Сәрсенбінің сәтінде Үкімет үйінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста еліміздің 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды.
Бюджет және салық саясатының тиімділігін арттыру қажет
– Бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттыру қажет. Соңғы бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кетті. Сондықтан бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет, – деді Тоқаев.
Ол Қаржы министрлігі былтырғы табыс жоспарын алдын ала төленген осы жылдың салықтары есебінен орындағанын айтты. 600 миллиард теңге көлемінде қосылған құн салығын қайтару уақытша тоқтатылып, бюджет мәселелері бизнестің айналымдағы қаражаты есебінен шешілгенін жеткізді.
– Әлі шешімін таппаған тағы бір мәселе – бюджетті бөлу тәртібі. Ол экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталмаған. Қаражат күнделікті мәселелерді шешуге жұмсалады, стратегиялық мақсаттар соның көлеңкесінде қалады. Үкімет шығыстардың экономикалық пайдасы барынша жоғары болуына баса мән бере отырып, оның нақты басымдықтарын айқындауы керек, – деді Президент.
Құрылысқа бақылауды күшейту қажет
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс сапасына жасалатын бақылауды міндетті түрде күшейту керегін айтты. Сондай-ақ мемлекет басшысы осы саладағы сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне тоқталды.
– Қазір құрылыс саласында сараптама жасауды мемлекеттің иелігіне қайтару мәселесі қызу талқыланып жатыр. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең басты міндет. Құрылыс сапасына жасалатын бақылауды міндетті түрде күшейту керек. Бұл – анық дүние. Алайда мемлекет осы нарықты түгел иемденіп алмауы қажет. Шынайы бәсеке болуға тиіс. Үкімет барлық тараптың мүддесін ескеруі керек, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент тағы бір өзекті мәселе – сыбайлас жемқорлыққа тоқталды.
– Бұл – құрылыс саласын ғана емес, жалпы экономиканы дамытуға тосқауыл болатын фактор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай күресу қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Осы бағытта біраз жұмыс жасалды, нәтиже де бар. Бірақ, солай екен деп, босаңсуға болмайды. Жұмысты жалғастыру қажет. Әсіресе, цифрландыруды белсенді түрде қолдану керек. Қазір құрылыс саласында бірнеше ақпараттық жүйе бар. Осындай тәсілдер арқылы бөлінген қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуын қамтамасыз ету қажет, яғни барынша ашық және қатаң бақылау болуға тиіс. Бұл – өте маңызды мәселе. Себебі, қаржының ұрлануы, ең алдымен, құрылыстың сапасына әсер етеді және бюджетке қосымша салмақ салады. Ақшаға цифрлық теңге арқылы ен салу және оны қадағалау, басқаша айтқанда, «ақшаны бояу» бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын өте маңызды тетік болуы мүмкін», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, цифрлық валютаны қолдануға қатысты пилоттық жобалардың ауқымын кеңейтуді, оның ішінде құрылыс саласына барынша енгізуді тапсырды.
Аграрлық кешенін дамыту – өзекті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керектігін айтты.
– Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан, ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет. Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банктерден қаражат тартқан жөн. Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады. Сондай-ақ минералды тыңайтқыш себуді ғылыми негізі бар қажеттіліктің тым болмағанда жартысына жеткізуге мүмкіндік береді. Бір гектар жерден 10 центнер өнім алу – еліміз үшін мақтанатын көрсеткіш емес. Демек, Қазақстандағы кәсіпорындарда сапалы тыңайтқыштар өндірілгенімен, агрохимия саласында мүлде жұмыс істелмейді». «Мен былтырғы Жолдауымда осы салаға қатысты нақты тапсырма бердім. Үш жыл ішінде агро-
өнеркәсіп саласындағы өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға жеткізу туралы міндет қойылды. Бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс жасалып жатқан жоқ. Қазіргі таңда тек шикізат өндірісіне ғана сеніп отыруға болмайды. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеумен белсенді түрде айналысу керек. Үкімет осы мәселеге айрықша назар аударуға тиіс. Ауыл шаруашылығымен шұғылданам деушілердің санын мейлінше көбейту керек. Дақыл түрін көбейтіп, егіннің шығымын арттырып жатқан диқандарға жан-жақты қолдау көрсеткен жөн. Сондай-ақ бірыңғай жер салығын қолдану мәселесін қайта қарастыру қажет. Себебі, іс жүзіне келгенде, біраз түйткілдер бар. Негізгі талап – салық төлеуді жеңілдету ғана емес. Ең бастысы, шаруалар жерді тиімді пайдаланып, барынша мол өнім беруге ұмтылуы керек. Мемлекеттік қолдау шараларын «бір терезе» қағидасымен жүзеге асыру қажет, яғни салалық қаржы институттарының қызметін бір жерге біріктірген жөн. Аграрлық несие корпорациясының әлеуетін арттырып, оған әкімдіктердің ауыл шаруашылығын субсидиялау құзыретін беру қажет. Ол үшін агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне жеңілдетілген несие және субсидия беру қызметтерін бірыңғай цифрлық платформаға біріктіру керек, – деді Мемлекет басшысы.