Спорттың біз біле бермейтін түрі көп. Олардың шығу тарихы да әр алуан. Біздің елімізде соңғы 5 жылдың көлемінде белгілі бола бастаған ойынның түрі – мас-рестлинг. Бұл спорттың түрі Саха мемлекетінің ұлттық ойыны саналады. Бір қызығы бұл ойын түрін қазір серік етіп жүргендер сирек. Мас-рестлинг, біздің тілде таяқ тартыс деп аталатын спорттан өңірімізде жалғыз чемпион барын білесіз бе?
Қарапайым кенші мамандығын кәсіп еткен Инаят Трановтың таяқ тартыс ойынына қызығушылығының оянғанына бір жыл ғана болыпты. Оңтүстік Жезқазған кеніші № 45 шахтаның № 3 телімінде бұрғылаушының көмекшісі болып еңбек ететін Инаят сәуір айында Астана қаласында өткен бірінші республикалық турнирде І орын иеленіпті. Асқар Әбдіхамиттен спорттың қыр-сырын меңгерген Инаят бұл ерекше спорт түрінің ережелерін былайша түсіндіріп берді.
– Бұл спорт түрінің ережесі қарапайым ғана. Сайысқа шыққан екі спортшы арнайы тақта алаңында ағаштан жасалған таяқты тартысады. Бірі – көк, екіншісі қызыл тақта алаңында болады. Аяқтарын арнайы тақтайға тіреп тұрады. Ағашты қарсыласының қолынан жұлып алған, не қарсыласын таяқпен қоса өз жолағына өткізген спортшы жеңіске жетеді. Тартыс бір спортшы екі рет жеңіске жеткенше жалғасады. Яғни, бір спортшы қарсыласын 2 : 0 немесе 2 : 1 есебімен жеңеді. Екі рет ереже бұзған (уақытынан бұрын бастау, т.б) спортшы жеңіліс табады.
Таяқты бір қолыңмен жоғарыдан төмен, екіншісін керісінше ұстайсың. Кезегіңе қарай таяқтың ішкі және сыртқы бөлігінен ұстап сынға түсесің. Сынға түсер алдында дене қыздырып, жаттығу жасап алуың маңызды. Бірден күшке салып, қарсыласпен текетіресу жарақат алуыңа себеп болуы мүмкін.
Мас-рестлинг те салмақ дәрежелері бойынша өтеді. Ерлер мен қыздар арасындағы және жұптық сындары бар. Мас-рестлингтің шығу тарихының өзі көне дәуірден бастау алады. Бұл спорт түрінің даму себебі де географиялық және климаттық жағдайға байланысты болса керек. Қиыр Солтүстіктің қысы ұзақ және температурасы 60 градус аязға дейін түссе, жазда 40 градус ыстыққа дейін көтерілгенде – адамды шыныққан дене мен зор денсаулығы ғана құтқара алады. Яғни саха халқы осындай климатқа бейімделу үшін түрлі спорт түрлерімен ертеден шұғылданған. Мас-рестлинг спортын да осындай дене шынықтыру мақсатында ойлап тапқан. Мас-рестлинг – дене, қол мен аяқ бұлшық еттері үшін аса пайдалы. Білек күшін арттырады. Адамды тез шешім қабылдау мен жылдам ойлауға машықтандырады. Дененің шымыр болып қалыптасуына көмегін тигізеді.
Бұған «мас-рестлинг» деп атауды алғаш болып ұсынған саха халқының еркін күрестен тұңғыш Олимпиада чемпионы Роман Дмитриев. «Мас» сөзін якут тілінен аударғанда «ағаш, таяқ» дегенді білдірсе, «рестлинг» деген ағылшын тілінен алғанда «күрес» дегенді білдіреді. Қазақ тіліне «таяқ тартыс» деп аударуға да болады. Менің осы спорт түріне қызығушылығымды оятқан Асқар Серікұлына алғысым шексіз. Түрлі дәрежедегі жарыстар өтіп жатыр. Бірақ, соған қатысуға қаржылық тұрғыда қол байлаулар болып тұр. Өзімнің дайындығымды жетілдіру үстіндемін. Алда осы ойын түрінен Азия, Әлем чемпионаттарында бақ сынасам деген мақсатым бар, – дейді мәлім де беймәлім спорт түрінің ел бойынша чемпионы.
Айта кетейік, мас-рестлинг немесе таяқ тартыс ойыны бойынша елімізде қауымдастық құрылған. Ұйымның ұйытқы болуымен жарыстар өткізіліп келеді. Бұл спорт түрінен Азия, Әлем чемпионатына қатысып, бақ сынаған қазақстандық спортшылар да бар. Біздің Ұлытау облысында енді ғана қарқын алып келе жатқан спортқа ден қойып, ынтасы барларғы қолдау болса, нұр үстіне нұр болар еді. Инаят Трановтың мас-рестлингке деген ынтасын шыңдай түсу үшін де қолдаудың керектігі сөзсіз. Спорттың ежелгі түрін қайта жаңғыртқан жерлесіміз өңіріміз-
ден тұңғыш чемпион атанған Инаят Трановтың шығар бигі – Әлем чемпионаты болсын дейік.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.