Газетіміздің 13 қаңтардағы № 1 санында осындай тақырыппен журналист Амандық Рахұлының көпшілікке ой салған мақаласы жарияланған еді. Онда о дүниелік болған адамды жөнелту амалдарымен қатар, бүгінде ел арасында жиі айтылатын жаназа кезіндегі ысырапшылдық, қатардан қалмау үшін әсіре бәсекелестік жайлы мәселе көтеріліп, жан-жақты ой қозғалған болатын. Газет көтерген осы мәселеге орай, редакцияға хабарласқан оқырмандар өз пікірлерін ортаға сала бастады. Төменде жазылған жайға үн қосқан оқырмандардың ой-толғамдарын жариялай отырып, тағы да пікір білдірушілер бар болса бұл тақырыпты әлі де жалғастыру мүмкіндігінің бар екенін еске салғымыз келеді.
«Мысты өңір» газетінде жарияланған «Өлік жөнелтудегі ысырапшылдық» деген мақаланы оқыдық. Көпшілікке мәлім бұл мәселеге әркімнің көзқарасы әртүрлі. Біз де өзімізше ой таразысынан өткіздік. Иә, «тумақ барда – өлмек бар». Түркі дүниесінің ойшылы Жүсіп Баласұғын: «Бұл дүниеде екі-ақ есік бар. Бірі – өмірге қарай ашылады, екіншісі – өлімге қарай ашады. Бірінші есікке енген адам екінші есікке де енеді», – деген екен. Яғни, өлімнен ешкімнің қашып құтыла алмайтыны ақиқат. Ал, енді өлген адамды қалай жөнелтеміз? Шариғат жолы не айтады? Әркім осыған орай қайтқан адамды соңғы сапарға жөн-жобасымен шығарып салуға тырысатыны белгілі. Ал, мақалада көтерілген ысырапшылдық жайлы айтар болсақ, бұл – ел арасында айтылғанмен, бір жүйеге түспей жүрген мәселе. Осыдан екі-үш жылдай бұрын жаназа намазына әйелдер бой көрсетпей, ер адамдарды ғана қатыстыру, сол күні дәм бермеу жайлы уағыздалып айтылғаны есте. Бірақ, бұл ұйғарымның орындалғанын көре қойған жоқпыз. Өлікке қатысты шараларды әркім өз қалауынша атқаруда. Сөз жүзінде айтылғанмен, іс жүзінде әркім әр жаққа тартады.
Жалпы, осы мәселелердің қисынына үңіліп көрейікші. Мәйіттің жамбасы жерге тимей дәм берілмесін, өлік шыққан үйден дәм ішпеу керек дейді. Көрші үйден берілгені дұрыс дегенді айтады. Мәселен, ертеде бір өзеннің бойында жалғыз үй жайлап, қыстаған кезеңдер болды. Қайғылы жағдай болған уақытта олар не істеді екен? Үш күн бойы дастарқан жаймай отырмаған шығар. Ал, одан беріде, яғни осыдан 20-30 жылдай бұрын біреудің кісісі өлсе, қайғыға ортақтасып көңіл айтып келген адамдарды көршінің үйінде дастарқан жайып, дәм ішкізген меймандостық үрдістің болғанын көзіміз көрді. Бүгінде жағдай басқаша. Бұрынғы ниет жоқ. Көрші тұрмақ, ағайынның да бір-бірімен етене жақын араласуы азайып бара жатқаны жасырын емес. Бір кіреберісте тұратын көршілер бірінің үйіне бірі кіре бермейтін, шынайы пейілмен араласа қоймайтын жағдайға жеттік. Осындай жағдайда кісісі өлген үйдің адамдарына көрші пәтерден дәм берейік деудің өзі бір ерсі дүние сияқты көрінеді. «Өліктің жамбасы жерге тимей дәм берілмесін» деген уағыздың да ойланатын тұсы аз емес. Айталық, Жезқазғанда қайтқан бір адамды Жаңаарқаға немесе Ұлытаудағы қорымына апарып жерлейтін жағдай болады. Сонда соншама уақыт өткенше дәм ішпей отыру мүмкін бе? Бізде бір нәрсені осылайша дабыралатып айтамыз да оның арғы жағын тиянақтауға жете көңіл бөліне бермейді.
