Өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілінің бірегейі, үш бәйтеректің бірі Бейімбет Майлин қысқа ғұмырында қыруар шаруа тындырды. Ол поэзия, проза, драматургия жанрында өнімді еңбек етіп, дәуір шындығын, қазақ елінің, әсіресе ауыл адамының санасындағы өзгеріс пен жаңаруды, халық бастан кешкен қиындықты, әлеуметтік өмір шындығын шынайы көрсетті.
Қазақ әдебиетін жаңа деңгейге көтерді.
Бейімбет Майлин 1894 жылы Қостанай облысының казіргі Бейімбет Майлин ауданында Ақтөбе деген ауылда туған. Бір жасқа толмай әкесінен, алтыдан асқанда анасынан айырылады. Жетімдік зардабын көп көреді. Байларға жалданып, жұмыс істейді.
Көрші ауылдағы медреседе екі жыл сауатын ашады. Сосын Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша-қазақша мектепте, Уфадағы Медресе Ғалияда білім алады. Медреседе белгілі татар жазушылары Мұхит Ғафури, Ғалымжан Ибрагимовтен сабақ алады, башқұрт ақыны Сайфи Құдашпен қатар оқиды.
Денсаулығына байланысты медреседегі оқуын аяқтай алмай, ауылға оралады. 1916-1919 жылдары мұғалім болады, шығармашылықпен шұғылдана бастайды. Әңгімелері газет-журналға шығып тұрады. «Садақ» журналында «Шұғаның белгісі» деген әңгімесі жарияланады. Өмірден алынған ондағы «кейіпкер автордың өзі» дейді кейбір зерттеушілер.
Өйткені, білетіндердің айтуынша, оның өзі де кейіпкері сияқты ауылда мұғалім болып жүргенде үйленетін қалыңдық іздейді. Бірақ, көңілі қалаған қыздары оның әке-шешеден ерте айырылғанын біліп, шаңырақ көтеруге келіспейді. Кейін Күнжамалды ұнатып қалады. Оған үйленейін десе, қалың малдың жоқтығы қолын байлайды. Сөйтіп, біраз жүріп қалады.
Арада үш жыл өтеді. Бұл бір-біріне ынтыққан екі жас үшін үлкен сын болады. Қызының жүдеу көңілін байқаған Күнжамалдың әкесі: «Малы құрысын, қалыңдығын алып кетсін!» деп хабар береді. Алайда, Бейімбет қарбалас жұмыстан шыға алмай, біраз уақыт өткізіп алады. Ақыры сәті түсіп, қыстың қыраулы күндерінің бірінде қалыңдығын алып кетеді.
Бейімбет Майлин «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Ауыл», «Ауыл тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жұмыс істеп, басшылық қызмет атқарған. Соған қарамастан өте қарапайым болған көрінеді. Дүниеге қызықпаған. Ел арасында мынандай бір әңгіме бар. 1926 жылы зайыбы екеуі ауылға қыдырып бармақшы болады. Алайда, Би-ағаның қолы тимей, бөгеліп қалады.
Күнжамал өзі барады. Сірә Б. Майлиннің қомақты қаламақы алған кезі болса керек. Күнжамал күйеуінің көңілін көтерейін деп, ауылға келісімен пәуескеге арба сатып алады. Сосын құлынды бие, сиыр, қой, жиһаз, тіпті шөп шабатын арба да алып қояды. Жаңалығын жеткізіп, отағасына хат жазады. Оған Бейімбет қатты ашуланады. «Бұл не деген масқара! Анау дүниені құрт, жұртқа тарат, сат!» деп, жауап жазады.
***
1917 |
жылғы Ақпан төңкерісі қазақ даласына да елеулі өзгеріс әкеледі. Сол аласапыран кезде Бейімбет Майлин Алашорда идеясын жақтайды. Оны өлеңдерінде ашық көрсетеді. 1918 жылы Қостанайға Ахмет Байтұрсынұлы келіп, қазақ жастарын Алашорда әскерінің қатарына өтуді үгіттейді. Бейбіт тізімге алғашқылардың бірі болып жазылады. Сөйтіп, Алаш идеясын жүзеге асыруға белсене араласады.
