1973 жылы 21 ақпанда ауысым шебері Жамбыл Ыбыраев пен аға конверторшы Сұлтан Елемесов алғашқы жезқазғандық қара мыс алды. Арқа төрінде жаңа қуатты кәсіпорынның тұсауы кесілгенін әлемге әйгілеген бұл күн аймақ тарихында алтын әріппен жазылып қалды.
Жезқазған мыс қорыту заводы іске қосылғаннан бері 8 242 450 тонна қара мыс, 8 112 900 тонна катод мысы өндірілді. Оның саф алтындай шақпақ мысын бүгінде Түркия, Қытай Халық республикасы, Россия, Біріккен Араб Әмірлігі тұтынады.
- Береке дарыған балқыма
Жезқазғандық мыс концентратын бұрын – Балқаш кен-металлургия, Красноуральск және Карабашск мыс қорыту комбинаты, Средноуральск мыс қорыту заводы; тазартылмаған мысты – Москва мыс қорыту және мыс электролиздеу заводы; ұсақталған мысты – Румыния, ГДР, Венгрия, Польша, Чехословакия, қорғасын концентратын Ленинагорск полиметалл комбинаты мен Шымкент қорғасын заводы тұтынды. 60-жылдардың ортасында Одақта 91-91,5% – мыс, 70-71% – қорғасын, 48-50% мырыш жезқазғандық шикізаттан алынған екен.
Сол жылы Жезқазған мыс қорыту заводының құрылысы басталды. 1971 жылы 23 ақпанда мыс қорыту заводының алғашқы нысаны – электролит цехы пайдалануға беріліп, бірінші кезегі игерілді. Тазартылған шақпақ мыс сыртқы нарыққа шыға бастады. 1975 жылы шілдеде – сирек металдар, 1977 жылы желтоқсанда күкірт қышқылы цехы қатарға қосылып, кәсіпорын толық жобалық қуатына жетті. 1987 жылы өнім сапасына талдамалы бақылау жасайтын жүйе өндіріске енгізілді. 1988 жылы алғашқы экологиялық энерго-жылу агрегаты іске қосылды.
Жезқазған мыс қорыту заводы қазір Қазақстанда мыс өндіретін кәсіпорындар көшін бастап тұр. Әлемге әйгілі, алғашқы ондықтың бел ортасынан ойып орын алған. Ол Одақ кезінде-ақ төрткүл дүниеге танылды. Мыс қорыту заводын Жезқаланың экономикалық тірегі десек қателеспейміз. «Қазақмыс» компаниясында топ жарған ол небір күрделі қиындықтан оңтайлы жол тауып, уақытпен үзеңгілес ілгері озып барады. Бұл – қуатты кәсіпорында тер төгіп жүрген екі мыңнан астам адамның еселі еңбегі мен қажымас қайратының жемісі.
***
Өр тынысты өндіріспен таныстықты кәсіпорынның бастапқы буыны – шихта дайындау цехынан бастайық. Байытушылардың қолынан шыққан концентрат ұзындығы 1,5 шақырымдық құбырмен осында жеткізіледі. Сосын бес қабатты ғимараттың қоюлату бөлімшесінде концентрат қойыртпағы 30 метрлік кеспекте тұндырылып, сорғымен сүзу-кептіру бөлімшесіне айдалады. Онда вакуум-сүзгінің көмегімен дымқылдылығы 12 процентке дейін кеміп, кептіру барабанына беріледі.
Одан әрі өнім конвейермен шихта дайындайтын бөлімшеге түсіп, жентектелген шикізат көлемі 10 миллиметрлік түйіршіктерге айналады. Ол пеште күйдірілгесін балқыту цехына жөнелтіледі. Кәсіпорын табалдырығы іспетті бұл буында концентрат кептіруді жетілдіруге, жабдықтың бей-берекет бұзылуының алдын алуға бағытталған бірқатар техникалық шара жүзеге асырылуда. Келешекте мұнда технология түбегейлі өзгертіледі.
