Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қаламгер әріптесіміз Шахмұрат Ибадатов өмірдің биік асуы – жетпістің баурайына жетіп ат шалдырып отыр. Бұл – өткенді ой таразысына салып, болашаққа кеңінен бойлап, шүкіршілік ететін бір мерейлі де кемелденген кезең. Шахаңның негізгі мамандығы мұғалім болғанымен, өмірлік жолы мен талайлы тағдыры әрдайым баспасөзбен байланысты болды. Арасында ара-тұра басқа салаға қызмет ауыстырып кеткенімен, «ат айналып қазығын табады» дегендей, өзінің қолайына жақын газетшілер ұжымына қайтып оралатын. Редакциядағы журналистер ортасы ол үшін үлкен өмір мектебіне айналды. Осы салада оның өмірлік ұстанымы қалыптасып, ержетіп есейді. Енді міне, ақсақалдық белеске жеткен шағында да қолынан қаламын тастамай шығармашылық шабыттың шырайлы шуағына бөленіп жүр. Мерейтойы қарсаңында Шахаңмен емен-жарқын дидарласып, өткен күндерді тағы бір қаузап, өмір жолдарының өзекті тұстарын еске алған едік.
Шахмұраттың балалық балғын шағы Жетіқоңыр бойындағы сайын дала төсіндегі ауылда өтті. Әкесі Ибадат Қызылорда педучилищесін бітірген ұстаз, майдангер болатын. Аудандық оқу бөлімі ол кісіні кеңшардың алтыншы фермасындағы жетіжылдық мектеп-интернатының директоры етіп жібереді. Арқаның Бетпақдаламен шектесетін құмшағылындағы Апақай деген жердегі мектепте оқып жүргенінде-ақ Шахмұрат өлең жазуға әуестене бастайды. Біртіндеп көркем туынды жазуға талпынып, мақала, суреттеме жазып көрді. Жазғандарын аудандық газетке, «Қазақстан пионеріне» жіберетін. Кейде редакция қызметкерлерінен ақыл-кеңестерін айтқан жауап хат келсе, ара-тұра шағын заметкалары жарық көріп қуанып жүретін. Жалпы, қолға қалам алуына ауыл мұғалімі болумен қатар облыстық, аудандық газеттерге үнемі мақала жазып, штаттан тыс тілші куәлігіне ие болған әкесінің әсері де тисе керек. Иә, сол заманда «Жетіқоңыр» кеңшарынан Ибадат Қылышбековтің хабар-ошарлары газет бетінде жиі көрініп тұратын. «Әкейдің шәкірті болған, сол уақыттағы жас мұғалім Тәшен Есімсейітов те жазуға бейім болып, газеттерге әртүрлі тақырыптағы мақалалар жазатын. Менің талпынып, бірдеңелер жазуыма сол ағамның да ықпалы тиген болар», – деп ойлайды Шахаң бүгінде. Негізінде анасы Әбиза қаражаяу адам емес еді. Ақындығы бар болатын. Қағазға жазып қалдырмаса да ауызша шығарған шумақ-шумақ өлеңдерін төкпелеп отыратын.
Ата-анасының көздің ағы мен қарасындай жалғыз ұлы болғандықтан Шахмұрат тым ерке болмаса да еркін өсті. Отбасындағы үлкені Злила мен қарындасы Дәметкен – үшеуі. Сабаққа ықтиятты болды. Болашағын болжап қойғандай, Жетіқоңыр орта мектебін бітірерде еркін тақырыпта «Менің арманым журналист болу» деген шығарма жазған еді. Періште көңілдегі осы ойы оны ақ қанатты армандарға жетеледі. Қарағанды педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны білім ордасы университетке айналған 1973 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша ойдағыдай бітіріп шықты. Студенттік кезінде де шығармашылықпен айналысуға бейім болды. Университеттің газетінде «Балауса» атты арнаулы бет болатын. Онда қазірде Алашқа белгілі ақын Абзал Бөкеновтің және басқа да жас таланттардың өлеңдері, прозалық шағын туындылары шығып тұратын. Солардың қатарында Шахмұрат Ибадатовтың да аты-жөні қылаң беріп екі-үш новелласы жарияланғаны бар. Соның арқасында «Әдебиет теориясы» пәнінен сабақ беретін филология ғылымдарының кандидаты Қаби Лекеров талантты жасты іштартып, жазған курс жұмыстары мен рефераттарына да көңілі толып жанына жақын ұстап жүретін. Ақыл-кеңесін беріп, әдебиет иіріміне бойлай түсуіне көп ықпалын тигізді. Диплом жұмысын қорғар кезде де тәжірибелі оқытушы Қабекең шәкіртінің болашағы жайлы ойлап қойғанын алға тартып: «Шахмұрат, мен сені облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне жұмысқа алдыртайын. Журналистикаға бейімі бар жастар болса бізге жіберіңіз деп еді басшылары. Ойланып, қазірден бастап осыған ыңғайлана бер» деген еді жанашырлық пейілмен. Осы тұста Жезқазған Қарағанды облысынан бөлініп, өз алдына отау тіккен болатын. Жас облыстың өз газеті ашылғанын естіген соң Шахмұраттың көңілі ел жаққа баруға ауа берді. Қолға диплом тиген сәтте оқытушысы «өзің туралы редакциядағылармен келісіп қойдым» деп өткендегі әңгімені тағы есіне салғанда Қабекеңнің үлкен басымен балаша жүгіріп, қамқор болып жүргеніне ризашылығын білдіріп, Жезқазғанда да газет ашылғанын, әке-шешесіне жақын жерге барғысы келетінін ақырындап жеткізді. Ұстазы да оның бұл ойына қарсы болмай, тілектестігін білдірді.
