1954 жылы қаңтарда – № 1 цех, сол жылы қазанда тағы 3 секция қатарға қосылған байыту фабрикасын қаланың құрдасы десек болады. Өндірісті өңірдегі бұл оқиға одақтық маңызы бар жаңалық ретінде қабылданды.
Бұған дейін жергілікті кеніштердің өнімі Оралда өңделіп келді. Ал, байыту фабрикасы қатарға қосылған 1954 жылдан 2024 жылға дейін жезқазғандық байытушылар 1 миллиард 260 миллион 144 мың 299 тонна кен өңдеп, 12 миллион 766 мың тонна құнарлы мыс концентратын алды.
- Құнарлы концентрат қоймасы
Тарихты тамырлатып, өткенге көз жүгіртсек, Жезқазған кенін байыту мен өңдеудің тиімді тәсілін табу мақсатында алғашқы сынақ 1916 жылы мамырда Сарысу байыту фабрикасында өткенін көреміз. Арбамен апарған 1124 пұт кеннен құрамында 30 % мыс бар концентрат алған. Осы құнарлы кеннің қызығын қырық жылдай өзіміз емес, өзге көрді.
Жезқазғанда салынатын қуатты кен өңдеу кешенінің жобасын сызған бас жобалаушы – «Гипроцветмет» ғылыми-жобалау бірлестігі. Ал, кен өңдеу технологиясын жасаған – «Механобр» институты (Санкт-Петербург қаласындағы «Механобр Инжиниринг» жабық акционерлік қоғамы). Қазір бұл қуатты кен өңдеу кешені түпкі өнім – концентрат алудың толық циклін қамтитын екі байыту фабрикасын біріктірген.
№ 1, 2 байыту фабрикасында жерасты және ашық әдіспен өндірілген – сульфидті (күкірттің түрлі металмен қоспасы), ашық әдіспен өндірілген аралас және тотыққан кен өңделеді. Мыс кені негізгі шикізат болып саналады. Барлау және пайдалану барысында анықталған Жезқазған кен орнының мол қоры байыту фабрикасының қуатын бірнеше рет қайта қарап, одан әрі жетілдіруге түрткі болды.
1958 жылы № 1 ұнтақтау корпусы кеңейтілді. 1961 жылы № 1 бас корпус кеңейтіліп, қайта құрылды. 1963 – 1966 ж. ж. № 2 фабрика жобаланып, салынды (бірінші кезегі), 1969 – 1971 ж. ж. одан әрі кеңейтілді (екінші кезегі), 1968 жылы кешенді секция қатарға қосылды, 1970 – 1973 ж. ж. қайта құрылып, одан әрі кеңейтілді, 1973 – 1975 ж. ж. № 10А секциясы салынды (үшінші кезегі), 1999 жылы № 6А секциясы пайдалануға берілді.
Кен байыту – тұтастай техникалық шешімге негізделген технологиялық күрделі үдеріс. Әрине, ол кейбіреуді қызықтырмасы анық, алайда, байытушы еңбегінің бірегей сипатына көз жеткізу үшін оны айтып өткен артық емес. Бірнеше кезеңнен тұратын үдеріс кеніштен кен керуені жеткізген вагондарды босатудан басталады.
Әдетте, бір кен керуенінде әрқайсысы 95-100 тонна тартатын 20-25 вагон болады. Соларды босату үшін шамамен бір автоқотарғыштан күрекпен көмір түсіргендей уақыт кетеді. 2001 жылы келген кенді есептеу жүйесін монтаждау мен реттеу барысында бұрын қолданылып келген теміржол таразылары орнына «Mettler Toledo» фирмасының тиімді таразысы қойылды.
