Біздің өндірісті өлкеміздің тыныс-тіршілігін, өткен тарихын безбендеген «Мысты өңір» газетіне 35 жыл толыпты. Бұл басылымының қолымызға тигені күні кеше ғана тәрізді еді, енді міне, арада адам баласының толысып, жан-жағын бағдарлайтын шағына келіпті.
Мен 40 жыл Жезқазған жылу, электр орталығында еңбек етіп, сол жерден 2006 жылы зейнеткерлікке шықтым. Газетпен байланысым ширек ғасырдан кем емес. Кітап, журнал, газет оқу менің жан қалауым болғандықтан, мерзімді басылымдарды іздеп оқимын. Әсіресе, «Мысты өңірдің» мен үшін орны ерекше. Ондағы жазушылардың әңгімелері, журналистердің мақалалары көңілден шығады. Содан да 2006 жылдан бері өндірістік басылымды үзбей оқып келемін. Газеттің өзінің бағытына қарай мазмұнды мақалалар жариялануынан бөлек, өңірдің проблемаларын да көтеруі «Мысты өңірді» басқалардан биік етіп тұр. Газеттің жеткізілуінде де мәселе туындаған емес. Жұмада шыққан таралым сенбі күні қолымызға тиеді. Бұл сол басылымдағы шығармашылық ұжымның оқырманға деген ілтипатының жоғары екендігін айқындайды.
Өзім қарапайым еңбек жолынан өтіп, түрлі қызметте еңбек еткендіктен еңбек адамын, өндірісте тер төккен аға буынды дәріптеудегі мыстыөңірліктердің еңбегіне дән ризамын. Соңғы екі жылда газеттің пішімі өзгеріп, көтерер мәселесінің де ауқымы кеңейді. Оқырманын алуан тақырыппен қызықтыра білген басылым өмірдің де, өндірістің де тынысын тап басып отыр. Қаламы қарымды журналистер топтасқан басылымның оқырманы ретінде ұжымға шығармашылық табыс тілеймін. Жазарлары көп болып, «Мысты өңірдің» тілшілері көтерген мәселелер шешімін тауып, жазылған дүниелер оқырман көңілінен шыға берсін демекпін.
Әскербек Өмірзақов,
Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, «Қазақмыс» корпорациясының Құрметті ардагері.