Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы қаладағы құрылысы тұралап қалған бірнеше нысанды аралап, жол жөндеу жұмыстарын бақылады.
Алғаш барған нысан – Деев көшесінің бойында құрылысы басталған дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Негізі бұл нысан пайдалануға 2022 жылы тапсырылуы керек еді. 320 көрерменге арналған залы, бассейні бар кешеннің құрылысы 2020 жылы басталған болатын. Сол кезде байқауды жергілікті мердігер жеңіп алып, кейін өзге компания бұл шешіммен келіспей, сотқа берді. Жұмысты бастаған мердігер 8 айда шамамен 370 миллион теңгені игерген. Ал 2021 жылы құрылыс біржола тоқтады. Араға бір жыл салып, меморандум аясында бұл кешеннің құрылысын «Қазақмыс» қолға алды. «ТANSU Construction» құрылыс компаниясы бірден бөлшектеу жұмыстарына кірісіп кетті. Жұмыс басында әзірге 10 адам еңбек етуде. Мамыр айының соңында Алматыдан келген бас мердігер «ТANSU Construction» ЖШС жерді қазу, дайындау жұмыстарына кіріседі. Нысан 2023 жылдың соңы 2024 жылдың басында халық игілігіне берілетін болады.
– Біз қазір демонтаж жұмысына кірістік. Бұрыңғы жобада шамалы ғана өзгеріс бар. Көптеген секциялар болады. Олардың ішінде, бокс залы, ойын залдары, заманауи террассаны да саламыз. Тұрғындар көпткен күтіп жүрген бассейнді де осы жерге саламыз, – дейді «ТANSU Construction» ЖШС өкілі Андрей Ким.
Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы одан әрі Анақұлов көшесіндегі 9-үйдің тұрғындарымен кездесті. Шатырларынан су тоқтамай, әбден мезі болған көпқабатты үйдің тұрғындары облыс әкімінің қабылдауында да болған болатын. Әкіммен кездесуде, шатырдан бөлек ондаған проблема тағы да қалқып шықты. Үйдің қасбеті жарылғанын, кірберістердің әбден тозығы жеткенін, дәл сол үйдің жанында тұрған құрылысы басталып, тұралап қалған нысанның қазіргі күйін, тіпті ол нысанда адам өлімі де тіркелгенін тұрғынадар ашына жеткізді. Сондай-ақ су қысымының нашарлығынан 5-қабатқа көтерілмейтіні де қабаттаса айтылып жатты.
Бұл проблемаларды тыңдай келе Берік Әбдіғалиұлы қала әкіміне, басқарма басшыларына сол жерде тапсырма жүктеді. Сонымен, суыдың қысымын реттеуді жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнына, үйдің кірбесін жөндеуді «Алтай-2006» ПИК тапсырды. Үйдің шатырын жөндеумен қалалық әкімдік айналыспақ. Ал, үйдің жанындағы нысанды сүру үшін қала әкімдігі сотқа берген.
Бұдан әрі өңір басшысы қалааралық жол жабындарының шұңқырларын жөндеу жұмыстарымен танысты. Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжановтың айтуынша, асфальтбетон зауыттары қар ерігеннен кейін бірден іске қосыла бастаған. Мердігерлер 31 наурызда жолдарды қырып, тегістеуге кірісіп кетті. Қазіргі уақытта шұңқырларды жөндеу жұмыстары Жезқазғандағы орталық көшелерге жүргізілуде. Жұмыстарды сәуір айының соңы мен мамыр айының басында аяқтау жоспарлануда.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.