9 ақпан – қазақ поэзиясының дара шыңы, ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Алаш әдебиетінің қайталанбас құбылысына баланған мұзбалақтың туған күнінде Ұлытау облыстық әмбебап кітапханасында «Мұқағалимен сырласу» атты рухани кеш өтті.
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев – Алматы облысына қарасты, қасиетті Қарасаз топырағында дүниеге келген. Жастайынан жырға құмар өскен жалынды да дарынды жас ешкімге ұқсамайтын өрнекті өлеңдерімен талғамы биік оқырманның жүрек түпкірінен орын алды. Оның жырларынан әркім өзін іздеуге тырысады және тауып алады. Күні бүгінге дейін еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ең кемі Мұқағалидың бір шумақ өлеңін жатқа айтады.
Кеш барысында мектеп оқушылары мен колледж студенттері Мұқағалидың жырларын оқып, әндерін шырқады. Бозбала Мұқағалидың өмірінің бір кезеңінен үзінді ретінде көрініс қойды.
– Ұлы ақынның туған күнін атап өтуді біздің кітапхана ұжымы бұрыннан дәстүрге айналдырған. Бұл күні ақиық ақынның туған күніне орай еліміздің түкпір-түкпірінде іс-шаралар өтеді. Жалпы, бүгінгі іс-шарамыздың басты мақсаты – оқырмандарымызды осы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жауһар жырларымен сусындату, – деді облыстық әмбебап кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің басшысы Әсел Бірәлі.
45 жыл ғана ғұмыр кешіп, ғасырлар жүгін арқалайтын туындылар жазған Мұқағали ақынның мұрасы – мұқым Алашқа ортақ қазына!
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.