Өткен жұмада Ұлытау облысы әкімі аппаратының басшысы Абзал Жайлыбаев өңірдегі барлық дін өкілдерімен жүздесу өткізді. Жиын барысында тараптар өзара пікір алмасып, дінаралық қарым-қатынас мәселелерін талқылады. Діни бірлестіктер басшыларына Ұлытау облысы діни бірлестіктері клубының тұжырымдамасы ұсынылып, бірауыздан қолдау тапты.
– Бұл клубты құру көптен ойымызда жүрген шаруа еді. Себебі, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бізде барлық дін өкілдері бір шаңырақ астында әрдайым бірлікте болу керек. Бүгінгі жиында клуб жұмысы жөнінде бірнеше ұсыныстарымызды айттық, алдағы жоспарларымызды сараптадық, – деді дінтанушы Дмитрий Полтаренко.
Клубтың басты мақсаты – діни саладағы өзекті мәселелерді дер уақытында талқылап, аталған бағытта ақпараттық түсіндірме жұмыстары мен түрлі шаралар ұйымдастырып, конфессияаралық қатынастарды дамыту, облыстың түрлі діни бірлестіктері арасындағы өзара түсіністікті нығайту.
Клуб өз қызметінде мемлекеттік органдармен, діни және басқа да қоғамдық бірлестіктермен, сондай-ақ, аймақтық деңгейдегі үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-шара жүргізе алады.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.