«Облыстың электр энергетикасын дамыту перспективалары» және «Су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары». Аталған мәселер Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен аппараттық жиынның күн тәртібіне шығарылды…
Жаңа жылдың алғашқы аппараттық жиыны өңірдегі кадрлық өзгерістерді таныстырудан басталды. Тимур Бижанов Ұлытау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болып тағайындалды. Ол 1986 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Соңғы атқарған қызметі Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы лауазымы. Ал, бұған дейін облыста осы басқарманың тізгінін ұстаған Жеңіс Әлімжан «Мемлекеттік сараптама» РМК Ұлытау облысы бойынша департаментінің директоры болып тағайындалды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Алмаз Жандарбеков жан-жақты баяндама жасады.
Ол инвестициялық бағдарлама шеңберінде соңғы 3 жылда электр желілерін жаңғыртуға 2,8 млрд теңге жұмсалып, 260 шақырым желілер мен 127 бірлік трансформаторлар жөнделгенін баян етті. Сонымен қатар «Жезқазған таратушы электр торабы компаниясы» кәсіпорыны есебінен жалпы сомасы 2 млрд. теңгеге 230 км электр желілері мен 58 электр жабдықтарын жаңғырту және жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атқарылып жатқан жұмыстар аз болмаса да, Арқаның ақ түтек бораны қаңтар айында бірнеше ауылды жарықсыз қалдырған. Берік Әбдіғалиұлы қолайсыз ауа райына қарамастан, үздіксіз жұмыс істеп жүрген электриктерге түрлі бағытта құрмет көрсетуді тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселені талқылау кезінде өткен жылы облыс бойынша барлық су нысандарына түгендеу жұмыстары жүргізіліп, электрондық-цифрлық базаға енгізілгені айтылды. Нәтижесінде аймақ көлемінде 51 су қоймасы мен плотиналар, 111 көл, 1341 өзен бары анықталған. Қар суынан жасанды бөгет салу жұмыстары да жоспарлануда.
Берік Әбдіғалиұлы бұл ретте су қоймалары тек суды жинау үшін емес, оны қолдану үшін салынатынын айта келіп, қазірден бастап көктемгі су тасқынына дайындықты бастауды және инвесторлар су қойманы қалай падаланатынын қадағалауды тапсырды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.