Айттың алғашқы күні кеншілер қаласындағы Достық үйінде көңілге жылылық ұялатқан оң амалдың куәсі болдық.
– Бес жылдан бері Ораза айында жиналған пітір-садақаның басын қосып тағдырдан тепіреш көрген балаларға тапсыруды үрдіске айналдырған едік. Бүгін сондай төрт балаға Айт мерекесінің ақшалай сыйлығын ұсынбақпыз, – деді, бастамашыл топтың басшысы, «Қазақмыс» компаниясы Ардагерлер кеңесі Сәтбаев филиалының жетекшісі Әбуләйіс Молақов.
Бұл бір әдемі басқосу болды. Айттың сыйлығын балалар ақсақалдардың қолынан алды. Оның сыртында қаланың белді бизнесмені, меценат Алаш Тұрлыбек 10 000 теңгеден сыйлық тапсырды.
Арнайы жайылған мерекелік дастарқан басында ғибраты мол әсерлі әңгіме айтылды. Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайының қызметкері Ербол Әлғожин домбырамен дәстүрлі әндер шырқап, шуақты жүздесудің шырайын аша түсті.
Ақсақалдар бата берді. Жұмабай қажы ата-баба аруағына құран бағыштады.
Әлі БЕК.