31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Тарихшылардың есебінше, 1927 – 1953 жылдары Кеңес Одағында 40 миллион адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Оған қазақ ұлтының қаймағы түгел ілікті. Қалаберді қазақ халқын өткен ғасырдың 20 және 30-жылдарында қызыл империя қолдан жасаған алапат ашаршылық қынадай қырып салды! Репрессия мен ашаршылықтың құрбандарын тұтас елмен бірге ұлытаулықтар да еске алып, рухтары алдында аза тұтты.
Тарихта ғылымы! Жүректен өшпейтін із! Солақай саясаттың сызын тартқан қаншама боздақ өмірімен қоштасты. Балалар жетім, әйелдер жесір қалды. Алаштың ардақтылары жазықсыз жапа шегіп, итжеккенге жер аударылды. Саяси қуғын-сүргін мен бірге ашаршылықтың азабынан елімізде 3 миллионға жуық адам құрбан болған!.. Тарихтың бұл ақтаңдақ бетін бүгінгі ұрпақ ешқашан ұмытпайды. Адамзатқа қарсы осы жантүршігерлік қылмыстың құрбандарын еске алу үшін ескерткіш маңына жиналған азаматтардың қарасы бүгін де қалың болды. Азалы үнсіздік жарияланды.
– 31 мамыр – ел тарихының ең азалы кезеңін еске алу күні. Қазақ халқы көп қиындықтарды көрді. ХІХ ғасырдағы отарлау заманы, әсіресе, 20-ғасырдың басында Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі 1919 – 1921 жылдардағы ашаршылық. Ең үлкен ашаршылық 1929 – 1932 жылдары болды, халқымыз жан-жаққашашырапкеткен, кезінде ол туралы айтуға да тыйым салынған. Қаншама біздің ағайын, бауырларымыз сол жолда құрбан болып кетті. 1937 жылғы репрессия, нәубетте осы өңірдегі көптеген азаматтар жапа шекті, жер аударды, атылды. Бұл күн – жазықсызжапашегіп, егемен ел боламыз деп еркіндікке ұмтылған ерлерді еске алатын күн. Біз тарихты ұмытпауымыз керек және ең бастысы, ол енді қайталан бауыкерек, – деді азалы жиында алғаш сөз алған облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы.
Бұдан соң облыс әкімі бастап, мәслихат, қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесінің, партиялардың өкілдері, білім ұжымдары мен басқа да белсенді азаматтар қостаған топ құрбандардың рухына тағзым етіп, құран бағыштады, гүлшоқтарын қойды. Бұл күні Қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке тағзым ету үшін «Жастар рухының» жастары да келген. Айтуларынша, бұл олардың тарих алдындағы парызы. «Бұл күн ұрпақ жадында мәңгі жаңғырып тұруы тиіс», – дейді облыстық «Жастар рухы» ЖҚ төрағасы Нұргүл Талғатбекова.
Айта кетейік, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған азаматтар жөнінде тың деректер әлі де іздестірілуде. Облыс әкімдігі бұл мақсатта жаңаша бағыттағы жұмыстарды қолға алуда.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған шарадан кейін аймақ басшысы, мәслихат төрағасы бастап 50-інші жылдары жазықсыз тұтқындар отырған абақтының іргетасы мен қабырғалары сақталған «Степлаг» лагеріне барды.
Биылдан бастап зұлмат жылдардың куәсі болған лагерьдің негізгі ғимараттары қалпына келтірілмек. Реставрация жұмыстарының алғашқы кезеңіне республикалық қазынадан 58 миллион теңге бөлініп отыр.
Бірнеше жылдан бері Степлагтың 3-бөлімшесінің орындары жойылу қаупінде тұрды. Лагерьдің асханасының қабырғалары қираған, шаруашылық барактары бұзылған, сонымен қатар кейбір адамдар бұл жерді қоқыс тастайтын орынға айналдырған. Кейінгі жылдары асханасының ішкі жағындағы сылақтары түсіп лагерь тұтқындарының салған суретінің орны біліне бастаған, суретте поез, теміржол бейнеленген. Мұның барлығы қалпына келтірілетін болады. Өткен тарихтың зұлмат беттері мен оның «тірі» куәсі кейінгіге сабақ болуы үшін ұрпақтан ұрпаққа жетуі тиіс.
1954 жылғы маусымдағы мәліметке сүйенсек, «СтепЛагта» 2 660 орыс, 9 596 украин, 2 690 литвалық, 1074 латыш, 290 қазақ және сол кезде Кеңес Одағын мекендеген басқа ұлт пен ұлыс өкілі, соғыстан соң 2369 неміс, 1012 жапон, 103 австриялық, 630 венгр, 145 румын, 58 қытай ұсталған екен. Азапты мекеннің сақталған бөліктері қазір туристер жиі аялдайтын орынға айналған.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.