Биыл Жезқазған қаласы үшін ерекше жыл. Сарыарқаның сағым ойнаған сайын даласында бой көтерген шаhардың құрылғанына 70 жыл толғалы отыр. Қайтадан облыс орталығына айналып, ширек ғасыр шетқақпай күй кешкен, әрі-сәрі ахуалдан арыла бастаған құтты мекен қазір жаңаша түлеуге бет бұруда. Бұл күндері мерейтой қарсаңындағы серпінді істер қанат жая бастады. Біз осындай айтулы кезеңде атқарылатын жұмыстар мен жоспарланған іс-шараларға кеңірек үңілу мақсатында қала әкімінің әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі орынбасары Бақытжан ЖАЙЛАУБАЕВПЕН әңгімелескен едік.
– Қаланың 70 жылдығын тойлау аясында идеологиялық тұрғыдағы жұмыстар кеңінен қамтылып, қаланың қаз тұрған алғашқы кезеңінен бүгінге дейінгі даму жолдарын барынша айшықтап көрсету көзделуде. Қала мәртебесін алған 20 желтоқсанға орай өткен жылдың соңында халыққа ұсынылған «Жездалам менің, жезқалам менің Жезқазған» атты кең көлемді концерттік бағдарлама 70 жылдықтың алғашқы стартына айналды, – деп бастады әңгімесін қала әкімінің орынбасары.
– «Өткенсіз болашақ жоқ» демекші, 2013 жылды қорытындылағанымызға да көп уақыт бола қойған жоқ. Бақытжан Өміртайұлы, алдағы шаруаларды айтар алдында өткен жылдың жетістіктерін саралай кетсек қалай болады. Әлеуметтік-экономикалық салалар бойынша қалада қандай ауқымды істер жүзеге асырылды?
– Жақсы, бүгінгі ісімізге сабақтас негізгі жобаларды айтар болсам, көптен күткен қаланың бас жоспары бекітілді. Енді бас жоспарды негізге алған құрылыстың қанат жаюына мүмкіндік бар. Қабанбай ауылы толық газбен қамтамасыз етіліп, тұрғындар қыс бойы көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Өткен жылы қаланың 12 көшесінің жолдары орташа жөндеуден өтті. Қаладағы біраз үйлердің қасбеті жаңартылды. Қызметі көпшіліктің көңілінен шығарлықтай «Самади» гипермаркеті ашылды. Қала әкімінің грант иелері анықталып, өз кәсіптерін бастағандар қатары көбейе түсті. Сонымен қатар әкімнің жастарға арналған сыйақысы 15 номинация бойынша тапсырылды. Ол 18 бен 36 жас аралығындағы жастарды қамтыды. Қаламызда 80-ге жуық балалардың ойын алаңдары жабдықталып, 39 жаңа аялдама орнатылды. Ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында Жезқазған мен Кеңгірдің арасында өткізілген дүбірлі жарыс жұртшылықтың үлкен қызығушылығын туғызған шараға айналды. Онда садақ ату, асық ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, ат спорты түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Жүгіруден өткен республикалық марафонға Украина, Ресей, Моңғолия елдерінің спортшылары да қатысты. Өткен жылғы мәдени іс-шаралардың да ауқымы аса кең болды. Белгілі тұлғалардың шығармашылық кештері, көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, ақсақалдардың ұйтқы болуымен «Ақ бата» ұлттық салт-дәстүр сайысы өткізілді. «Шалқыма» өнер академиясы ашылды, Балалар мен жасөспірімдер кітапханасына күрделі жөндеу жасалды. Ауыз толтырып айтарлық осындай істеріміз аз емес.
– Ал, бүгінгі таңда қаланың 70 жылдығына байланысты іс-шаралардың ауқымын айқындап, жобасын белгілеп қойған боларсыздар. Ендігі кезекте биылғы жылдың жоспарланған шараларына тоқталып өтсеңіз?
– Мерейтой қарсаңындағы шараларымыз «70 жылдыққа – 70 тарту» қағидасымен жүзеге асырылады. Мерейтой аясында конференциялар, дөңгелек үстелдер, жастарға арналған КТК, айтыс, қолданбалы қолөнершілер байқауы, қайырымдылық және қарттарға арналған іс шаралар, жыршы-термешілер байқауы, би ұжымдарының фестивалі, спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Нақтылап айтқанда, Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған «Жошыхан және Ұлытау кереметтері» кітабының тұсаукесері, «Жұлдызды Жезқазған» атты музыкалық спектакль, «Әнім сенсің, Жезқазған» атты қаладағы еңбек ұжымдары көркемөнерпаздарының конкурсы, жас ақындардың «Кеңгір керімсалы» атты республикалық поэзия кеші, «Ақ әжелер» ансамблінің облыстық фестивалі, «Жезқазған – ғашықтар қаласы» концерт-спектаклі сияқты шаралар өткізілмекші. Мәселен, бұл концерт-спектакльде арнайы Жезқазған туралы әндер қамтылып, осы өңірден қанат қағып, республикада жүрген танымал өнерпаздар шақырылады.
