Тумақ бар жерде – өлмек бар. Бұл – өмірзаңы. Қазақ халқы шама-шарқысынша, о дүниелік болған адамын дәстүрге сай қастерлеп ұзатады. Өлік жөнел туамалдары ислам дініне сай Құран кәрімнің тағылымдары бойынша атқарылады. Алайда, бүгінде ел арасында жаназа кезіндегі ысырапшылдық, қатардан қалмаймыз деген әсіре бәсекешілдік жайлы көп айтылуда. «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөзді де халық бекер айтпаса керек. Адамынан айрылып, қайғы жұтып отырған шаңырақтың орынсыз шығындалып, ысырапшылдық жасауы қаншалықты қисынды? Дін өкілдерімен ақсақалдар тарапынан осыған ықпал ету шаралары жасала ма? Бүгінгі әңгімеміздің арқауы осы жөнінде болмақ.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы тарапынан «Жаназа пәтуасы» деген нұсқаулық кітапша шығарылған. Ханафи мәзhабына сай дайындалған пәтуада жаназа мәселесін шариғатқа сай етіп, бірізділікке түсіру мақсаты көзделген. Жаназада тірілердің істейтін төрт амалы бар. Біріншісі – кебін, 25 метрлік матаны пішіп, арулап көмуге дайындайды. Мәйітті жуу мәселесі, жууға етжақындары кіргізіледі. Жуған кезде ескерілетін басты жайт: кіргізілетін адамдар сыр шашпайтын, ауыздарына бері кболуы шарт. Одан соң – жаназасын оқу. Марқұмды соңғы сапарға шығарып салуға барған ер азаматтың барлығы да жаназа намазына қатысуға міндетті. Кейбір кезде жаназа намазына тек жақындары қатысып, қалған адамдардың қолды қалтасына салып, шеттеп тұратыны да байқалады. Онымен қоса, өлік жөнелтуге жиналғандан емесе қонақасы дастарқанында даурыға сөйлесіп, орынсыз күліп отыратын келеңсіз жағдай да көрініс беріп қалады. «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол, қаза көрген жүрегі жаралы – ол», – деп Абай айтқан сөзді де есте ұстаған жөн болар.
Кейде ақтық сапарға шығарып саларда тиын шашу, жыртыс тарату сияқты әрекеттер орындалып жатады. Бұл дұрыс емес, ысырапшылдыққа жатады дейді. Бәз біреулердің пікірінше, өлген жан көзінің тірісінде біреуден мата немесе қандай да бір зат алған шығар, соның өтемі болсын деп береді екен. Мүфтияттың ұйғарымдарына сүйенсек, беретін нәрселерінің барлығын адам көзі тірісінде жасауы қажет. Қайырымды істерді де көзі тірісінде орындаған абзал. Өлгеннен кейін артынан жыртыс беріп, ақша тарату ысырапшылдық болып есептеледі. Жалпы, мұсылман қауымы өлік шыққан үйге салмақ салмағанды дұрыс санайды. Бірақ, осы талаптың сақтала бермейтінін көріп жүрміз. Осы жайлы пікір қосқан жұртшылықтың біразы: «неге біздер қаралы үйге көңіл айтып, бата жасаған соң дастарқанын күтіп жүреміз. Намазда сапқа тұру, жерлеуге қатысып ақтық сапарға шығарып салу парыз болар. Ал, топты көбейтіп, қонақасы дастарқанынан міндетті түрде қалмау қаншалықты дұрыс? Біреудің жағдайы бар, мүмкін біреудің жағдайы жоқ шығар», – дейді. Шындығында адам көп жиналған қонақасылар да екі жылқы сойылады. Табақ-табақ ет тартылады. Қазір ту биелердің бағасы 650-700 мың теңгеден болып тұрған кезде мұндай шығынды әркім әрқалай көтереді. Қарызданып-қауғаланып қалатын жандар да бар. Оның үстіне өлік жөнелтудің дастарқан мәзірі де той дастарқанымен пара-пар болып барады. Мұның барлығы қайғыға батып, қара жамылып отырған отбасына оңай емес. Осыған орай мұсылманшылық салт-дәстүрлеріміздің ортасында жүрген, топқа сөзі өтеді деген ақсақалдарымызбен де пікірлесіп, әңгімелескенедік.