Келесі кезекте кен ұнтақталып, електен өткізіліп, сосын майдаланады. Ұнтақтау қондырғысына кен конвейермен жеткізіледі. Бір вагон кенді ұнтақтауға шамамен 10-20 секунд уақыт кетеді. 1957 жылы мыс-қорғасын кенін ұнтақтайтын қосымша диірмен қою №1 байыту фабрикасының қуатын 8 % арттыруға мүмкіндік берді. 1956 – 1957 ж. ж. қысқа конусты екі «УЗТМ-2100» ұнтақтау қондырғысын орнату арқылы орташа және майдалап ұнтақтау корпустары кеңейтіліп, кәсіпорынның жобалық қуаты артты.
1970 – 1973ж.ж. кешенді кенді өңдейтін № 20 секцияны «КМДТ-2200» ұнтақтау қондырғысын орнату арқылы кеңейту мен қайта құру арқылы № 1 байыту фабрикасында секцияның жобалық қуаты толық игерілді. 2004 жылы компьютерге ақпарат беретін «ВКТ- 4» электронды таразысын орнату оператордың диірменге кен толтыруды автоматты режимде басқаруына мүмкіндік берді.
Майдаланған кен флотациялауға түседі.
Кен өңдеудің кереметі осы – флотациялау. Оның міндеті – құнарсыз кеннен мыс концентратын айыру. Ол үшін, алдымен, үгітілген кен түйіршігі мен сұйықтықты араластырып, қойыртпақ (пульпа) алынады. Айта кету керек, кен түйіршігі сұйықтықты әртүрлі қабылдайды. Флотациялау кезінде түйіршіктің су жұқпайтын (гидрофобный) бөлігі газды көбікке жабысып жоғары көтеріледі, ал сусіңіргіш (гидрофильный) бөлігі одан бөлініп, камераның түбіне шөгеді. Осылайша құрамында мысы бар бөлігі тау жынысынан тазарады.
Газды көбік реагент қосқанда пайда болады. Тәжірибелі флотаторлар көбікке көз жүгіртіп жіберіп, енді қанша реагент қосу керек екенін ешбір құралсыз-ақ айыра береді. Кейде құнарсыз кен жынысы көбейіп кеткенде көбіктің көлемі ұлғайып, жиі жарылады. Оған бірден назар аударған флотатор реагентті ауыстырады. Осы ғасырдың басында №2 бас корпусқа әртүрлі өнімді байытуды сынақтан өткізетін «КФМ-1400» флотомашиналары қойылды. Бұл кен құрамындағы металды айыру көрсеткішін жақсартуға оң ықпал етті.
Біз кен өңдеу көлемін ұлғайту, оны байытудың жобалық көрсеткішіне жету, жабықтардың жұмысын жақсарту мен техникалық-экономикалық көрсеткішті арттыру жолындағы жүйелі жұмыстың негізгі кезеңдеріне тоқталдық. Еңбек өнімділігін арттыру, өндірістік көрсеткіштерді одан әрі жақсарту үшін барынша қуатты, тиімді технологиялық жабдықтарды, жаңа техникалық схеманы өндіріске енгізу одан әрі жалғасуда.
Осындай қажырлы еңбекпен алынған мыс концентраты қоюлатылып, сүзіліп, кептіріледі. Сосын конвейермен мыс қорыту заводына жөнелтіледі. Құнарлы концентраттың қайда түскенін, қалай мысқа айналғанын келесі мақалада әңгімелейміз
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Сурет әлеужеліден алынды.
“
№ 2 байыту фабрикасының бірінші кезегі игерілуі (1963 – 1966ж. ж.) кен өңдеу кешенінің қуатын екі есе арттырды.
Кешенді мыс-қорғасын кенін өңдейтін секцияның пайдалануға берілуі (1968 – 1969ж. ж.) өнім өңдеу көлемін екі есе ұлғайтып, қорғасын айыруды 5-8 % арттырды.
“
№1 байыту фабрикасында мыс концентратын жетілдіру схемасын өндіріске енгізу (1954 – 1955 ж.ж.) концентраттағы мыстың үлесін 25 %-тен 33-35 %-ке дейін арттырып, кремний тотығының мөлшерін төмендетті.
1963 жылы қосымша алты вакуум-сүзгі орнату арқылы сүзу корпусын кеңейту өнімділікті 50 % арттырды.