Бүгінде Жезқазған қаласы бойынша саябақтардың күтімсіздігі, көше жолдары мен алаңдардың келеңсіздігі туралы сын көп айтылатын болды. Оның басым бөлігі Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің атына бағышталуда. Бұл күрделі саланы қамтитын бөлімнің тынысы мен жұмысын бейнелеп айтқанда жанып тұрған өрт десе болғандай. Өйткені қала шаруашылығына қатысты қордаланған проблемалардың дені осы салаға қатысты.
Бұрынғыдай емес, қоғам қазір жаңару үстінде. Адамдар талапшыл, кемшілікке төзбейтін жағдай қалыптасуда. Көшенің тазалығы, автожолдардың күтімі мен жөнделуі, жасыл желектің суарылуы, түн қараңғылығында шамдардың дұрыс жануы сияқты қала көркі мен жайлы тұрмыс ахуалына қатысты шаруалардың барлығы қоғам белсенділері мен тұрғындардың жіті назарында. Талап қою дұрыс. Ал, осы кемшіліктердің негізгі себептері неден болып отыр? Біз соған назар аударғанды жөн көрдік. Мәселенің мәнісіне үңіліп қарар болсақ, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеудің тетіктері жоғарыдан бастап дұрыс ұйымдастырылмайтынын аңғаруға болады. Қазір қай істі қолға алса да әкімдік құрылымдары тендерсіз аяқ басып жүре алмайды. Айлап өткізіліп, амалдап жұмысын бастайтын осы тендер айналасында әртүрлі айла-шарғылардың көп екені байқалып қалып жүр. Конкурс барысында 100 миллионға бағаланған жұмысты 50 млн. теңгеге істеймін деп ұтып алғандар өзін де, тапсырыс берушіні де сандалтып қоятын жағдай жиі кездеседі. Оның ішінде қала шаруашылығына қатысты жобалар мен жұмыстардың барлығы ойдан-қырдан құралған мердігер ұйымдарға байланысты. Бір қызығы, бұлардың жұмыс ауқымына қажетті техникалары мен құрал-жабдықтары да бола бермейді. Осыдан барып конкурсты жеңіп алған мердігерлердің көбісі өздеріне тиісті жұмыс көлемін талапқа сай сапалы атқармауына байланысты айқай-шу шығуда. ТКШ және АЖ бөлімі жыл сайын өз міндетін шала-шарпы, шалағай атқаратын мердігерлерді сотқа беріп, дау-дамаймен жүретін кездері аз емес. Осындай жағдайларды көргенде бұрынғы «Қалалық автожолдар басқармасы» КМК мен «Жезтазалық» ЖШС болған кез бүгінгіден әлдеқайда тиімді ме деген ойға келесің. Олардан жұмыс барысын сұрау да, талап ету де ыңғайлы болатын. Ендеше конкурс жариялап, оншақты мердігер ұйымды жұмысқа тартқанша қала шаруашылығымен айналысатын неге бір-екі коммуналдық кәсіпорын құрмасқа?
Сөйтсек, коммуналдық кәсіпорындардың болуы кәсіпкерлікке мемлекеттің қатысуын шектеу туралы заңның талаптарына қайшы келетін көрінеді. Президенттің қол қоюымен 2015 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданған болатын. Бұл заңның негізгі принциптері мемлекеттік компаниялардың үлестес құрылымдарды құруын шектеуді, мемлекеттің бизнестік экономика салаларына араласпауын және монополияға қарсы органдардың ролін күшейтуді көздейді. Осы принциптерге сай келмейтін мемлекеттік компанияларды жекешелендіру талабы бойынша біз қала шаруашылығын біршама жинақылықпен атқарып келген Қалалық автожолдар басқармасынан (УГАД) және жасыл желектерді күтіп ұстап отырған «Жезтазалық» шағын кәсіпорны сияқты құрылымдардан айрылып қалып отырмыз.
Жоғарғы билік пәрмені бойынша енгізілген бұл өзгеріс мүмкін, ұлттық холдингтер мен ірі компаниялардың бәсекелестікке ықпалын азайтуда тиімді болуы мүмкін. Ал, Жезқазған сияқты моноқаладағы коммуналдық шағын кәсіпорынды жекешелендіру мақсатында таратып жібергеннің пайдасын жұрт көріп отырған жоқ. Қала шаруашылығына қатысты істердің барлығын мердігерлердің несібесіне береміз деп қыста автожолдардың қары мен мұзы дұрыс аршылмайтын, жазда көшелер мен саябақтарымыз қоқыстардан арылмайтын болды. Бюджеттен бөлінген миллиондаған қаржы айналып келгенде бәрібір мердігер ұйымдарға төленіп жатыр. Осы ахуалға қарағанда «артық қылам деп, тыртық қылған» жоқпыз ба деген ой келеді. Негізі бізде жоғарыда отырған ұлықтар үлкен қалалар мен мегаполиске тән реформалардың шағын қалалардың тірлігіне сай келе бермейтініндігін жете ескермейді. Науқаншылдық көзқарас басым. Мысалға, пәтер иелері кооперативінің (ПИК) орнына қазір мүлік иелері бірлестігін (МИБ) құру міндеті алға қойылуда. Бұл құрылым зәулім сарайлар мен тұрғын үй кешені шоғырланған астанада ыңғайлы болғанымен, көп қабатты үйлері шағын, пәтер сандары аз біздің қала деңгейінде оның жұмысын қалыптастыру көптеген проблема мен қиыншылықтар туғызары анық. Жоғарыдан түскен пәрменді жергілікті атқарушы билік дұрыс болсын, бұрыс болсын талқылап отырмайды, орындауға күш салады. Жә, бұл енді басқа мәселеге тән әңгіме, негізгі тақырыбымызға оралайық.