Марқұмдарға құран бағыштап еске алатын бейсенбісі, жетісі деген дәстүрлеріміз бар. Осы бейсенбісін атап өткізу жөнінде шариғат кітаптарында бар ма? Мен ақсақалдар бас қосқан біраз жерлерде бұл жөнінде сұрап, тұщымды жауап ала алмадым. Тек қана Пайғамбарымыздың бір сөзін келтіреді. «Мені еске алсаңдар 7 күннен, 40 және 100 күннен кейін келіп тұрыңдар, құран бағыштаңдар» деген деп. Ал, бейсенбі жөнінде ештеңе жоқ. Осыған байланысты мен былай ойлаймын. Кісі қайтыс болғанда, жаназа намазы боларда қазақ бәрібір мал сояды. Жан-жақтан қайғыны бөлісуге ағайын-туыс жиналады. Осындай кезде жалпы елге дәм бермей, алыстан келгендерге дәм берілсін дейді. Боса да дәм берілген соң неменеге алалаймыз. Мысалы, мен Қарсақбайда тұрамын. Бұл жерде бір жерден жөнелтетін ыңғайлы үлкен орын жоқ. Жер-жерден келген адамдарды үйді-үйге бөлеміз. Сонда «сен кір, сен қал» деп адамдарды бөліп жату қисынға келе ме? Жетісін бергенде тағы мал сойылатын жағдай болады. Сондықтан, ысырапшылдыққа тосқауыл қоямыз десек, бейсенбі мен жетісінде шығындалмай, дәм беру рәсімін сол ел жиналған жаназадан соң атқарған қолайлы болады деп ойлаймын.
«Қуанышты бөліссең көбейеді, қайғыны бөліссең азаяды» дегендей, адамы қайтқан үйге көңіл айтып, қайғылы көңілді жұбату үшін жанашыр адамдар жиналатыны белгілі. Дегенмен, мақалада айтылғандай, азын-аулақ бата жасадық деп құдайы астың дастарқанынан жаппай қалмай, жастар мен қыз-келіншектерге дейін барудан тыйылсақ орынды болар еді. Дастарқан басындағыларға пакет таратылатыны бар. Қазір мата таратпаса да пакетке орамал, жайнамаз сияқты бір кәделі бұйым беріледі. Енді сол пакет алғандардың дастарқандағы тағамдардан салып алатын әбестік қылығын да көріп жүрміз. Ұрлық жасағандай, үй иесінің рұқсатынсыз дастарқан үстіндегі тағамдарды бас салып алып кету деген ұят емес пе. Бұған да бір тыйым керек сияқты. Бейіт көтерудегі біреуден біреудің асырып салуға ұмтылуы да – нағыз ысырапшылдық. Бәсекелестікке айналған осы жағдайға тоқтау салу жөнінде дін өкілдері тарапынан жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарын көріп жүрген жоқпыз. Тағы бір көңілімнен кетпей жүрген жай, бұрынғы кезеңдегі діндарларымыздың мұсылман қауымына тән өлік жөнелтудегі атқаратын салттарынан, оның ішінде дәлел тарту, қабір басынан тарқардағы талқы оқу деген амалдардан айрылып барамыз. Осы жөнінде де ойласып, бір тоқтамға келген жөн сияқты.
