Жезқазғанды түсті металлургияның ірі шикізат базасына айналдыру үшін қосымша өндірістік қуаттар салу, барының өнімділігін арттыру, заманауи техниканы игеру қолға алынды. «Гипроцветмет» институты істеп тұрғанынан қуаты 2,5 есе жоғары №№ 42, 44, 45, 51 шахталарының жобасын жасады.
1954 жылы тамызда № 51 шахта пайдалануға берілді. Екі жылдан кейін қуатты «Э-1003» экскаватор-кентиегіші шахта шыңырауына түсірілді. Кенші қауым «Қызыл барикада» атап кеткен оны бөлшектеп, бірінші штректен вагонеткамен тиісті жеріне жеткізіп, қайта құрастырды.
- Кенші «патшалығы» кереметі
Жаңа шахта оқпандары үстінен темірден құрастырылған, өзара жабық эстакадамен қосылған, жүк көтеретін скиппен жарақтандырылған қуатты копер бой көтерді. Шахта аумағына көмекші электр станциясы, компрессор құрылғысы, механикалық шеберхана, жеке қазандық, қойма салынды. Кен өндіру көлемі күрт көбейді. Қопарылған кен сырмамен тасылды, сосын «Гремби» вагонына тиеліп, оқпанға жеткізіліп, жер бетіне шығарылды.
Шахтада кен техникасын жетілдіру жаппай қолға алынды. Оған жергілікті инженер-техник қызметкерлері қызу қатысты. Мәселен, №51 шахтаның бас механигі Л.Т.Филимонов құрастырған үлкен диаметрлі скважина бұрғылауға арналған «Крот» бұрғылау қондырғысы сынақтан сүрінбей өтіп, өндіріске енгізілді. Бұрын бұған «ЗИФ-110» геологиялық бұрғылау станогы қолданылып келді.
Бірде жерасты жағдайында төзімділігін тексеру үшін Свердловск қорғаныс заводы құрастырған өздігінен жүретін «ТКВС» вагонын шахтаға әкеледі. Көп кемшілігі көрініс береді. Бас конструктор бастаған комиссия келеді. Тиелген кенді түсіруге апарғанда вагонның пластиналық конвейеріне кеннің қоқымы қатып қалады. Ақыры кенді қолмен түсірген комиссия мүшелерінің бұл вагонды забойда қолдануға жарамайтынына көзі жетеді.
Инженер-техник қызметкерлері мен кеншілердің бірегей белсенділігі, өндірісті ұйымдастыруды механикаландыру мен автоматтандыру, кен өндіру үдерісінің технологиясын тұрақты жетілдіру арқасында 1955 – 1957 жылдары. шахтаның жобалық қуаты 1,5-2 есе артады. Бірақ, кен өндіру қарқыны мен еңбек өнімділігін одан әрі арттыруға бірқатар техникалық қиындық кедергі келтіреді.
Қолмен бұрғылау мен кенді сырмамен жеткізу бұл жабдықтардың қуатын қанша арттырып, жұмысты жақсы ұйымдастырғанмен бірте-бірте өз мүмкіндігін сарыққаны айқын аңғарылады. Күні кеше ғана кен өндірудегі прогресті технология деп танылған техникалық жетістік шахтаның одан әрі дамуын тежейді, өндірістік үдерісті интенсивтендіру қажеттілігі туады. СОКП ХХ съезі 1960 жылдың аяғына дейін өндіруді 2,2 есе арттыру міндетін алға қойып отырғанда тың техникалық шешім қажет еді.
***
Кен өндірудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жетілдіру мен жеңілдету күн тәртібінен түскен емес, үзіліссіз іздестірілді. Бәрі бірдей күткендегідей бола қойған жоқ. Тәжірибе тірнектеп жиналды. № № 44, 45, 51 шахтада ұйымдастырылған эксперименттік телімде өздігінен жүретін кен жабдығының тәжірибелік үлгісі сынақтан өткізілді.
Жезқазған шахтасы шетелдік және отандық кен жабдығын өндірістік сынақтан өткізудің нағыз орталығына айналды. 1956 – 1965 жылдардың өзінде өздігінен жүретін кен жабдығының сексеннен астам түрі сынақтан өткізіліп, отандық 18 үлгісі өндіріске енгізілді. Сәтсіздік те ұшырасты. Тіпті кейбір жабдықтың бастапқы нұсқасын пайдаланудан бас тартуға тура келді.
Қалай болғанда да, басталған іс аяқсыз қалмай, байыпты жүргізілген жұмыс баянды жалғасын тапты. Мұнда шетелде жасалған бірнеше бұрғылау кареткасы, кен тиеу қондырғысы, тасымал транспорты өндірістік сынақтан өтті. Кемшін жатқан тұсы дер кезінде анықталып, жасаған зауыт маманымен бірлесіп жетілдірілді.
1965 жылы қыркүйекте № 55 шахта пайдалануға берілді. Әңгіме оның өндіріс ауқымында емес еді. Онда одақтық кен өндірісі өнеркәсібінің тарихында тұңғыш рет өздігінен жүретін қуатты жабдықты басқарудың бірегей жүйесін қолдану арқылы автоматтандырылған технология игерілді. Бұл шын мәнінде «Техникалық төңкеріс» ретінде бағаланды.
Оның басшылығы № 51 шахтаның мамандарынан жасақталғанын айта кеткен артық болмас. Бұл кәсіпорынды сол кездің өзінде «кадр ұстаханасы» деп атайтын. КМК директорының орынбасары Л. Дасковский, № 3 шахта құрылысы басқармасының бастығы Қ. Аққошқаров, «Жезқазғантүстімет» АҚ директоры Т. Урумов, Шығыс кенішінің бас инженері Л. Козицин осы шахтаның шыңырауында шыңдалды.
Алғашқы алып шахта қатарға қосылғаннан кейін бұл бағытта бірегей батыл қадам жасалды. Даңқты жылнама қажырлы кеншінің қайрат-күшімен жарасымды жалғасын тапты. Шабытты еңбектің шалқар екпінімен шыңыраудан шұрайлы шикізат өндірген олар Отанға адал қызмет етудің өмірлік өнеге-үлгісін көрсетті, азаматтың ажарын айқындайтын адамгершілік биік қасиетті мұра етіп қалдырды.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Сурет әлеужеліден алынды.
«1955 жылы – Златоуст-Беловск карьерінің, 1956 жылы №55-57 алып шахталарының құрылысы басталды.
1959 жылы Анненск және Златоуст-Беловск карьерлерінде кен өндіріле бастады.
1960 жылы № 32 шахта қатарға қосылды».
“
«1960 жылы Беловск және Анненск карьерлері базасында Солтүстік кеніші құрылды, 5 шахтада өздігінен жүретін қуатты кен тиеу машиналары мен бұрғылау кареткалары қолданыла бастады.
1967 жылы – № 57, 1975 жылы №65 алып шахталар пайдалануға берілді».