«КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалына қарасты № 1, 2, 3 Жезқазған байыту фабрикасындағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Майра Әлбаттина өткен 2023 жылы ұйым тарапынан атқарылған жұмыстарға есеп берді.
Қазіргі уақытта кәсіподақтың бастауыш ұйымдарында жылдық есеп беру кезеңі жүріп жатыр. Осыған орай фабрика еңбеккерлерінің алдында кәсіподақтың атқарған шаруаларын баян еткен Майра Ерғалиқызы кәсіпорынның № 1, 2 ұнтақтау корпусының, № 1, 2 бас корпустың, жөндеу-құрылыс цехының жұмысшыларымен кездесуде кәсіподақтың бір жылдық жоспары шеңберіндегі көзделген міндеттер толығымен жүзеге асқанын жеткізді.
– «КәсіпҚорған» кәсіподағы біздің Жезқазған төңірегінде ғана емес, ел аумағында мүшелігі басым ұйым екені белгілі. Кәсіподақтың негізгі мақсаты – еңбек адамын қорғаумен қатар, жұмыс жағдайын, өндірістік қауіпсіздікті барынша күшейту. Жезқазған филиалының құрамындағы бастауыш ұйымдар өткен жылы негізгі басымдықтардан бөлек, еңбеккерлерге материалдық көмек көрсету, денсаулықтарын нығайту, мәдени-спорттық шаралар өткізу, еңбек озаттарын марапаттау сынды міндеттерді қатар атқарды. Мұндай жүйелі жұмыстарды байыту фабрикасындағы кәсіподақ комитеті де жүйелі атқара білді деп ойлаймын. Біздің 2024 жылға көздеген міндеттеріміз де ауқымды. Сол жоспарды жүзеге асыруда сіздермен тығыз жұмыс жасауға ниеттіміз, – деді төраға.
Есеп беру жиынына қатысқан кәсіподақ мүшелері комитеттің атқарған жұмысына оң бағасын берді. Айта кетейік, қорытынды есеп беру жиыны фабрика директоры Мұрат Бөрібаевтың қатысуымен алдағы уақытта өтетін болады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.