Бейімбет Майлин мен Аспандияр Кенжин ауылдарды аралап, салық жинауға қатысады. Алайда, үш айдан кейін Майлин Алашорда қатарынан кетеді. Дегенмен, сталиндік қуғын-сүргінде оған жеңілдік жасалған жоқ. Алдымен партия қатарынан шығарылды. Одан кейін 53 күн тергелді. Атылғанға дейін тағы үш ай түрмеде отырды. Сол кездегі жағдайды қызы Рәзияның мына хатынан анық байқауға болады:
«Ардақты әкем Бейімбет сталиндік репрессия кезінде 1937 жылы қазанның 6-сында жазықсыз «халық жауы» деген жаламен қамауға алынып, 1938 жылдың 26 ақпанында НКВД-ның түрмесінде атылды. 1938 жылдың 13 сәуірінде шешем «халық жауының әйелі» ретінде 8 жылға сотталып, лагерьге айдалды.
Біз, балалары – Мереке, Еділ және мен Семейдегі балалар үйіне жіберілдік. Екі жастағы кенжеміз Гүлсімді Алматыдағы сәбилер үйіне орналастырды. Бұл уақытта үлкен ағамыз Әукен Қостанайда болды. Балалық шағымыз өте ауыр, қиын жағдайда өтті. Ол кезде мен 12 жастамын. Әке-шешеден тірідей айырылған бес баланың тағдыры не болушы еді? Біздің көргенімізді, көл болған көз жасымызды адамның басына бермесін!».
***
Бейімбет алғаш 1912 жылы ақындығымен танылған. Ол ел өміріндегі маңызды оқиғаларды, қоғамның зәру мәселелерін көтереді. «Мұқтаждық», «Мал», «Байлыққа», «Қарынға» атты өлеңдерінде кедейдің мұң-зарын ашық көрсетіп, әділетсіздікті сынайды.
Кейін поэзия, проза мен драма саласында бірдей өнімді еңбек етті. Жазушы Сәбит Мұқанов оның бірнеше шығарманы қатар жаза алатынын ерекше атап өткен. Мәселен бір драманы жазып жатып, қолы босағанда бұрын бастаған романын жалғастыра берген. Арасында әңгімелерін жазып тастаған. Газеттерге мақала беріп те үлгерген. Поэзиялық туындыларында «Мырқымбай» атты кейіпкері арқылы сол кездегі қазақ кедейінің болмыс-бітімін, уақыт, қоғам аясындағы тіршілік-тынысын бедерлеген.
Оның «Байдың қызы», «Қашқын келіншек», «Зайкүл», «Маржан», «Өтірікке бәйге», «Хан күйеуі», «Кемпірдің ертегісі», «Мырқымбай», «Бөліс» поэмалары өзіндік стилімен қазақ поэзиясының көрнекті үлгісіне айналды. Әсіресе, әңгіме жанры Бейімбет шығармалары арқылы қазақ прозасында кемелдене түсті. Оның әңгімелері өмір шындығын дөп басып көрсететін реалистік тегеурінімен, көркемдік биік өресімен дараланды. Ол өзі өмір сүрген заман тынысы мен қоғам өмірін шеберлікпен сомдады.
Бейімбет Майлин 15 шақты повесть, «Азамат Азаматович» атты роман жазған. Ал, «Қызыл жалау» мен «Қоңсылар» атты романдары аяқталмай қалған. Ол ірілі-ұсақты 25 пьеса, либретто, сценарийдің авторы. «Амангелді» атты қазақтың алғашқы фильміне сценарий жазғандардың бірі. Өкінішке орай, оның аты-жөнін фильмнің титрінен алып тастаған.
Оның ауыр тағдырын, азапты өмірі мен шығармашылық бай қазынасын терең зерттеген публицист, гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Тоқтар Бейісқұловтың айтуына қарағанда, Бейімбет Майлин 1923-1937 жылдары елуге жуық кітап, жинақ жариялаған.
Мұхтар ӘУЕЗОВ: «Бейімбет Майлин әңгімелерінде терең шыншылдық бар, адам бейнесі, қарым-қатынастары әрдайым нанымды болып шығады. Бұл шығармалардың түр үлгісінде дөңгелек келген тұтастық айқын аңғарылады».
Ғабит МҮСІРЕПОВ: «Бейімбет ұсталыпты. Мен де естідім. Бірақ, Бейімбет халық жауы емес, Бейімбет халық жауы болса, мен де халық жауымын».
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.