Бүгінде қасиетті Ұлытаудың атын алған жаңа облыс Қазақ елінің қақ ортасында жатқан Сарыарқадағы сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басындағы Жезқазған облысының жалғасы. Сол кезеңде еліміздегі территориясы жағынан ең үлкен облыс Жезқазған облысының ашылуына ондағы алып өндіріс орнының әсері болған еді. Қазақ түсті металлургия өндірісінің қара шаңырағы – Қарсақбай мыс зауыты жиырмасыншы ғасырдың басында патша билеген кезеңде ашылса, кеңес өкіметі кезінде академик Қаныш Сәтбаевтың белсенділігі мен дәлелдеп, дәйектей білуінің арқасында Жезқазған өндірістік комбинаты пайда болып, Қарсақбай қайта жаңғырды.
«Жезқазғантүсмет» өндірістік комбинатында көне Қарсақбай зауытынан басқа жаңа Мыс зауыты, Байыту фабрикасы, Механикалық зауыты және бірнеше кен өндіруші рудниктер пайда болды. Аталған өндіріс орындарына түрлі қызмет көрсетуші кәсіпорындарын қоса алғанда алып комбинатта 1980-ші жылдары 25 мыңдай адам еңбек етті. Ондаған кәсіпорындардың басын біріктірген алып комбинаттың үлкен ұжымының арасындағы байланыс пен қарым-қатынасты, атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетіп, еселі еңбек етушілерді өзгелерге өнеге ету мақсатында 1988 жылы 30 шілдеде комбинат басшылығы өзінің ақпарат құралын «За медь» – «Мысты өңір» апталық газетін ашты. Газет сол кездегі солақай саясаттың әсерімен орыс тілінде шығып, қазақ тіліне аударылып таратылды. Оның үстіне басшылықты айтпағанда өндіріс орындары мен кәсіпорын, мекемелерде еңбек етушілердің де арасында орыстілділер басым еді.
Мен ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген соң жолдаманы Жезқазған-Ұлытау өңіріне алдым. Оған студенттік шақта бірге оқып, бірге жүрген қарсақбайлық жігіттер – Айтқадыр Тілеуов пен Төлеш Асановтың ықпалы болды. Екі досыммен Жезқазғанға барып қазақ жұмысшы табының қара шаңырағы Қарсақбайды көріп, облыстық «Жезқазған туы» газетінде өндірістік тәжірибеден өтіп, халқымен араласып, білістім. Арқаның азаматтарының ақжүректігі, дархандығы мен қазақи қалыпты мінез-құлқы ұнап, дипломымды алған соң Жезқазғанға жол тарттым.
Облыстық газеттің редакторы Ұзақбай Төлеуовтың өндірістік тәжірибеден өткенде «Бітірген соң біздің газетке кел» деген сөзі де Жезқазғанды таңдауыма себеп болды. Осылай «Жезқазған туы» газетінде екі-үш жыл жұмыс жасап, жауапты хатшының орынбасары болып істеп жүргенде отбасылы болып, соның жағдайымен елге көшуге тура келді. Дегенмен Оңтүстігімде де ұзақ бола алмай дәрігерлердің «жер ауыстыру қажет» деген кеңесімен ақпан айының ақтүтек боранында Жезқазған жеріне қайта оралдым. Оралған бетте облыстық газеттен орын табылғанмен баспана жағы қиындау тиді. Сол кезде газетте бөлім басшысы болып істейтін Мақұлбек Рысдәулет «Аманғали, әзірше комбинаттың «Мысты өңір» газетіне бар, оның редакторы Төкен Әлжанов басқа жұмысқа ауысып жатыр, кейін облыстық газетке орала берерсің» деп кеңес берді. Сөйтіп, күтпеген жерден «Жезқазғантүсметтің» көптиражды газетіне қомсынбай-ақ жұмысқа тұрдым. Ұтқаным, көп ұзамай шағын да болса баспаналы болдым.
Орысша-қазақша газеттің редакторы Валентин Григорьевич Рыбаков еді, мен оның орынбасары болдым. Әрі қызметкерлердің дені орыс тілді журналистер болды да қазақшасында менімен бірге аудармашы мен машинкашы ғана болды. «Мысты өңір» аударма газет болғандықтан таралымы 4-5 жүздей ғана, орысшасы бірнеше мың данамен таралады. Осылайша 1990 жылдың ақпан айынан бастап қазақша газетте мен және аудармашым Мақпал Орынбетова, корректор Гүлбағдат Қасымова мен машинкашы Гүлнаш Әбдірахманова төртеуміз жұмысқа кірістік. Өндіріске қатысты материалдарды орысшадан аударып беруге мәжбүр болғанымызбен өз белсенділігімізбен қазақша өзіміз жазған мақалаларды да біртіндеп жариялай бастадық. Оның үстіне тоқсаныншы жылдың көктемінен КСРО-да демократиялық, ұлттық жылымық пайда болды. Екінші бір тындырған ісіміз өндіріс орындарын аралағанда басшылыр мен орта буын мамандармен сөйлесіп, қарамағындағыларды қазақ тілді «Мысты өңір» газетіне жаздыруын өтініп, таралымымызды көбейтуге кірістік.
