Кеншілердің шап-шағын шырайлы шаһары кейінгі кезде керегесін кеңге жайып келеді. Әсіресе, соңғы бес-алты жылда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілді. Түрлі қаржыландыру көзінен көптеген келісті үй салынды. Қаланың оңтүстік-батыс қапталынан тұрмысқа қолайлы коттеждерден тұратын қалашық бой көтерді. Ал, «Нұрлы мекен» ықшам ауданы – қала тарихындағы айтулы жетістік десек, артық емес.
Кені алынған кеңістіктің үстіндегі қауiптi қоныстан тұрғындарды көшiру мәселесі кеңестік кезеңде-ақ көтерілген. Алайда, алаңдатарлық ахуал әртүрлі деңгейдегі мінберден айтылғанымен, іс ілгері жылжымай-ақ қойды. Ол кезде кез-келген мәселе Мәскеу мақұлдаса ғана шешілетін. Кейде әлеуметтiк қажеттiлiкке не қаржы, не материалдық ресурс «табылмай» қалатын. Сондай салқын көзқарастан он жылда екi елдi мекен: «Комсомол» мен «Төртiншi ауыл» әрең қалаға қарай қоныс аударды.
Жылда мемлекеттiк деңгейде шешiм қабылданып, қаражат көлемi, мердігер мен нысанды iске қосу мерзiмi айқындалғанмен, көпшiлiгi қағаз жүзiнде қалды. 1982 жылы көктемде облыстық атқару комитетi кезектi кестесiн бекiткен бағдарламаның да бағы жанбады. 1988 жылы қазанда кендi аймаққа КСРО Министрлер Кеңесi төрағасының орынбасары Ю.Баталин бастаған комиссия келдi. Ол облыстық атқару комитетiнде тұрғын үй салуды жеделдетуді қаузады. Кеңестен кейiн бәрi бос сөз екені белгілі болды.
Ал, аймақ үшiн өткiр мәселенің маңызы одан әрі артты. Тұрғындарды көшiру тағы күн тәртiбiне шықты. Жезқазған-Ұлытау аймағын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020ж.ж. арналған кешенді жоспарына енгiзілдi. Жезқазған кентi мен оған iргелес 3-4 елдi-мекенді кезең-кезеңмен көшiруге бюджеттен 35 млрд. 397 млн. теңге қарастырылды. Оның 18 млрд. 580 млн. теңгесiн үй салуға, 16 млрд. 817 млн. теңгесiн инфрақұрылымға жұмсау көзделді.
Енді қала әкімдігінен алынған анықтамадан үзінді келтірейік: «2015-2016ж.ж. бес қабатты 15 тұрғын үй пайдалануға берілді, ал 2016 жылы бес қабатты 25 тұрғын үйдің құрылысы басталды. 2017 жылы бес қабатты 25 тұрғын үй іске қосылды». Әрине, мұндай ауқымды шаруаның шалғайына жармасып, кедергі келтіретін қиындық көп. Бұл жерде жергілікті билік қажырлы қимыл көрсетті.
Қаланың солтүстік-батысындағы бір кезде бос жатқан жер бүгінде «Нұрлы мекен» ықшам ауданына айналған. 2016-2020ж.ж. 45 көп қабатты тұрғын үй салынды. Бұл – 2 199 пәтер. 600 оқушыға арналған орта мектеп, сот, прокуратура және ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшесі орналасқан еңселі ғимарат, «Ұлы дала» шағын маркет желісінің 2 әлеуметтік павильоны, неке сарайы пайдалануға берілді.
Әлібек ӘБДІРАШ.
СӘТБАЕВ қаласы.