Тарихы тереңге бойлайтын металлургия саласының өңірімізде құлашын кеңге жайып, елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған өндірістік құрылымның бірі де бірегейі екені даусыз. Металлургиямен тыныс-тіршілігі қайнап жатқан Жезқазғанда бұл мамандық иелеріне деген құрмет айрықша. Шілденің үшінші жексенбісінде аталып өтетін Металлург күні аймағымызда жыл сайын айшықты шаралармен әспеттеліп келеді.
«Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС басшылығының ұйғарымымен кәсіби мереке мысты шаһарда бес күн аталып өтті. Түрлі мазмұндағы қызықты шоулар мен концерттік бағдарламалар, Алматы қаласынан арнайы келген цирк өнерінің майталмандары жезқазғандықтарды тәнті етті. «Қаныш жолы» киносы қаланың басты көшесіндегі экран арқылы көрерменге көрсетілді.
Аймағымыздағы маңдайға біткен Жезқазған мыс қорыту зауытында жалын жұтып, сары мыс сапырып жүрген металлургия майталмандарының еңбегін «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС жоғары бағалап, құрмет көрсетті. «Байқоңыр» қонақүйінде өткен салтанатты шарада еңбек озаттарына марапаттар табысталып, олардың өндірісті өркендетудегі істеріне алғыс білдірілді.
Кәсіби мереке иелеріне «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Бас директоры Жәнібек Байғабелов, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов, Ұлытау облыстық мәслихатының хатшысы Бауыржан Шыңғысов, ардагер металлург, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Нығымет Ілиясов, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің басқарма төрағасы Төлеген Бүкіров, «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалының төрағасы Ақылбек Төлепбергенов және тағы да басқа ұйым өкілдері құттықтауларын жеткізді.
Өндірістегі үздік көрсеткіштері үшін Жезқазған мыс қорыту зауытының күйдірушісі, металлургтер әулетінің өкілі Төлеген Салқауов бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін омырауына тақты. Сөйтіп, майталман металлург аталмыш төсбелгінің толық иегері атанды. Аға шебер Венера Құрмашева мен сапа инженері Қуаныш Бекбаев екінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталса, үшінші дәрежелі төсбелгіні учаске басшысы Жанболат Жамбетов, аппаратшы-гидрометаллургтер Ғазиз Жылқыбаев пен Макида Садықова, балқытушылар Мұхамбетқали Қалекенов пен Бауыржан Жағыпаров, электромонтер Владимир Лесков және күйдіруші Думан Шайхымбаев алды. Ал «Еңбек ардагері» төсбелгісі электродшы Анатолий Черняевқа табысталды.
Салтанатты шара үстінде «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалының төрағасы Ақылбек Төлепбергенов металлургияда жоғарғы көрсеткіштерге қолжеткізген және кәсіподақтың қоғамдық шараларына белсене атсалысқан бірқатар зауыт еңбеккерлеріне «Еңбек озаты» медалін табыстады. Бұл марапатқа Сәрсенбек Жанділдинов, Ғазиз Жылқыбаев, Болат Тоқабаев, Расем Хикматуллин, Ғабит Сүйінбаев сынды озаттар ие болды. Сонымен қатар, «КәсіпҚорған» кәсіподағының Құрмет грамотасына Александр Ковтун, Талғат Тоқтаулов, Сағат Нұрболат, Сәрсен Темірбай, Евгений Краснятов, Жарқын Сеит лайық деп танылды.
Мерекелік жиынды жезқазғандық өнерпаздар әнмен әспеттеп, күймен көмкерді.
Металлургтердің мерейін асырған мереке жұма күні кешкілік Алашахан даңғылы бойында өткен гала концертке ұласты. Жезқазғанның өнерпаздары алаңға жиналған көпшілікке өнерлерін паш етті. «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС басшылығының шақыртуымен келген Қазақстанның эстрада өкілдері сахнаға көтеріліп, металлургтерге әннен шашу шашты. Әділет Жауғашар, Луина, Мирас Жүгініс, Turan KR Меховая 8/1 топтары әсем әндерін тарту етті. Кештің тізгінін блогер, ұлттық тіліміздің жанашыры болып жүрген Таня Турлай мен республикаға танымал тележүргізуші Қазбек Қасым ұстады.
Өңіріміздің өмірінің өзегі болған металлургия саласының майталмандарына арналған мерекелік шара отшашумен аяқталды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.