Қай саланың болсын экономикасын өрге бастырып, табысын еселеуде қаржыгерлердің, экономистердің қызметі маңызды рөл атқарады. Біз әңгіме өзегіне айналдырып отырған Жезқазған мыс қорыту зауытындағы жоспарлау-экономикалық бөлімі өндіріс ошағы өндіретін өнімнің сұраныстағы құнын арттыруға қызмет жасап келеді.
Бөлім басшысы Анар Шалабаеваның бұл салаға келгеніне 14 жыл толыпты. Қазақстан – Ресей университетін экономист мамандығы бойынша тәмамдаған ол әуелі Жезқазған мыс қорыту зауытындағы күкірт қышқылы цехында экономист болды. Анар Ізтілеуқызының осы бағыттағы нәтижелі еңбегін ескерген басшылық 2014 жылы жоспарлау-экономикалық бөлімнің тізгінін ұстатты. Он жыл ішінде іскер басшы ретінде бөлімнің қызметін өрге бастырып келеді.
Анар Шалабаева ең алғаш еңбек жолын бастағанда мамандықтың қыр-сырын меңгерткен тәлімгерлері Гүлнар Жүсіпова, Валентина Деменко, Сәуле Байбұханова сынды майталмандардың жақсылығын әсте ұмытпайды.
– Жас маман болып келгенде мені қолдап, бағыт-бағдар берген ұстаздарымның ілім, білімдері көп көмек болды. Әрқайсы бір-бір мектеп ретінде білмегенімді үйретті. Тәжірибелі мамандардың арасында жүріп шыңдалдым. Мен осы үш кісінің маған деген жақсылығын ұмытпаймын, – деп сөзін бір қайырған Анар Шалабаева мамандығы жайында былайша ой бөлісті.
– Жоспарлаушы экономист кәсіпорында ұтымды шаруашылық қызметін ұйымдастырады, кәсіпорын қорларының есебін жүргізеді, даму жоспарын жасайды, шикізаттың, ресурстардың қажетті көлемін есептейді. Экономист – бұл экономикалық саланы зерттейтін, мәліметтерді талдайтын, компанияның қаржысын жақсартудың стратегияларын әзірлейтін, кірістер мен шығыстарды жоспарлайтын, нарықты зерттейтін, өнімнің бағасын және ақшалай тәуекелдерді анықтайтын маман. Сондықтан біздің жұмысымыздың жүйелі болуы зауыттың табысқа жетуінің кепілі деп бағаланады, – деді ол.
Анар Ізтілеуқызы іскерлігімен, жұмысты ұйымдастыра білу қабілетімен қоса осы салада шәкірттер дайындаған маман. Оның тәлімінде шыңдалған Қамажай Бірманова, Жанэль Айтмұқанова, Ханзада Аяғанова «Қазақмыс» корпорациясының құрылымдық бөлімдерінде жемісті еңбек етіп келеді.
Анар Шалабаева металлургтер әулетінен шыққан экономист. Оның әкесі Ізтілеу Базылбекұлы ұзақ жыл Жезқазған мыс қорыту зауытында еңбек етті. Қазір ардагер. Өмірлік серігі Ержан Таңсықбаев «Қазақмыс» корпорациясында заңгер болып еңбек етуде. Анар Ізтілеуқызы мен Ержан Қайдарбекұлы үш бала тәрбиелеп отыр. Тұңғыштары Іңкәр студент болса, Эмир мен Томирис мектеп жасында.
Мамандыққа деген адалдығымен көзге түсіп, іскер басшылығының арқасында бөлім жұмысын нәтижеге жеткізіп отырған Анар Шалабаеваның талапшылдығы мен кәсібилігі көпке үлгі.
Жоспарлау-экономикалық бөлімінде бүгінде 6 қызметкер бар. Солардың қатарындағы І санатты экономист Динар Нұрақашеваның саладағы еңбек өтілі 10 жылды құрайды. Халықаралық көліктік-гуманитарлық университетінен экономист дипломын алған Динар Әбдірашитқызы бірнеше жыл «Транко Жез» ЖШС мекемесінде еңбек етті. Кейіннен зауыттың жоспарлауэкономикалық бөліміне ауысты. Динар Нұрақашева мамандығының қырсырын бізге былайша баяндап берді.
– Зауыттың бір жылдық кірісі мен шығысын бағдарлап, нәтижеге жұмыс жасауға көңіл бөлеміз. Анар Ізтілеуқызы бастаған ұжым қазір 2025 жылдың жоспарын әзірлеу үстіндеміз. Атқарып отырған жұмысымыз қызықты әрі өзіне тән қиыншылықтары да бар. Соған қарамастан зауыт өндіретін өнімнің әлемдік нарықта сұранысқа сай болуына өзіміздің үлесімізді қосудамыз. Есеп-қисаптың көп болған кездерінде жұмыстан үйге кеш оралатын сәттеріміз де болады. Кейде демалыстарда да жұмыстан табыламыз. Осындай сәтте түсіністік танытып, қолдау білдіретін отағасыма алғысым шексіз.
Бөлімдегі экономистер Алла Баширханова, Әсел Есенова, Ханзада Аяғанова, Әлия Әбелдинова сынды білікті мамандармен бірлесе жұмыс атқарып келеміз. Анар Шалабаеваның басшылығының арқасында біз 2024 жылды сәтті қорытындылап, нәтижеге жетудеміз, – деді Динар Әбдірашитқызы.
Динар Нұрақашева ұжымында білікті, жоғары санатты маман болса, отбасында аяулы ана, асыл жар. Динар Әбдірашитқызы 5 баланы тәрбиелеп отырған ардақты ана. Оның жолдасы Алмаз Нұрақашев мыс қорыту зауытының жөндеу-механикалық цехында мастер болып еңбек етуде. 17 жасында темір жонушы болып цехқа қабылданған Алмаз Нұрақашев мастер дәрежесіне көтерілді.
Өндіріс бір орында, бір қалыпта тұрақтап тұрмайды. Оның дамуы мен құлдырау кезеңдері экономикалық жағдайларға байланысты. Осындай сәтте зауыт өндіретін өнімнің кірісі мен шығысын алдын ала жоспарлап, сол талапқа сай жұмыс жасауда біз сөз еткен бөлім өзіне жүктелген міндетті табысты атқарып келеді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.