Жезқазғанда ұлттық нақыштағы бұйымдар тігетін жаңа тігін цехы ашылды. «Отбасылық бренд» деп аталатын бұл тігін цехының негізін қалаушы көпбалалы ана – Лаура Сүлейменова. Бүгінде цехта тәжірибелі маман иелері өз жұмысын бастап кеткен. Цех заманауи тігін құрал-жабдықтарымен қамтылған.
– Жаңа тігін цехы – мақта өнімдерінен қазақи нақыштағы көрпелерді жасап шығарады. Жалпы цех мемлекеттік грант есебінен ашылған. Әлеуметтік желі арқылы көпбалалы аналарға қайтарымсыз грант беріліп жатқанын біліп, бірден қатыстым, – дейді кәсіпкер.
– Мемлекеттік қайтарымсыз грант ұтып алдым. 400 АЕК көлемінде. Тігін цехын аштым. Керек құрал-жабдықтарды, арнайы аппарат алдым. Рақметімді айтамын, – дейді, тігін цехының басшысы Лаура Сүлейменова.
Бүгінде Жезқазған қаласы бойынша осындай 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көпбалалы аналарға 27 грант берілген. «Қалада жаңа кәсіпке жол бастау мақсатында бөлініп отырған гранттар кәсіпкерге көрсетілген айрықша қолдау», – дейді Жезқазған қаласы «Мансап» орталығының басшысы Жарас Ершеев.
– Мемлекет тарапынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылар назардан тыс қалған емес. Шағын кәсіпкерлік саласында олардың да қатары артып келеді, – деді ол.
Грант иегері алған қаражатына тігін машиналарын, қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар сатып алған. Кәсіпкер болашақта жұмысшылар санын көбейтіп, ұлттық нақыштағы дүниелерден бөлек заманауи үлгіде өнімдер шығаруды жоспарлауда.
Гүлім Маратқызы.