Аптаның алғашқы күні Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен облыс әкімдігінің кеңейтілген аппарат жиыны өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Ұлытау облысын дамытудың кешенді жоспары
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Ұлытау облысының әкімдігі Үкіметпен бірлесіп Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеген болатын. Аталған құжат өңір өркендеуіне негізделген маңызды 9 бағытты қамтиды. Аймақ басшысы: «Кешенді жоспарға қолдау бар. Кеше өңірімізге келген Премьер-министр проблемаларды шешуге күш саламыз деді. Ендігі мәселе кешенді жоспарды жоспарға сай орындау», – деп атап өтті.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жеңіс Әлімжан баяндады. Қаланың бас жоспарына сәйкес биыл 11 үйдің құрылысы басталады деген болатын. Алайда, құжаттар әлі де дайын емес.
Қаражал қаласындағы осал топтарға жататын азаматтарға баспана мәселесін шешу де осы кешенді жоспарға енген. Дегенмен, ережесі бекімеген. Аймақ басшысы бұл мәселені бір жақты етуді тапсырды. Жалпы, құрылыссаласы бойынша кешенді жоспардағы жобалардың барлығына егжей-тегжейлі тоқталып өткен облыс әкімі басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді. Күн тәртібіндегі келесі мәселе – Жездідегі 160 орынға арналған денешынықтыру-сауықтыру орталығының құрылысы. Оған 2022 жылы бюджеттен 383 млн теңге бөлініп игерілмей қалған. Биыл ортылықтың құрылысына тағы да облыстық бюджеттен 143 млн теңге, аудандық бюджеттен 89 млн теңге бөлініп отыр. Алайда, қазір құрылыс тоқтап тұр. Берік Әбдіғалиұлы жыр болған денешынықтыру-сауықтыру орталығын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.