1846 жылы орыстардың әскери отряды Ұлытау бекетін салады. Онда қызмет атқарған жауынгерлерге Қорғасын кенішін және бірінші мақалада тілге тиек етілген Никон Ушаковтың кен орындарын қорғау жүктеледі.
Покровск, Крестовоздвиженск, Петропавловск, Никольск, Спасск және Златоустовск кен орындары орналасқан жерді жалға алған Н. Ушаков иелері Бабыр Бөкеншіұлы мен Шияқ Таңсықбергеновке 100 күміс ақшадан төлейді. Келісім-шартты 1850 жылы 16 желтоқсанда Көкшетау округінің басшысы куәландырып, Алтай кен басқармасы бекітеді.
- Сібір синдикаты
ХІХ ғасырдың ортасында өндіріспен айналысатын көпестер Никон Ушаков, Аникий Рязанов және Тит Зотов компания құрады. Кейін оған толық құқылы мүше ретінде мыс балқыту өндірісін орналастыру жобасын жасауда белсенділік танытқан кеңесші Николай Севастьянов қосылады. Осылайша қазақ даласында пайда болған алғашқы акционерлік компания Ақбұйратадыр шатқалында Спасск-Воскресенск және Өспен кенішінде өндірілген кен мен отын ретінде Қарағанды қапталындағы көмірді пайдаланған Спасск мыс қорыту заводын салады.
Ұлытау өңіріндегі кен орындарына бұл кезде қайла тимеген болатын. Спасск заводының 500 шақырымға жуық қашықтығы, кен тасымалдаудың қиындығы мен оны өңдеудің өзіндік күрделілігі, қомақты қаражат шығару қажеттігі Жезқазған жағының құнарлы шикізатын игеруге мүмкіндік бермеді. Бірақ, одан айрылып қалмауды ойлаған көпестер анда-санда тексеріс жасап, ескі үйінділердегі шұрайлы шикізатты екшеп, реті келсе сатып жіберу жағын қарастырды. Ондай қалтасы қалың сатып алушы да көп күттірген жоқ.
ХХ ғасырдың басында кейбір кен орнының қорын жоғары бағалаған шетелдік мамандар патшалық Россияның көмегімен қазақ жеріне келе бастайды. «Сібірде кен іздейді» деген желеумен Лондонда Сібір синдикаты ұйымдастырылады. Ағайынды Нельсон мен Артур Фелл айдаладағы Англияда жатып «Спасск мыс кен орындары» акционерлік қоғамын құрады. Ол Спасск заводын, Спасск-Воскресенск және Өспен кеніштерін, Саран мен Қарағанды көмірін Рязанов пен көпес Козицынның әйелінен үш жылға жалға алады.
Жезқазғандағы кен орындарына ағылшындық алпауыттардың аңсары 1903 жылы-ақ ауған болатын. Сол сәттен бастап оны қолға түсірудің қамына кіріседі. Сосын Сібір синдикатының көмегімен Атбасар өндірісін біртіндеп ала бастайды. Бұл жерде айта кететін нәрсе, Қазан төңкерісіне дейін Жезқазған аймағы әкімшілік жағынан орталығы Жезқазғанның солтүстік шығысында жатқан Атбасар уезіне қараған.
Ағылшын инженері Уест Жезқазған кен орнының шикізат үлгілерін Лондонға жеткізгенде, ондағы өндірісшілер құрамындағы металдың молдығына таң-тамаша болып, қатты қуанады. 1906 жылы қарашада жаңа «Атбасар мыс кен орындары» акционерлік қоғамын құрады. Жезқазған мыс кен орындарын барлау жұмысын жүргізу үшін Рязановтың компаниясынан ресми түрде екі жылға, 1909 жылдың сәуіріне дейін жалға алады. 1907 жылы Жезқазған жеріне табаны тиген акционерлік қоғамның өкілдері мен мамандары уақыт өткізбей, барлау жұмысын бастап жібереді.
Барлаудың бастапқы нәтижесі мамандардың көңілінен шықты: кен құрамындағы металдың үлесі 6-32 % екені анықталды. Кен орнынан шикізат өндірудің әдісі туралы мәселені шешу үшін 1908 жылы Жезқазғанға ағылшындық инженер Гарвей келеді. Лондонға қайтқан ол акционерлер жиналысында Жезқазған аса құнарлы әрі мыс қоры мол әлемдегі ірі және келешегі келісті кен орны екенін мәлімдейді. Бұл хабарға құлшынған Америка мен Францияның кәсіпкерлері «Атбасар ісіне» қомақты қаражат құяды.
Бұл кезде Рязановтар Жезқазған мыс кен орнын жалға берген уақыты – сәуірге жеткізбей, 1909 жылы 1 қаңтарда шетелдік кәсіпшілердің жалдамалы агенті, Россияның құзырындағы азамат (подданный) фон-Штейнге 260 мың рубльге сатып жібереді. Жезқазған мыс кен орнынан басқа Есқұла шатқалындағы темір кеніші, әк карьерлері және Байқоңырдағы таскөмір кен орны Атбасар акционерлік қоғамының қол астына өтеді. Бұл Сібір синдикатына жергілікті арзан жұмыс күшімен мол пайдаға кенелуіне мүмкіндік тудырады.
Ағылшын шахтасы
Артур Фелл басқарма төрағасы, Александр Дэвидсон – директор, Е. В. Паркер – құрметті директор, Д. Н. Дуглас – маклер, Г. А. Скотт заңгер болып тағайындалған жаңа қоғамның акциялары Англияда саудаланады. Олардың көпшілігі Спасск компаниясының да акционері болып табылатын еді. Кен орнындағы жұмысқа техникалық басшылық жасау үшін инженер Альджернон Нобель шақырылады. 1911 жылы мамырда Спасск қоғамы Атбасар қоғамы акцияларының біраз бөлігін сатып алады. Ал, 1913 жылы қоғамның негізгі қорын қалтасына басады.
Сөйтіп, Россия өкіметінің ресми рұқсатын алған Спасск компаниясы Жезқазған төңірегіндегі 21 мыс кен орнының, Есқұла шатқалындағы темір кенішінің, 18 әк карьерінің, Байқоңырдағы 23 шаршы шақырым аумақты алып жатқан 20 таскөмір көзінің, құрылысы басталған Қарсақбай мыс қорыту заводының егесі болып шыға келеді. Бұған өзінде бұрыннан бар Спасск-Воскресенск кеніші мен заводын, Өспен мыс кенішін, Сарысу байыту фабрикасын, Саран мен Қарағанды көмірін, Сасыққарасудағы екі темір кенішін қосыңыз.
Забойда
Спасск компаниясының акциялары бір мезгілде Париж бен Лондон биржаларында сауда айналымына шығарылады. Спасск қоғамы акцияларын бақылау пакетін ұстаған ағылшын-француз қатысушылары ғана емес, Америка, Германия, Швеция, Австрия, Испания және басқа бірқатар ел қаржыгерлері де иеленеді. Оған Лондон-Леверпуль коммерциялық, Дрездень, Неміс сияқты – шетелдік, Азов-Дон, Орыс-Азия, Сібір, Москва, Орыс-Сауда өнеркәсібі, Петербург жекеменшік коммерциялық сияқты Россия банктері де қызығушылық танытады.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Суреттер Қ. Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейден алынды.