Халықаралық қарттар күнінде «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесі жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша өндірісте еңбек еткен егде жандарға құрмет көрсетті. Бұл күні бірнеше қарияға «Қазақмыстың» Құрметті еңбек ардагері» төсбелгісі табыс етілді.
Айта кетейік, аталған төсбелгі алып кәсіпорында 40 жылға жуық жұмыс істеген ер адамдар мен 30 жыл тер төккен әйел-аналарға беріледі. Жалпы, «Қазақмыс» корпорациясының Ардагерлер кеңесі құрамында бүгінгі таңда 12 мыңнан астам мүше бар.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» ҚБ Басқарма төрағасы Төлеген Бүкіровтің айтуынша, «Қазақмыс» корпорациясының Құрметті еңбек ардагері» атағына ие болғандарға бірмезгілдік 100 мың теңге сыйақы қоса беріледі. Ал, «Қазақмыс» корпорациясының еңбек ардагері» төсбелгісі биыл 30 адамға берілді. Ол кісілерге корпорация есебінен 70 мың теңге қосымша бірмезгілдік сыйақы тағайындалды.
Мыс алыбының өндірістік буындарында еңбек етіп, бар саналы ғұмырын ел байлығын еселеуге арнаған ардагерлерге қандай құрмет жасасаң да жарасады. Марапат соңы Қарттар күні құрметіне жайылған мерекелік дастархан үстінде шуақты әңгімеге ұласты.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.