– Бұрын өлік жөнелтуге, құдайы ас беруге қатысты шаруаның бәрін сол әулеттің бір үлкені басқарушы еді. Қазір сол салтымыз қалып барады. Әсіресе, дастарқанға қатысты шаруаға келгенде әйелдер билеп, айтқанды тыңдамайтын болды. «Ойбай, ұят болады» деп барын шашашылады. Ысырапшылдық осыдан туындайды. Жалпы, мәйітті жерлеген күні көпшілік халыққа дәм бермей-ақ, алыстан келгендерге және қабір басына барғандарға ғана дастарқан жайса деймін. Ал, жетісін берген күні дәм беруге рұқсат деп айтып жүрміз. Бірақ, халық осыны қабылдап, тыңдай қоймайды. Негізінде, жетісін беру, қырқын беру құранда да, шариғатта да жоқ. Бұлар – халқымыздың ежелден қалыптасқан салты. Оған қарсы айтар уәжіміз жоқ. Тек орынсыз ысырапшылдық болмағаны дұрыс, – дейді Жезқазған қаласындағы ақсақалдардың бірі Қуанышбек Нарбаев.
Осы тұрғыда пікірін білдірген қаламыздың Құрметті азаматы Қадыр қажы Үңгітбаев та өз ойын былайша өрбіткен еді:
– Өткеннен хабары бар жандар жақсы біледі, мұсылманшылық салты бойынша қаралы үйден 3 күнге дейін дәм берілмеген. Көрші-көлемдерінің ас-су әзірлеп, ықылас танытуы болған. Жалпы, өліктің жамбасы жерге тигенше дәм ішпеген. Ал, біздің мешіттер, ондағы дін иуағыз айтатын имамдарымыз бүгінде 3 күнге дейін дәм ішпеу жөніндегі пәтуаның орындалысын қамтамасыз ете алмай қалды. Той дастарқанындай аста-төк болмасын деп пәтуада құдайы дастарқанға қойылатын ас мәзіріне дейін көрсетілген. Көбінесе бұл қағида ескерілмейтін болып барады. Пәтуа талаптарын әсіресе, сән-салтанаты басым мейрамханалар дадастарқан жаятын бай-бағыландар ұстамайтын болды. Тағы бір көңілге қонбайтын жайларды да айта кетейін. Қайтқанадамныңқұдайыасындасөзсөйлеп, жиналысқа айналдыру дұрыс емес. Мүмкін, жылдық асын өткізген кезде еске алып, естелік айтуға болар. Қарап отырсаңыз бізде күмбездеп зират көтеру де бәсекеге, атақ-даңқ шығарудың амалына айналып барады. Осының бәрін реттеп отыруға мешіт тарапынан жүйелі жұмыстар болса деп ойлаймын, – дейді Қадыр қажы.
Негізінде, бұл мәселелер төңірегінде мүфтият тарапынан да аз айтылып жүрген жоқ. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажыТағанұлы өткен жолы Шымкентте зиялы қауым өкілдерімен және ақсақалдармен кездескенде: «Ел ішінде ас беру мен зират көтеруде ысырапқа жол беріп жатқан жандар аз емес. Осы мәселеге де қарияларымыз назар аударып, қоғамның қаперіне сала жүрсе. Зәулім кесене тұрғызуға, аста-төк ас беруге жұмсалған артық шығын қайырымдылыққа, халықты ағарту ісіне берілсе нұр үстіне нұр болар еді», – деп тағы бір еске салғанын естідік. Дегенмен, біздегі төменгі жақтағы имамдардың бұл тұрғыдағы істері мен амалдарына көпшіліктің көңілі тола бермейтіні байқалады. Пәтуа талаптарының орындалуына ықпал ету үшін ақсақалдардың басын қосып, мешіт жанынан ақылдастар алқасын құруды ойластырса. Дін өкілдері өлік жөнелтумен құдайы астарда ғана бой көрсетпей, бұқара халықтың арасында жанды жұмыстаржүргізуі керек. Имамдар жамағатқа уағызды да жөнімен айта білуі ләзім. Көбіне біздегі уағыздар намазға жығылу, о дүниедегі тозақпен қорқыту төңірегіндегі әңгімелерден аспайды. «Елімізде 6 мыңғажуық имам бар, бәрі бірдей емес», – деп мұны ҚМДБ өкілдері де мойындап отыр.
Тас түскен жеріне ауыр. Ет жақынынан айрылып, қабырғалары қайысып жатқан жандар өлік жөнелтуді үлкен сын деп қабылдайтыны да анық. Қалай болғанда да қайтыс болған қимас адамын соңғы сапарға әркім бар мүмкіндігін салып, жолынан жығылмай қастерлеп шығарып салуға тырысады. Ысырапшылдық жайлы білсе де көпшіліктің қатарынан қалғысы келмейді. Сондықтан да, бұл шетін мәселені өңіріміздегі көпшілік қауымының талқысына салып, тағы да бір ортақ шешімге келсе, артық болмас деп ойлаймыз. Бұған жергілікті мешіттегі дін өкілдері не дейді? Көпшілік жұрт не айтады?
Амандық РАХҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.