Негізінде, бірер адамның пікір білдіріп, газет бетінде мәселе көтерілгенімен бұл үлкен шара өз орнына келе қоймайды. Көпшіліктің өлік жөнелтуге қатысты ортақ шешімге келуі оңай шаруа емес. Бұл бағытта жан-жақты жұмыстар қолға алынса дейміз. Соның бірі ретінде облыстық қоғамдық кеңес, Ардагерлер кеңесі мешіт қызметкерлерімен бірлесіп, ақсақалдардың басын қосып кең көлемде талқылау шарасын өткізсе деймін. Ол кездесуге Қазақстан Діни басқармасының пәтуа бөлімінен арнайы өкіл шақыртса да артық болмас еді. Әркім әр жаққа тартқанды қойып, осындай алқалы жиында ортақ шешімге келуіміз керек.
Тоңболат МҰХАНҰЛЫ,
облыстық Ардагерлер кеңесінің мүшесі,
Қарсақбай кентінің тұрғыны.
ОРЫНДЫ ПІКІРЛЕРГЕ ҚҰЛАҚ ҚОЯЛЫҚ
Мақалада көңілге қонымды жайттар қозғалған екен. Өзім орынды деп тапқан пікірлерге жеке-жеке тоқталғым келіп отыр.
«Мұсылманшылық салты бойынша қаралы үйден 3 күнге дейін дәм берілмеген» делініпті мақалада. Бұл мәселеге жете назар аудару керек-ақ. Қаралы үйде дәм берілмеу керектігі жайлы сөз бола қалса, мұны сөкет көретіндер бар. «Ежелден келе жатқан ата-бабамыздың дәстүрі емес пе, жаназасында көпшілікке ас беру, оны бұзу ұят» дейтіндер бұрыннан келе жатқан жөн-жоралғыны бұзбау туралы ақыл айтар еді. Сөйтсек, бұл қате түсінік екен. Жаназасынан кейін ас беру ата-бабамыз ұстанған дәстүр емес көрінеді. Бұл кейінгілердің ойлап тапқаны болып шықты. Мақаладағы «Өткеннен хабары бар жандар жақсы біледі, мұсылманшылық салты бойынша қаралы үйден 3 күнге дейін дәм берілмеген», – деп Қадыр қажының айтқанынан осыны ұғындық. Ендеше, осы атабаба дәстүрін ұстануымыз керек.
«Жалпы, мәйітті жерлеген күні көпшілік халыққа дәм бермей-ақ, алыстан келгендерге және қабір басына барғандарға ғана дастарқан жайса деймін. Ал, жетісін берген күні дәм беруге рұқсат деп айтып жүрміз» – деген Қуанышбек ақсақалдың мақаладағы ойын өте орынды деп білемін.
Марқұмның жетісіне орай берілген құдайы асын бірінен соң бірі сөз сөйлеп, шынында да жиналысқа айналдырып жіберушілік тым ерсі-ақ. Еске алып, естелік айтуға қырқы мен жылын беру сәтінде рұқсат етілсе.
Осы айтылған жайттарды берік қағидаға айналдыруға кім ұйытқы болуға тиіс? Әрине, олар – мешіт имамдары. Ол дін өкілдерінің сөзі жұртшылыққа өтімді. Имамдар мешіт жанындағы ақылдастар алқасына елге сыйлы ақсақалдарымыздың басын қоса отырып, бір пәтуаға келулері керек. Ол пәтуа талаптарының мүлтіксіз орындалуын көпшілікке жеткізу қажет. Мақалада көтерілген жайттар енді құр сөз жүзінде қалмаса екен.
Имамдарымыз бен ақсақалдарымыздың ұйғарымын ескермеу, біле-білсек, елдігімізге сын. Бұра тартушылық бола қоймасына сенімдімін. Бір кездері құдайы ас үстінде бейнетаспалар көрсету әдетке айналған еді ғой. Имамдар бас болып, оны қойдырды. Марқұмның жетісін бейсенбі күнге орайластыру ұйғарымы да бүгінде мүлтіксіз орындалуда. «Мысты өңір» газеті көтеріп отырған мына жайттардың да орындалуына көпшілік ықыласты болса керек.
Жаманқұл ҚАРАМАНОВ,
ардагер оқытушы.