– Жаңа қаланың бас жоспарының қабылдануы құрылыстың қанат жаюына жол ашатындығы жайлы айтылды. Қазіргі күрделі әлеуметтік мәселенің бірі тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жайы ғой. Менің білуімше, Жезқазғанда тұрғын үй кезегінде тұрған жандардың саны мыңнан да көп болуға тиіс. Мерейтой жылында солардың қатарын сейілтіп, қоныстой жасау мүмкіндіктері бар ма?
– Иә, бүгінгі күні қалада тұрғын үй кезегінде 2700 адам тұр. Биылғы жылы біршама отбасы баспаналы болады деп отырмыз. Алдағы наурыз айында жалдамалы үйдің құрылысы аяқталып, 33 пәтер жаңа қоныстанушылардың несібесіне бұйырады деп күтілуде. Биыл қаланың Батыс ауданында 5 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Соның бірі – 60 пәтерлік жалға берілетін үй мамыр айында тапсырылып, халық игілігіне берілетін болады. Барлығы 108 пәтерлік 3 несиелік үйдің құрылысын жыл соңына қарай аяқтау жоспарланған. Ол үй тұрғындарға Отбасы банкі арқылы беріледі. Сонымен қатар, осы бірер айдың ішінде мемлекеттік сараптамадан ойдағыдай өтсе тағы 3 үйдің құрылысын бастау көзделуде. Қалада «Қазақмыстың» күшімен денешынықтыру-сауықтыру орталығының құрылысы қолға алынғаны белгілі. Құрылысы күзге қарай аяқталса, Қала күнінде ашпақшымыз. Оған біз «Жігер» деген атауды лайық көріп отырмыз. Арнайы мамандандырылған мектеп жатақханасының құрылысы да биыл аяқталады. Бұдан бөлек, биыл 55 көшенің жолдарына орташа және күрделі жөндеу жүргізіледі, 41 үйдің қасбеттері жөнделіп жаңартылады, 70 жылдыққа – 70 балалар алаңы салынады, 3 сквердің құрылысы аяқталып жаңадан қатарға қосылады.
– Ойдағыдай жүзеге ассын дейік, біршама жақсы істер жоспарланған екен. Қала мерейтойына ұсынар басқа да қомақты тарту-таралғылар бар шығар. Солардың қатарындағы нақты жүзеге асқалы отырған жобалар туралы айтып өтсеңіз?
– Мысты қаланың ауқымды жобасы болып табылатын тәжірибелік гидрометаллургиялық зауыт ашылып, жуырда өз жұмысын бастады. Кеңгірдегі құс фабрикасы қайта құрылып, жұмыртқа өндіру бағытындағы цехы наурыз айында іске қосылады. Одан кейін тауық етін өндіру жолға қойылмақшы. Шағын және орта бизнес өкілдері қала тойына айтарлықтай тарту-таралғыларын әзірлеуде. Солардың қатарында 48 орындық «Хан ордасы» қонақүйі осы бірер айдың ішінде ашылады. Тағы бір жеке кәсіпкеріміз 50 орындық «Ярсак» қонақүйінің құрылысын аяқтап, осы жылы пайдалануға бермекші. «Самади» ЖШС ұн тарту кешенін қалпына келтіру инвестициялық жобасы бойынша жаңартылғын цехын іске қосады. Кеңгірде құны 25 млрд. теңге болатын жел электр станциясының құрылысы жүргізілуде. Биыл 10 млрд. теңге қаржы бөлініп, жобаны ішінара жүзеге асыру көзделуде. «Kazakhmys Barlau» ЖШС салып жатқан геологиялық кластер ашылады. Теректідегі 80 оқушыға арналып салынып жатқан мектеп құрылысы аяқталады. Биыл 320 орындық екі балабақша пайдалануға берілмекші. М.Әуезов атындағы кітапханаға және Халықтар достығы мен мәдениеті үйіне күрделі жөндеу жүргізіледі. Халықтар достығы үйін заманауи үлгі бойынша жаңа кейіпке енгізу көзделіп отыр.
– Бақытжан Өміртайұлы, біз әлбетте Қаныш Сәтбаев пен Жезқазғанның есімін бөле-жармай, егіз ұғым ретінде қарайтынымыз бар. Биыл ғұлама ғалымның туғанына 125 жыл толады. Олай болса, қаладағы қос мерейтой қатар келді десек қателеспейтін болармыз?
– Иә, Қаныш ағамыздың 125 жылдығына байланысты барлық оқу орындарында, мәдени ошақтарда айтулы тұлғаның қайраткерлік жолы мен Жезқазған кенді аймағына сіңірген еңбегін паш ететін алуан шаралар ұйымдастырылады. «Қазақмыс» Сәтбаев алаңын қайта жаңғырту жұмыстарын межелі мерзімде аяқтап берсе, сол жерде Қаныш Имантайұлының 125 жылдығына арналған кең көлемді композициялық іс-шара өткізбекшіміз. Театрда ғылыми конфереция ұйымдастырылады. Сондай-ақ, қала тойы аясында биыл туғанына 130 жыл толатын сұңқар ақын Сәкен Сейфуллинге арналған шараларды да қамтысақ деген ойымыз бар.
– Ауқымды шараларды алға тартқан әңгімеңізге көп рахмет! Жерінің асты қазынаға, үсті құт-берекеге толы Жезқазған жаңарып-жаңғырып, өрлеу жолымен өркендей берсін дейміз.
Амандық РАХҰЛЫ.