Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Т. Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі Ғалым Мұхамединнің 70 жасқа толған мерейтойына орай Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде «Түрлентіп тоқсан түрлі әнге салған» атты телебенефис-концерті өтті. Қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған мерейтой басқа да алуан шараларды қамтыды.
Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында «Өнермен өрілген өмір» тақырыбымен көрме ұйымдастырылды. Аталуы айтып тұрғандай, көрмедегі стенділерде Ғалым әншінің өмірі мен өнер жолы кеңінен көрініс тапты. Бұдан кейінгі күні еліміздің әр өңірінен мерейтойға арнайы келген құрметті қонақтар қатарындағы өнер майталмандарының қатысуымен музейдегі кездесу шарасы болды. Кездесу шарасында қазақтың халық әндерін орындаушы және насихаттаушы Ғалым Мұхамединнің әншілік әрі ұстаздық жолы, шығармашылық жетістіктері туралы дайындалған бейнесюжет көрсетілді. Қонақтардың лебізі тыңдалып, арасында әнге кезек берілді. Іс-шара соңында қалалық тарихи-археологиялық музей басшысы Раушан Қапарова мерейтой иесіне кәделі сыйлықтарын ұсынды.
Одан әрі Халықтар достығы мен мәдениеті үйіндегі телебенефистік концертке ұласқан мәдени шара нағыз өнер мерекесіне айналды. Мерейтой иесінің шашбауын көтеріп, құрметтеп келген қонақтар қатарындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Халық әні» кафедрасының доценті Еркін Шүкіман, доцент, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреты Ардақ Исатаева, өнертану кандидаты, атақты термеші, жыршы Елмұра Жаңаберген сынды ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері және өнертану докторы, консерваторияның «Халық әні» кафедрасының меңгерушісі Амангелді Күзеубай, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Оралдан келген Батыс әншілік мектебінің өкілі Қайрат Кәкімов, Маңқыстау әншілік мектебінің өкілі, мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ерімбетова, Сыр бойындағы жыршылық, әншілік дәстүрдің дарынды өкілі, «Нартай өнер мектебінің» директоры Мұхамедәлі Бекпейісов, Жетісу ән мектебінің айтулы өкілі Ерболат Шалдыбаев, Қарағанды облыстық Тәттімбет атындағы концерттік бірлестіктің әншісі Жақсыкелді Кемалов кеш иесін құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Сонымен қоса жер-жерден келген айтулы әншілер қонақ кәде жолымен ән шырқап, кештің шырайын кіргізе түсті. Арасында Ғалым Мұхамединнің өзі және шәкірті, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Ардақ Мұқышев ел көңіліндегі әндерді әуелете орындады. Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен тұспа-тұс келген әншінің мерейтойы осылайша өрбіп, шырайлы шара ретінде есте қаларлықтай болды.
Жетпіс жастың желкенін керген Ғалым әншіні Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров құттықтап, құрмет көрсетті. Иығына шапан жауып, астына атмінерлік 500 мың теңгенің сертификатын тапсырды. Әнші еңбегін лайықты бағалаған «Қазақмыс» корпорациясы 5 миллион теңге қомақты сыйлық ұсынып, көпшіліктің көңілінен шықты. Сыйлық сертификатын тапсырып, құттықтау тілегін білдірген «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазған аймағы бойынша әлеуметтік сала және еңбек қатынастары басқармасының басшысы Сабыржан Тембаев өндірістік компанияның өнер мен мәдениетке қолдау танытудан қашанда шет қалмайтындығын жеткізді.
Амандық РАХҰЛЫ.