Халықаралық инновациялық өнеркәсіптік консорциум (R&IID XИӨК), «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС және «Severance-KZ Халықаралық медициналық қоры» ҚҚ ұйымдастырған еріктілер бағдарламасы аясында Оңтүстік Кореяның жетекші дәрігер мамандары Жезқазғанға келіп, бір апта бойы 500-ге жуық науқасты қабылдады. Жергілікті дәрігерлерге шеберлік сыныптарын өткізді.
Жезқазған медициналық орталығы екі-үш жылдан бері Сеул қаласының Ёнсе университеті клиникасымен әріптестік байланыс орнатқаны белгілі. Бұл «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС мен аталмыш университеттің «Северанс» госпиталі және «Severance-KZ Халықаралық медициналық қоры» басшыларының өзара ынтымақтастық меморандумына қол қоюының арқасында жүзеге асқан болатын. Әріптестік нәтижесінде медорталық дәрігерлерінің Кореяға барып тәжірибесін жетілдіруіне мүмкіндік туса, олардың мамандары осында келіп медицинадағы озық тәсілдерді ортаға салып, іс жүзінде көрсетеді. Корея дәрігерлерінің бұл жолғы сапары да осы меморандум нәтижесінде іске асқан шаралардың бірі. Кореяның алдыңғы қатарлы ауруханаларынан, соның ішінде Daejeon University және Mokpo National University ауруханаларынан келген 11 дәрігер 7 күнге арналған бағдарлама бойынша науқастарды оңалту шараларына қатысты. Сәтбаев пен Жезқазған қалаларындағы 455 науқас емделіп, тиісті дәрігерлік кеңес алды. Олардың ішінде 125 сырқат бала емделді. Науқастардың арасында мүмкіндігі шектеулі – сал ауруы және ПДК (психологиялық дамуының кешігуі) диагнозы қойылған балалардың ата-аналары Кореядан келген жетекші мамандардан кеңес ала отырып, мұндай сырқаттарды әрі қарайғы оңалту жолдарына ден қойды.
Сонымен қатар, жергілікті дәрігерлер халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды. Бағдарлама аясында Жезқазған медициналық орталығының дәрігерлеріне педиатрия, кардиология, неврология және оңалтудың инновациялық әдістемелері бойынша дәрістер мен шеберлік сыныптары өткізілді. Жалпы, халықаралық тәжірибе алмасу медицина саласындағы дамудың тиімді құралы болып табылады. Бұл тұрғыда кореялық мамандардың келіп, науқастарды бірлесіп қабылдауы – облыстағы халықтың денсаулығын сақтау мен оңалту бағытындағы істерді дамытуға оң әсерін тигізетін аса пайдалы шара болғаны анық.
Амандық РАХҰЛЫ.