Жер бетін арулармен, ардақты да аяулы аналарымызбен құлпыртып қойған ғой. Жаны нәзік, мейірімге толы арулар мен аналардың жылына бір келетін мерекесінде ғана емес, күнделікті құрметімізді көрсетіп жатсақ, олардың да мерейі үстем болады.
Көктем лебі сезіліп, тіршілік жаңарар тұста сол аяулы жандардың мерекесін атап өтеміз. 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай нәзік жандарға деген құрмет екі еселей түсетіні шындық.
Биыл да «КәсіпҚорған» кәсіподағының Жезқазған филиалы өндірістің әр буынында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерге ілтипат сезімін білдіруді ұмытпады. «Жыланды» кенішіндегі «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті мен кеніш басшылығы ұжымдағы озаттарды ұлықтап, сый-құрмет көрсетті. Кеніш директоры Нұрболат Байсадықов кәсіподақтың «Еңбек озаты» және «Кәсіподақтың Құрметті қайраткері» төсбелгілерін табыс етті.
Ұжымнан «Еңбек озаты» төсбелгісіне телім маркшейдері Әсел Есмағанбетова ие болса, геологиялық жұмыстар бойынша тау-кен жұмысшысы Ақтолқын Қонырбаева «Кәсіподақтың Құрметті қайраткері» төсбелгісін омырауына тақты. Сондай-ақ, мереке қарсаңында кәсіподақтың Құрмет грамоталарына Жанат Шүменбаева, Рая Айранбаева, Бақытжамал Отыншева, Ақнұр Жақсыбаева, Айша Бейсенбекова ие болды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.