1991 жылы КСРО ыдырап, еліміз егемендігін жариялады. Бұл да біздің – қазақтардың ұлттық рухымызды көтеріп, белсенділігімізді арттыра түсті. Әмірбек Шегірбаев деген рудник басшысы өзінің қарамағындағыларды қазақша газетке жаздыруға көп ықпал етті. Басқа рудниктер мен зауыт, фабрикаларда да қазақ азаматтары өз қарамағындағылардың қазақ газетіне жазылуына көмектесті. Тіпті кейбір азаматтар бухгалтерия арқылы тізім бойынша газеттің жазылым ақысын ұстап жаздыртамыз деп кейбір кәсіпорыннан бірнеше орыс азаматтары да «Мысты өңірге» жазылып кетіп жатты. Бірақ олардың ешқайсысы редакциямызға келіп өзгертуді, не ақшасын қайтаруды талап еткен емес. Сөйтіп таралымымызды бір-екі жылда бірнеше мыңға жеткіздік. «Жезқазғантүсмет» АҚ басшысы Тамерлан Михаилович Урумовтың қабылдауында болғанда оған Қазақстанның тәуелсіздігін жариялағанын, «Мысты өңір» газетін енді аударма басылым емес жеке дербес басылым жасауымыз қажеттігін айттым. Ол орыстілді болғанымен аз ұлттың өкілі ретінде менің ұсынысымды құптады. Сөйтіп арада көп уақыт өтпей газетіміз дербес басылымға айналды.
Сол жылдары мен Жезқазған өңірінде «Азат» азаматтық қозғалысын құрып, басқардым. Қозғалыстың белсенділері алғашқы кезде бас қосатын орын таппай жұмыс аяғында «За медь-Мысты өңір» газеттерінің сол кездегі Жастар көшесіне орналасқан ортақ кеңсесіне жиналатынбыз. Сонымызды біреулер Урумовқа «Әбуов бастаған ұлтшылдар редакция кеңсесін штаб қылып алыпты» деп жеткізіпті. Бір күні Тамерлан Михаилович шақыртты. Бардым. Қарсы алдына жайғасқан соң газеттің жағдайын аздап әңгіме қылып, «Сендер бір «халықтық майдан» құрып жатқан көрінесіңдер, әрине ұлттың аңсаған азаттығына ұмтылыстарыңды түсінемін, бірақ әсіреұлтшылдыққа айналып кетсе қиын болады. Сен отыздан жаңа асқан жассың, қызуқандысың, абай болып, үлкендермен ақылдасып істеген дұрыс. Ал штаб тапқанша редакцияның ғимаратына жиналуларыңа қарсы емеспін, ешкім де кедергі жасамауын тапсырамын» деп күлімсіреп, ісімізге сәттілік тіледі. Кейбір өз қазақ басшылар «бәлесінен аулақ, тиыш жүр, араласпа» деп «Азат» қозғалысына қарсылық білдіріп, кедергі жасап жатқанда осетиндік азаматтың бұнысына қалай риза болмассың.
Тіпті жастығымнан болар, мен бір жолы «Мысты өңір» газетіне жарияланған тізімдегі барлық азаматтардың аты-жөнін тек қазақша жариялап, оған өзіміздің қазақ азаматтары «Орыстарды неге «Иванов Иван Иванұлы» деп жазасың, олардың құжатында «ович» деп жазылған» деп мені кінәлаған. Мен «Құжат бойынша жазсақ, қазақтар да «ович» болып жазылуы керек, бірақ біз қазақ тілді басылым ретінде бәрін қазақшалап жаздық» деп уәж айтқан едім. Біреулер оны тағы Урумовқа жеткізіпті, ол бір кездескенде «Амангали что, всех «улы» делаем» деп күлген де қойған еді.
«Мысты өңір» газеті дербес газет ретінде шыға бастаған соң біздің де шығармашылығымызға еркіндік тиіп ұлттық, дәстүрлік, рухани-мәдени мәселелерді де акционерлік қоғамның өндірістік мәселелерімен қатар жиі жазуға кірістік. Өндіріс, кәсіпорындардағы жетістіктермен қатар, кейбір кемшіліктерді де көрсетіп жазуға мүмкіндік алдық. Сөйтіп газетіміздің өзіндік бағыт-бағдары, өзіндік кесін-келбеті қалыптаса бастады. Орысша газетпен қызметкерлеріміздің саны теңесіп, ортақ бір фототілші мен бір көлік жүргізушіміз болды. Жүргізуші «Мысты өңірдің» штатында, фототілші орыс газетінде тіркелді.
Егемендік жариялау мен елдегі ұлттық рухтың көтерілгенінің арқасында ол кезде саны 27 мың адамға жеткен «Жезқазғантүсмет» акционерлік қоғамының ұжымына тек өндірістік тақырыптарды ғана емес руханият, қазақ әдебиеті мен мәдениеті, Ұлытау-Жезқазған аймағының тарихы мен тарихи тұлғалары, басқа да ұлттық танымдық мәселелерге байланысты көртеген материалдар жарияладық. Аймақтың айтулы тұлғаларының шығармаларын жариялап, сұхбаттар жасадық. Бір сөзбен айтқанда, шама-шарқымызға қарай «Мысты өңір» газетін ширатып, толыққанды апталық басылымға айналдыруға әрекет еттік. Өзіміз де соның арқасында шығармашылығымыз ширап, қалыптастық. «Мысты өңір» газетінің редакторы қызметінде жүргенде 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайына облыстан сайланған 8 делегаттың бірі ретінде сайланып, әлем қазақтарының алғашқы басқосуына қатысу бақытына ие болдым.
Аймақтық «Мысты өңір» газетінің ардагерлерін, әр кезеңде аздап та болса газетте еңбек етіп үлес қосқандарды, бүгінгі күнгі редакция ұжымын, газеттің оқырмандарын, белсенді авторларын сүйікті басылымның 35 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!
Аманғали ӘБУОВ,
ардагер-журналист,«Мысты өңір» газетінің 1990 – 1997 жылдардағы басшысы.