Биылғы жылы қала шаруашылығын қамтамасыз етудегі жұмыстармен кімдер айналыспақ? Оларға қарастырылған қаржы мөлшері қандай? Қаланың ТКШ және АЖ бөлімінің қазіргі деректері бойынша, бұл бағыттағы жұмыстарға қатысатын мердігер ұйымдар әлі толық анықтала қоймапты. Сонымен қатар, кейбір конкурс нәтижесі бойынша жеңімпаз мердігер белгілі болып, жұмыстарына кірісіп жатқандары да бар. Мәселен, орамішілік аумақтарды тазалаумен айналысатын мердігер ұйым ретінде «Арша» сауда-өндірістік компаниясы» анықталды. Орам ішіндегі тазалық жұмыстарын мердігерге жүктеу биыл бірінші рет енгізіліп отырған көрінеді. Жыл сайын суы ақпай, ағаштары қурап дабылдатып жататын істің бірі – қала көшелеріндегі жасыл желектерді күтіп ұстау. Оның жұмысына биыл бюджеттен 58 млн. теңге қарастырылыпты. Жақында бұл жөніндегі конкурс жеңімпазы Тараз қаласының «Қанағат» мүгедек спортшылар» ҚБ-і мердігерлік ұйымы болғаны белгілі болды. Енді жаз бойы жасыл желектерді суарып, күтіп ұстаумен осы ұйым айналысуға тиіс. Сондай-ақ, ескерткіштер мен шағын сәулет мүсіндерін, алаңдар мен аллеяларды күтіп ұстауға қаралған 48 млн. теңгенің жұмыс көлемі бойынша да жеңімпаз осы «Қанағат» болып отыр. Гүлзарларға гүл отырғызу үшін бюджетте 46 млн. теңгедей қаржы қарастырылған. Бұл лот бойынша конкурс жүріп жатыр. Жеңімпаз әлі анықталған жоқ. Ал, суару құбырларын күтіп ұстау үшін қаралған 25 млн. теңгенің конкурсын Шымкент қаласының «Магнат Строй» ЖШС ұтып алды. Жолдарды күтіп ұстау бойынша да конкурс әлі жүріп жатыр. Оған 200 млн. теңге қаржы қарастырылған. Қаладағы 2 саябақ, Металлургтер алаңы және Ғарышкерлер бақжолын күтіп ұстау бойынша мердігер ұйым ретінде «Еңбек» мүгедектер қоғамы анықталған екен. Бұл мердігердің нәпақасы да олқы емес, 60 млн. теңге көлеміндегі бюджет қаржысын игеруге тиіс. Мердігерлер еншісіне тиесілі басқа да жұмыс көлемі мен қарастырылған қаржы баршылық. «Даму Ниет» деген мүгедектер қоғамы зират аумағының қоқысын тазартып, күтім жасаумен айналысатын болыпты. Бұл жұмыстардың сыртында облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге қаржы бөлініп, 6 көшеге, жергілікті бюджеттен 387 млн. теңге бөлініп, 2 көшенің жолына орташа жөндеу жасалады. Асфальты ойылған көшелердің ой-шұңқырларын бүтіндеуге 138 млн. теңге қаржы қарастырылған.
Ал, ендігі басты мәселе осы жұмыстарды мойнына алған мердігерлер өз міндеттерін қалай атқарады? Сапасыз немесе шала-шарпы атқаратын мердігерлердің де аз еместігін өткен жылдың жұмыс қорытындысы көрсеткені анық. ТКШ бөлімі өз ісіне ықылассыз қараған мердігерлермен бүгінге дейін соттасып жүруі соның айғағы. Тендерді ұтып алған соң атқарар міндетіне жауапсыздықпен қарағандардың салдарынан қыста қала жолдары мұз бен қардан аршылмай қалып шу тудырса, асфальт жамылғысын сапасыз төсегендердің кесірінен орташа жөндеуден өткен жолдарды қайтадан қолға алып дұрыстауға тура келуде. Осының барлығы тендер жариялап, мердігерлермен жұмыс істеуде басқаша тәсіл енгізу, немесе жүйені түбегейлі өзгерту қажеттігін көрсетеді. Қазіргі жағдайды байыппен саралар болсаңыз, біз кәсіпкерлікті дамытамыз деп жемқорлыққа, сапасыз жұмыс пен келеңсіздікке жол ашып отырған жоқпыз ба деген ой туады.
Бүгінде қоғам мен экономика саласындағы қалыптасқан бұрынғы әдістерге басқаша қарап, орын алған қателіктерді түзету қолға алынуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамды саяси трансформациялаумен қатар экономиканы қайта жаңғыртуды да бірге алып жүру мақсатын алға қоюда. Жаңа Қазақстанды құру жолында реформалармен қоса, өткенге жаңаша көзқараспен қарау қағидаты қалыптасуда. Кезінде орынсыз жекешелендірілген компаниялардың үлесін мемлекет қолына беруге мән беріле бастады. Мәселен, Үкімет жақында теміржол саласындағы кірме жолдарды мемлекетке қайтару туралы қаулы қабылдады. Осындай өзгеріс кезеңінде мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу мәселелері жөніндегі заңға өзгеріс енгізуді де қарастыру керек шығар. Шалағай мердігерлердің жем жейтін астауына айналған тендердің тетігін басқа арнаға қалай бұрамыз? Қала шаруашылығы қалжырамасын десек осы тұрғыда басқаша бетбұрыс қажет. Ол үшін қала, облыс деңгейіндегі атқарушы билік органдары тарапынан Үкіметке, Парламентке сындарлы нұсқадағы ұсыныстар дайындаған жөн-ау.
Амандық РАХҰЛЫ.