тілінде алғаш алгебра оқулығын жазды. Абай шығармаларының бастапқы бір басылымына редактор болды. Ер Едіге туралы жырға алғысөз, түсініктеме жазып, жинақ етіп бастырды. Мұрын жырау мен Қырымның қырық батырын халқымен қауыштырды…
1920 жылдан қалам қарымын көрсеткен ол 1926 жылы институт бітіріп келгесін, өнеркәсіп тақырыбына құлаш сермеді. Индустрияландыру науқаны тұспа-тұс келген кезеңде түсті металлургияның өсіп-өркендеуіне геолог, публицист ретінде аянбай атсалысты. 1928 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында «Қарағанды, Спасск зауыттарының қазіргі күйі мен келешегі» (№ 1-2), «Тұрлан кендерінің шамасы және келешегі» (№ 4-5), «Қарсақбай зауытында мыс өндіру және оның келешегі» (№ 8-11) деген салмақты мақала жариялады.
Кен орнының арғы-бергі тарихын зерттеген ол өткені мен бүгінгісін безбендеп, келешегіне көз жүгіртті. Кеңес өкіметі кезіндегі тағдырына, жай-күйіне талдау жасады. Мәселен, Спасскіде 1919 жылға дейін 16 млн. 800 мың пұттай кен өңделіп, 3 млн. пұттан аса таза мыс алынған. Россияда кен кәсібі өркендеген 1913 жылы өндірілген барлық мыстың оннан бір бөлігін Спасск берген. Аймақта Қайрақты, Алмалы, Ақшоқы, Бесшоқы сияқты кен орны бар. Егер осының жартысы игерілсе, 1 млн. 500 мың пұт таза мыс алуға болады.
Ол жер қойнауы жаратылысын, ондағы түсті металдар табиғатын терең ашып, кәсіби тұрғыда білгірлікпен жазды. Қазба байлығының бітімін, орналасуын былай сипаттайды: «Нілді мысы сынап сияқты майысқақ… Кен тастары басында сұйық күйінде тереңнен қайнап шығып, жердің үстіңгі қыртысындағы жарыққа келіп қатқан», «Тұрлан кені де жер сілкінуден пайда болған жер жарығының бойында жатыр. Кеннің денесі төңкерілген астау сияқты. Тереңдеген сайын енін кеңейтіп отырады».
Жас ғалым кен құрамынан да мол мағлұмат береді. «Нілді кенінің ең қажеттісі – тұнба борнит. Одан 25-28 процентке дейін таза мыс өндіріледі. Америка мыс кендері 1,7-2,5 % қана таза мыс береді. Ағылшындар 200 метрге шейін тереңдеп, осы борнитті алып отырған. Нілді кенінің әрбір тоннасында 60 пұт мыстан басқа 5 мг. алтын, 582 гр. күміс және пайдалы мышьяк бар» дейді ол. Табиғат тынысын терең түсініп, кәсіби тұрғыда тап басып, «соқырға таяқ ұстатқандай» етіп талдау осындай-ақ болар?!
Геолог жазбасы – әр кеннің орналасуын, географиялық көрінісін, немен шектеліп, қайда жалғасып жатқанын көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп елестететін публицистика. Ол кен ошағын атап, оны іске қосу қажеттігін айтып қана қоймайды, соны қалай жүзеге асыруға болатынын, не істеу, қандай шара қолдану керектігін саралайды. Олардың қазіргі жай- күйін талдап, қалай жүргізудің жолын көрсетеді. Кен бұрғылайтын құрал-сайман алуды, шахта құрғатуды, кіре тартуды, жұмыс күшін жалдауды, отын-сумен қамтасыз етуді қаржыландырудың тиімді көзін ұсынады.
Мәселен, Қарсақбай – Жосалы кірежолымен жылына 7-7,5 мың пұт жүк тасуға болады. Бұл өндірісті ойдағыдай өркендетуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан, Жосалы – Қарсақбай, не Көкшетау – Қарсақбай, әйтпесе Ақмола – Қарсақбай, болмаса Ақмола – Жезқазған – Бірқазан кең табанды теміржолын салуды ұсынды. Әрқайсысының тиімді, тиімсіз жағын саралады.
1934 жылы 26 ақпанда «Казахстанская правда» газетінде жарияланған мақаласында Кеңес Одағындағы кенге бай, ең қуатты өңір Жезқазған екенін атап көрсетті. Оны одан әрі зерттеп, жаңа көздерін ашуға шақырды. Оның кен құрамында қорғасын, қалайы, күміс өте аз, оны байыту, таза мыс алу өте тиімді, арзанға түседі. Өйткені, өте тереңде емес, 150 метрге дейін игерілген, механикаландырылған. Ұзындығы 14км., ені 2км., қалыңдығы 15-20 метрлік кен жынысы қабат-қабат болып жатыр.
«Казахстанская правда» газетінің 1934 жылғы 6 маусымдағы санында «Қазақстандағы Родезия» деген ортақ тақырыппен бет ұйымдастырады. Онда «Мыстың әлемдік қоры» және «Су бар» деген мақала жариялап, Жезқазғанды Африкадағы атақты мыс кені орны – Родезиямен қатар қояды. 35 жыл зерттелген Родезияда кен қорының 9 млн. 750 мың тонна екенін, ал жеті жыл ғана зеттелген Жезқазғанның қоры соған жақындағанын мақтаныш етеді. Родезия 700 метр тереңдікке дейін зерттелгенін, Жезқазғанның ең терең зерттелген жері 285 метр екенін ескертеді.
Оның архивінен табылған мына хатының қолжазбасы ғалымның тың ой-пікірі, қалам қарымы басқа басылымды да қызықтырғанын көрсетеді: «Социалды Қазақстан» басқармасына! Сұрауларыңыз бойынша суретімді, оған қоса 3 мақала жіберіп отырмын. 1. Қазақстанның мысы. 2. Жезқазғанды қолға алатын уақыт жетті. 3. Ұлытаудың табиғат байлықтары, оларды пайдалану жолдары. Бұл мақалалар орыс тіліндегі газеттерде басылмақ. Сіздер қазақшаға аударып, басып шығарсаңыздар, дұрыс болар еді. Құрметпен, Сәтбайұлы Қ. (қолы) 21.09.1935».
Ақын Ә. Тәжібаев Қ. Сәтбаев туралы былай депті: «Ол ұлы ақын еді. Ол желдің, судың тілін түсінетін, далада жатып жердің алып жүрегінің қалай соққанын тыңдайтын» («Егемен Қазақстан», 01.01.99ж.). Қаныш Сәтбаев-
тың «Социалды Қазақстан» газетінде 1935 жылы 9 қазанда жарияланған «Ұлытау аймағы» деген көсемсөзіне көз жүгіртсеңіз оған Сіз де иланасыз. Онда ол туған елінің, шалқар жерінің жаратылысын, табиғатын тап басып таныған.
Әлібек ӘБДІРАШ.