Алып-ұшқан көңілмен ол Жезқазғанға жетіп, пойыздан түсе салысымен ауылға да бармастан жаңадан ашылып жатқан «Жезқазған туының» редакциясын іздеді. Жаңа мекеме әлі толық орнығып болмаған сияқты. Кеңсе ішінде жөндеу жүріп жатыр екен. Жөн сұрасқан әлдекім «жұмысқа тұру жайын білмек едім» деген мұны ертіп келіп бір жұпынылау кабинетке кіргізіп жіберді. Көзәйнегінен үңіле қарап, биязы қалыпта сөз бастаған салиқалы адамның кім екенін білмесе де мұнда келу себебін түсіндіріп жатыр. Газет басшыларының бірі болар деп жорамалдады бұл. «Жазған материалдарың бар ма?» деді ол кісі бірден. Аудандық газетте бірталай дүниелері шыққанымен дәл қазір олар қолында жоқ-тын. Жөппелдемеде университет газетіне шыққан екі новелласының портфельде екені есіне түсіп, соны ұсына қойған еді. Мұқият оқып шыққан бейтаныс басшы: «Жазғандарың жаман емес. Сөз қолдануда кейбір кемістіктерің бар, оларды біртіндеп түзеп алуға болады», деп көңілі толатынын білдірді. Сөйтсе облыстық газеттің алғашқы редакторы Сайлаубек Қожамсейітов деген осы адам екен. Мән-жайды сұрастырып білгеннен кейін редактор: «Ауылыңа барып оншақты күндей дем алған соң қайтып кел. Көп кешіксең орын болмай қалуы мүмкін. Бір-екі айдан соң ҚазМУ-ді бітірген журналист түлектер келмекші» деп жағдайды толық түсіндірді. Шахмұрат ауылдағы ата-анасын қуантып, аз уақыт қастарында болды да бір аптадан соң белді бекем байлап редакцияға келді. Ауылшаруашылығы бөлімінің тілшісі болып жұмысқа қабылданды. Оның журналистік жолы осылайша «Жезқазған туында» басталды.
Келесі жылы ол Армия қатарына алынып, әскери борышын өтеп келген соң редакциядағы қызметіне қайтып оралды. Жауапты хатшының орынбасары, мәдениет және әдебиет бөлімінде тілші, бөлім меңгерушісі сияқты журналистік жолдардың біразынан өтті. Ауылшаруашылығы бөлімінен мәдениет бөліміне ат-түйедей қалап алып, кейін жауапты хатшы болғанында секретариаттың жұмысының қыр-сырына баулыған белгілі ақын Сайлаухан Нәкенов марқұмның есімін Шахмұрат ерекше атап, газеттегі ұстазы санайды.
– Сәкең әр сөйлемге, сөздің қолданылу ретіне терең мән беретін кірпияз қаламгер болушы еді ғой. Сол кісінің талғамы мен талабынан шығу үшін барынша тырысып бақтым. Ауылшаруашылығы бөлімінде істеп жүргенімде сыршыл сазгер, тума талант Жақсыкелді Сейілов туралы жазғаным бар. Сайлаухан ағайдың мені өз қарамағына тартып, мәдениет бөліміне икемдеуіне соның әсері тиген болар деп ойлаймын. Оның үстіне бұл бөлімнің бір саласы оқу-тәрбие жұмыстарын, мектеп өмірін қамту болатын. Осыған орай педагогикалық мамандықты меңгерген мені лайықты көрсе керек, – дейді Шахаң сол кездерді еске алғанда.
