Таяуда Жезқазған мыс қорыту заводындағы, әдетте «металлургиялық өндірістің өзегі» деп әспеттейтін, балқыту цехында болудың сәті түсті. Ол біреуі анау-мынау өндірістік буыныңды он орап алатындай үш бөлімшеден тұрады.
Жол басшым – «KazakhmysSmelting» ЖШС аппаратының мыс қорыту заводындағы жетекшісінің көмекшісі Дельшат Әлменбаев. Жасы отыздың о жақ, бұ жағындағы ол бұрын балқыту цехындағы электр пеші бөлімшесінде шлак шығарушы болып істепті. Кәсіпорын кеңсесіндегі кездесуден кейін екеуміз балқыту цехын бетке алдық.
– Мыс қорыту заводының, демек, жезқазғандық мыстың өзіндік бірегей ерекшелігі Жезқазған кен орнының керемет қасиетінде. Одан өндірілген шикізатты өңдеу арқылы алынған өнім әлемдегі ең сұранысқа ие мыс қатарына жатады. Жасыратыны жоқ, завод – қауіп-қатері қанжығаласып жүретін өндіріс. Сондықтан, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге баса назар аударылады, – дейді, жол-жөне кей мән-жәйді мәлімдеген Дельшат.
Завод аппарат басшысының көмекшісі Дельшат Әлменбетов
Балқыту цехының табалдырығын бұрын да талай аттағанбыз. Бірақ, барған сайын бойыңды беймәлім сезім билейді. Ондағы өндірістің тынысы тіпті бөлек. Әлемнің түпкір-түпкіріндегі тұтынушылардың талабы мен талғамынан табылған саф алтындай сары мыс шығаратын шикізат – анод негізін балқытушылар жылдың төрт мезгілінде
Ақжалқын жалынмен жағаласып, өндірістің осы буынында алады.
«Анау-мынау өндірістік буыныңды он орап алатындай» айтулы үшеудің алғашқысы – электр пеші бөлімшесіне енгенде, бұл жерде бұрын-соңды болмағандай күй кештім. Енді қалай, әрқайсысы 168 шаршы метр аумақты алып жатқан үш фазалы, алты электродты, биіктігі – 4,5, ені – 7, ұзындығы 24 метр қуатты екі пештің ентіккен екпініне бей-жай қарау мүмкін емес?! Жасырып қайтейін, жақындағанда бойды ептеп үрей билейтіні бар.
– Құнарлы концентраттан шихташылар дайындаған мыс алатын шикізат – шихта мен кремний диоксидін (флюс) электр пешіне тиеп, оттегі айдау арқылы қорытамыз. Құрамында мыс, темір мен күкірт бар штейн пештің түбіне шөгеді, флюспен біріккен қалғанынан шлак түзіледі, – дейді балқытушы Данияр Бейсетаев. Жап-жас жігіт. Жоғары білімді заңгер. «Тас лақтырсаң, заңгердің басына тиетін» заманда «қатырмақағазды» сандыққа салып тастап, қолына сүймен алғанына төрт жылға таяпты.
Балқытушы Данияр Бейсетаев
Бөлімшеде білікті металлург баршылық. Мәселен, балқытушы Василий Ромашов, электродшылар Ниязбек Нұршинов пен Бауыржан Мұқышев мыс алудың бастапқы баспалдағындай бұл күрделі өндірістік үдерістің қыр-сырын қапысыз игерген. Сапалы штейн алудың шынайы шеберіне айналған. «Олар кәсібінің қыр-сырын мінсіз меңгерген» дейді, өндірістік шебер Нұрболат Сағат.
Өндірістік шебер Нұрболат Сағат, балқытушы Василий Ромашов, электродшылар Ниязбек Нүршинов пен Бауыржан Мұқышев
– Электр пештері қызуға төзімді бетонмен қапталған, төңірекке бей-берекет газ таралмауы қарастырылған. Құрамында 40%-60% мысы бар штейн конвертерде балқытылып қара мыс алынады, ол анод пешінде одан әрі тазартылады. Тұнған шлак өндірістік қалдық қоймасына жөнелтіледі, – деді жол басшым Дельшат Әлменбаев. Уақыт оздырмау үшін конвертерге соқпай, анод бөлімшесіне барып бір-ақ аялдадық.
Анод бөлімшесіндегі Бауыржан Жағыпаров басқаратын бригаданың жігіттері – түсті металл құюшы Батырлан Құсайынов пен балқытушыЖандос Отыншиевты жұмыс үстінде кездестірдік. Маңдай тері моншақтаған металлургтердің көтерің кікөңіл-күйіне қарап-ақ, еңбек нәтижесін ұқтық. Батырланның бұл мәрт мамандықты меңгергеніне – 15, Жандосқа – 4,5 жыл болыпты.
Түсті металл құюшы Батырлан Құсайынов пен балқытушы Жандос Отыншиев
Қуатты кәсіпорында алатын өзіндік орны бар балқыту цехының ұжымы шуақты шақты да, қиын кезеңді де көрді. Дағдарыстың дүрбелеңін қажымас қайрат, үздіксіз ізденіспен жеңді. Оң өзгеріске ұмтылды, жетістікке жігерленді. Мерейлі мыс балқытушылардың мақсаты – өндірісті уақыт талабына сай заманауи жүйелі жаңғырту жолымен жаңа жетістікке жету.
Әлібек ӘБДІРАШ.
Суреттерді түсірген автор.