Балқыту цехын металлургтер «металлургиялық өндірістің өзегі» деп орынды әспеттейді. Өйткені, завод өндірісіндегі өркенді өзгеріс балқыту буынынан бастау алып жатады. Көпшілік көзбен көрмесе де, көңілінде берік ұялаған күрең қызыл балқыма осында алынады. Одан анод негізін құйып, электролиздеу цехында өңдеуден өткеннен кейін Арқадағы Жезқазғанды әлемге танытқан саф алтындай сары мыс тұтынушыға жол тартады.
Өндірістің бұл буынында электр пеші, конвертер, анод бөлімшесі бар. Электр пеші бөлімшесінде әрқайсысы 168 шаршы метр аумақты алып жатқан үш фазалы, алты электродты, биіктігі – 4,5, ені – 7, ұзындығы 24 метрлік қуатты екі пеш тұр. Қызуға төзімді бетонмен қапталған, төңірекке бейберекет газ таралмауы қарастырылған оған тиелген шихта мен кремний диоксиді (флюс) оттегі айдау арқылы қорытылып, құрамында мыс, темір мен күкірт бар штейн пеш түбіне шөгеді. Флюспен біріккен қалғанынан шлак түзіледі.
Құрамында 40 %-60 % мысы бар штейн конвертерде балқытылып қара мыс алынады, ол анод пешінде одан әрі тазартылады. Тұнған шлак өндірістік қалдық қоймасына жөнелтіледі. Сөйтіп, кенші жөнелткен жентек-жентек кенді баптаған байытушының құнарлы концентратынан мәрт мамандықты меңгерген металлург әрқайсысының салмағы 60 кг тартатын шақпақ мыс шығарады.
…Балқыту цехына барған сайын тегеуірінді технологияны тамашалап тұрып байырғы мыс өндірушілердің тапқырлығы мен табандылығына таң қаламын. 1950 жылы Милықұдық шатқалында ежелгі мыс қорыту орнына археологиялық қазба жұмысын жүргізген Н. Валукинский кен балқыту пешінің жүйесін, қолданылған көмір, тотыққан майда кен, шлак, отбақырдың сынығын тапқан. 2013 жылы құрамында ресейлік археометаллург И. Русанов бар қазақстандық археологтар апан-пештің үш түрін анықтаған. Ал, оны мыс қорытатындай қызулыққа көтеру үшін қандай отын мен тәсіл қолданды десей?! Мәселен, қазіргі пеш 2 000 градусқа дейін қызады…
Саф алтындай сары мыстың, түсінікті тілмен түйіндегенде, түпкі өнімнің тұсауы кесілетін тұс –электролиздеу цехы. Онда шақпақ мыстың сапасын арттыруға бағытталған электролит температурасын реттейтін және оның құрамындағы белсенді затты бақылайтын автоматтандырылған желі өндіріске енгізілген. Цехтың дәл іргесінде дайын өнімдер қоймасы қоныс тепкен. Оның ұжымы электролизшілердің илеуінен өткен катод мысын талапқа сай қалыпқа келтіріп, тұтынушыларға жөнелтуге дайындайды.
Өндірістік буында күкірт қышқылы цехының өзіндік орны бар. Конвертер мен рудотермиялық пештен бөлінген газды тұту мен осы цехқа жеткізгенге дейінгі аралықтағы үдеріс толық автоматтандырылған. Газды барынша кәдеге жарату арқылы айналаға таралуын азайтуға қатысты көлемді қайта құру жұмысы жүргізілуде
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Сурет әлеужеліден алынды.
“
1958 жылы 16 маусымда № 1 байыту фабрикасы, бірнеше кеніш пен шахта, Қарсақбай металлургиялық заводы базасында Жезқазған кен-металлургия комбинаты құрылды. Директоры В. Гурба болды.
1964 жылы Қазақстан КП ОК мен ҚазКСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен комбинатқа Қаныш Сәтбаевтың есімі берілді.
“
1966 жылы мамырда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Жарлығымен кен-металлургия комбинаты – Ленин орденімен, 585 адам әртүрлі орден-медальмен марапатталды.
Комбинат директоры В. Гурба, кенішілер А. Құсайынов, Қ. Кентаев, Ф. Лукинский Социалистік Еңбек Ері атанды.