Жалпы сол уақытта Қазақстанның барлық өңірлерінен келген газетшілер шоғырланған «Жезқазған туы» газетінің журналистік мектебі мықты болды десек артық айтқандық емес. Солардың бірі атақты Ақселеу Сейдімбекпен бірге оқып, үзеңгілес жүрген кәнігі журналист Болат Бабақов редакцияда «Жас журналистер» мектебін ұйымдастырып, тілшілерді мақала жазудың шеберлігін меңгеруге үйрететін. Оған Шахмұрат та аса қызығушылықпен қатысатын. Үйренгендері көп болды. Сол тұста Балқаштың халық драма театры туралы, «Құм әңгімесі немесе фермер Оразбек Апақаев», «Қар адамы» деген көркем тілмен кестелеп жазған мақалалары әріптестері тарапынан жақсы бағаланып жүрді. Ол «Жезқазған туында» 17 жыл еселі еңбек етіп, өңірге белгілі адамдар мен қоғам қайраткерлері туралы «Сағындым әке, өзіңді», «Оқ жауған күндер», «Жақсының жол серігі болған», «Қайсарлығына әйелдің таңқаламын», сондай-ақ қылмыстық тақырыпты қамтыған «Жас келіншек басқарған топ», «Егіздің өлімі», «Жала», «Подполковниктің бір түні», «Тойланбаған отыз жас», «Есірткіге тұтылған екеу», «Қыстақтағы жанжал», «Кісі киік» сияқты көптеген дүниелер жазды. Осындай жазғандарының таңдаулыларының басын қосып 2012 жылы «Тағдыр сыйы» атты жинақ шығарды. Сонымен қатар, Отан соғысы ардагерлері туралы «Жүрек жарасы», медициналық колледждің өмірі жайлы «Мейірімділікке баулыған» деген кітаптары да бар. Осылайша Шахмұрат Ибадатов аймаққа танымал журналистке айналды.
Ол мемлекеттік қызметтің де біршама дәмін татты. Шақыртумен 1990 жылы облыстық атқару комитетіне аға кеңесші болып барып, кейін облыстық кеңестің аударма және редакция секторының меңгерушісі, аға референт қызметтерін атқарды. 1993 жылы кәсіпкерлерге арналған «АСУ» газетінің бас редакторы, 1996 жылы Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде редакциялық баспа бөлімінің меңгерушісі, әрі университеттің «Ұлағат» газетінің редакторы болды. Біраз уақыттан соң байырғы баспасөз саласына қайтып оралып, қалалық «Сарыарқа» газетінде редактордың орынбасары-жауапты хатшы, «Мысты өңір» газетінде жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Шахаң асып-тасудан аулақ, «ақырын жүріп, анық басатын» азамат. «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі кәсіподақ комитетінде аудармашы-баспасөз хатшысы, мемлекеттік тіл маманы болған кездерінде де газеттегі әріптестерімен тығыз байланыста болып, тыңғылықты істерімен танылды.
Бүгінде өмір шуағына кенеліп, бақуатты ғұмыр кешіп отырған Шахаң бақытты жан. Институтта бірге оқып, жастықтың албырт шағында бір-бірін ұнатып серт байласып табысқан Нүриямен отау тігіп, түтін түтеткендеріне Алла қаласа алдағы жылы жарты ғасыр болады екен. Көкшенің көгілдіріндей қалап алған сүйікті жары Жезқазған – Ұлытау өңірінің өнегелі келіні болумен қатар, оқу-тәрбие саласындағы ерен еңбек, озық ісімен аймақтың құрметіне бөленді. Еңбек жолын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған Нүрия Әлмұханқызы Жұмажанова Қ. И. Сәтбаев атындағы №7 орта мектеп-лицейінің директоры болып 22 жыл абыройлы қызмет атқарды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, министрліктің Құрмет грамотасымен марапатталған. Екі шақырылымдағы қалалық мәслихаттың депутаты болды, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы. Балалары да өмірден өз жолдарын тауып, ата-аналарына сүйеу болып отыр. Тұрсынай «Ютария» өндірістік-инновациялық компаниясы Жезқазған филиалының директоры, күйеу баласы Ербол ішкі істер органында қызмет істеді. Ұлы Бейбіт пен келіні Ардақ Алматыда өз кәсіптерін дөңгелете білуде. Үш немересін қызықтап Шахмұрат пен Нүрия оларға да барып тұрады. Алданыш болып, келіп-кетіп тұратын жиен немерелер де баршылық. Иә, өмір шуағына бөлену дегеніміздің өзі осы емес пе!
Амандық РАХҰЛЫ.