Отбасындағы құндылықтарды дәріптеу мақсатында жыл сайын өткізілетін «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздары анықталды.
Аталмыш байқауға Жезқазған мыс қорыту зауытынан Телбаевтар отбасы қатысты. Аталмыш өндіріс ошағында Бектұр Телбаев еңбек етеді. Ол Қарсақбай кентінде өмірге келіп, осындағы металлургиялық зауытта еңбек жолын бастаған. Бектұр Шәріпұлы мыс қорыту зауытында телім шебері. Металлургия саласында әулеттің отағасы Шәріп Телбаев 45 жыл еңбек етсе, отанасы Шырынкүл Қуантаева 30 жыл Қарсақбай металлургиялық зауытында тер төкті.
Бүгінде Шәріп ақсақалдың шаңырағына ие Бектұр Телбаев ұрпақ өрбітіп, бақытты отбасының тірегі болып отыр. Жан-жары Мақпал Бейсбекова екеуі Бекзат, Көркем, Жаншуақ есімді ұл-қызды тәрбиелеуде. Мақпал Байшатқызы қаламыздағы тарихи-археологиялық музейдің қызметкері.
Ата-ана жолын үлгі еткен Бектұр мен Мақпал «Мерейліотбасы» байқауында арнайы марапатқа ие болды. Өндіріс ошағының намысын қорғаған Бектұр Телбаев пен Мақпал Бейсбекова өнегелі де үлгілі отбасының қатарында.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.