Жезқазған қаласының 70 жылдық мерейтойы аясында өткен Мұғалім және Кәсіподақтар күні мерекесіне арналған білім саласының қызметкерлері арасында спартакиада өз мәресіне жетті. Сайыста командалар спорттың 6 түрінен бақ сынады.
Спартакиадаға Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қаласы мен Ұлытау, Жаңаарқа ауданынан келген білім саласының қызметкерлері қатысты. Ұстаздар қауымынан жасақталған 6 команда волейбол, шахмат пен тоғызқұмалақ, асық ату, үстел теннисі, бес асық ойын түрлерінен сынға түсті.
Дәстүрлі түрде өтіп тұратын спартакиада бұл жолы 120 педагогтың басын қосты.
Спартакиадада Ералиев ауылынан келген Жаннұр Аманжолова тоғызқұмалақтан ешкімге дес бермеді. Тоғызқұмалақ ойнап жүргеніне 5 жыл болыпты. Бұл ойынның басты қасиеті адамның ой-өрісін дамытуға күш салады дейді ұстаз.
Ұстаздар қауымы әдемі ойын өрнегін көрсете білді. Жеңімпаздарға естелік кубоктар мен қаржылай сыйақылар табысталды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.