«Қазақмыс» корпорациясының Жезқазған аймағында орналасқан өндірістік нысандарға қажетті жабдықтар дайындау бойынша алдыңғы қатарлы Жезқазған құю-механикалық зауыты өзінің шежірелі тарихында талай озаттың еңбекте бағын жандырды.
Бүгінгі таңда алпауыт компания саналатын «Қазақмыстың» иапсырысын орындауға қабілетті зауыт өндірген сапалы өнімдерімен көшбасында келеді. Жылдық жоспарды орындаумен қатар қауіпсіздік саясатын жүзеге асыруда ұжымның еңбегі орасан. Пірекенов Ғани Елубайұлы басшылық жасайтын нысан кезінде талай тоқыраудан өтсе де бүгінгі табысы көңіл қуантады.
Өндірістің негізгі тірегі – білікті маман. Тәжірибесі толысөан, мамандығының қыр-сырына қаныққан кадрлар топтасқан жерде үнемі алға жылжу, табысқа жету әрқашан жүзеге асырылатыны сөзсіз. Міне, біз сөз еткелі отырған Жезқазған құю-механикалық зауытында да түсті металлургияның қыр-сырына қаныққан, тәжірибелі мамандардың мектебі қалыптасқан. Сол мектептің үлгісін Төлеубай Қыдыкенов есімді еңбек озаты жастарға аманаттай білді. Төлеубай Тоғайұлы бір салада және бір өндіріс нысанында табжылмай қырық бір жыл еңбек етіп, абыройға кенелді.
Жезқазған кентінде №7 орта мектепті тәмамдаған жас жігіт металлург мамандығын игеру мақсатында Қарағанды политехникалық институтын бетке алды. Емтиханнан сүрінбей өткен Төлеубай балаша қуанып, «мен – металлургпін» деген асқақ үмітпен өзі аттай қалап алған мамандықты меңгеруге ынтасын бұрды. Бес жылдан соң күректей дипломмен Жезқазғанға оралды. Жас маманды құю-механикалық зауытының басшылығы бірден жұмысқа қабылдады. Төлеубай Қыдыкеновтің алғашқы еңбек жолы зауыттың әр үлгіде болат құю цехында басталды. Төлеубай Тоғайұлы шеберден цех басшысы дәрежесіне дейін өсіп, 2001 жылы зауыттың бас инженері қызметіне тағайындалды. Ол бұл қызмет жолына жетуде талай белестерден өтті. Зауыттың өнімдеріне сұраныс азайып, тоқыраудың ұшы тиген кезде басшылықпен бірге өндіріс нысанын алып қалып, тамырына қан жүгіртуге Төлеубай Тоғайұлы да сүбелі үлес қосты.
– Зауыттың тарихында түрлі кезеңдер орын алды. Кешегі тоқсаныншы жылдың орта тұсында кәсіпорынды алып қалу мәселесі өткір тұрды. Алайда, басшылықтың, білікті мамандардың арқасында зауыттың өңір мен өндіріс үшін осы зауыттың еңсесін қайта тіктеттік. Бұл ұжымда еңбек еткен 41 жыл ішінде бірнеше басшылық құраммен жұмыс атқардым. Менің ерекшелеп айтатын азаматым – Яхия Көпеев. Яхия Көпейұлы нағыз өндіріс үшін жаратылған жан. Ол өндірістік үдерісті ілгертелумен қатар, зауытқа келген әрбір жас маманды өз қамқорлығына алып, кәсібіне баулыды. Мен де соның мектебінен өттім. Бұл зауытқа келгенім күні кеше сияқты еді. Міне, арада зулап 41 жыл өте шығыпты. Уақыт дейтін жүйрікті тізгіндей алар шамаң жоқ қой. Біз де зейнет жасына жетіппіз. Мен бұл зауытты екінші үйім деймін. Өйткені, менің 41 жыл ғұмырым осы зауытпен, өндіріспен қатар өрілді. Таңдаған кәсібім де зауытым да мені абыройға жетеледі. Бір кездері өзім жас маман болып келіп, ақ самайлы ақсақал ретінде зейнеткерлікке жетіп қалыппын.
Біздің ендігі үмітіміз – жастар. Осы зауытта еңбек еткен жылдарымда бірнеше жа буынды тәрбиелеп, өндірістің қайнаған ортасына қостым. Олар менің ұмітімді ақтап келеді. Тәрбиелеп, баулыған бас металлург Нұржан Қойшыбеков, бас механик Бауыржан Ембергенов, модульдеу цехының басшысы Ардақ Тоқбергенов бүгінгі білікті мамандардың қатарында. Бұйырса Ардақ Тоқбергенов зауыттың бас инженері қызметін қолға алмақ. Шәкіртіме табыс тілеймін. Осы жылдар ішінде ұжымым ақылшы аға, жолбасшы азамат деп сыйлап келді. Сондықтан барлық ұжымға айтар алғысым шексіз, – дейді Төлеубай Тоғайұлы.
Ғұмырының қырық бір жылын өндіріске арнаған Төлеубай Қыдыкенов еңбегімен ел құрметіне бөленген жан. Ол өмірлік жарын да осы сала маманымен байланыстырғанын өмір заңы деп біледі. Политехникалық инситуттың 4-курсында оқып жүріп Светлан Молдинамен шаңырақ көтерді. Светлана Айтмағанбетқызы да түсті металлургияда 40 жылдан аса еңбек етіп, зейнетке шықты. Жарасымды қос ғұмыр иесінің өнегелі жолын зауыт жастары да үлгі тұтты. Төлеубай Тоғайұлы абыройлы еңбегі үшін «Еңбек даңқы» төсбелгісінің толық иегері атанды, Халықаралық «Үздік адамдар» энциклопедиясына енді.
Өндірісті өлкеде зауыттың тоқтаусыз өнім өндіріп, табысқа жетуінде сара жолы бар Төлеубай Қыдыкенов нағыз еңбек адамына тән абыройлы қызмет жасады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.