– Қызым, «рабочком» – мансап емес, кәсіподақ комитеті басшылық пен жұмысшылар арасындағы «алтын көпір» болса, ол – сол мәртебелі міндетті мінсіз атқаруға бас-көз болатын, бағыт-бағдар беретін көшбасшы. Көпшілік сенім артқан екен, ендігі жерде соған сызат түсіріп алма. Көрсетілген сенімнен шыққаннан артық мәртебе мен марапат жоқ, – деген еді бар саналы ғұмырын №42 шахтада кен өндірісіне арнаған әкесі Өмірбек. Бұл – 2010 жылғы жайдары жаздың тамылжыған тамызы еді.
Ұстаздықты ұнататын Мариямкүлдің мақсаты мұғалім болу еді. Оқуда үздіктер қатарынан көрінді. Кеншілікті кәсіп қылған әкесі Өмірбек Жолдасбеков пен сауда саласының саңлағы атанған анасы Жанбибі Ташетова бауырынан өрген үш ұл, екі қыздың еркін ер жетуіне барын салды. Әсіресе, еркіндігі еркелікке ұласып жататын қыздың кенжесі Маримякүл өжет болып бой жетті.
Кеншілер қаласындағы №14 мектепті үздік аяқтаған ол Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің физика-математика факультетін 1983 жылы ойдағыдай бітірді. Сол кездегі үрдіспен Жездіге жолдамамен жол тартты. №5 орта мектепте еңбек етіп жүргенде тұрмысқа шығып, келесі жылы туған қаласына қайтып оралды. Өзін қанаттандырған №14 мектеп ұстаздарының қатарына қосылды. Сегіз жыл сырғып өте шықты.
Тоқырау жан-жақтан қыспаққа алған, қиындық қанжығаласқан күрделі кезең еді. Ұстаздықтан қол үзуіне тура келді. Әр кәсіптің басын шалды: бес жылдай жұмыспен қамту орталығында жүрді, бір жылдай жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорнында зертханашы болып та жұмыс істеп көрді. Ақыры кен-шахта жабдықтары заводының еңбек бөліміне нормалаушы болып орналасты.
Бір шаруаны қолына алса, іске бар болмысымен кірісетін ол қарым-қабілетін көрсете білді. Москва заманауи университетін өндірістен қол үзбей жүріп бітіріп, экономист мамандығын алды. Кейін жоспарлау бөліміне ауысты. Бөлімдегі қызметімен шектеліп қалмады, кәсіпорынның қоғамдық өміріне белсене араласты. Бұл қасиеті де көпшілік назарынан тыс қалмады.
Елмен етене араласып, кімге болса да қол ұшын беруге құлшынып тұратын елгезектігі оны қоғамдық қызметке алып келді: кәсіпорындағы кәсіподақ комитетінің құрамына сайланды. Төрт жылдан кейін әріптестері кандидатурасын комитет төрағалығына ұсынды. Әкесі жоғарыдағы ақылын сол кезде айтқан еді. Мариямкүл оны әке аманатындай қабылдады.
«КәсіпҚорған» салалық кәсіподағының бір мың үш жүздей мүшесінің басын біріктірген Мариямкүл Тәкішева бастауыш буынын басқаратын кәсіпорын технологиялық және қосалқы кен-шахта, карьер жабдықтарына сервистік қызмет көрсетеді. «Қазақмыстың» осы аймақтағы кеніштерінде жөндеу телімдері жасақталған, қажет болса жөндеу бригадаларының бұзылған техника тұрған жерге баруына мүмкіндік жасалған.
Кен-шахта жабдықтары заводы жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізеді. Ұста-дәнекерлеу, құрастыру, агрегат, құрал-сайман, механикалық цехтар мен электрмеханикалық және жөндеу-жинау телімі бар. Олар жерасты өздігінен жүретін жабдықтары мен тораптарды жөндеу-қалпына келтіру жұмысымен, жерасты кен-шахта жабдықтары бөлшектерін жаңғыртумен айналысады.
Завод кейінгі 10-15 жылдың көлемінде бірнеше мәрте қайта құруды бастан өткерді. 2007 жылы тұсауы кесілген «Қазақмыссервис» ЖШС, 2013 жылы Қарағанды облысы аймағындағы «Қарағандысервис», «Балқашсервис» және қазір Ұлытау облысына қарайтын «Жезқазғансервис» және кен-шахта жабдықтары заводтарын біріктірген «Kazakhmys Maintenance Services» (Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз) компаниясы болып қайта құрылды.
Қабаттасқан қайта құрулар кәсіподақты да қиындыққа киліктірді. Кәсіпорын Қарағандыдағы холдингке қарады. Басқасын былай қойғанда, қыз-келіншектер мерекесі мен Наурыз мейрамында кәсіподақ мүшелері назардан тыс қалатын. Әсіресе, Кенші күні ескерілмеуі ешбір ақылға қонбайтын еді. Кәсіпорындағы кәсіподақ ұйымы «КәсіпҚорғанның» Жезқазған аймағындағы филиалына қарауы керектігін дәлелдеуге Мариямкүл бір жылдай уақытын сарып етті. Ақыры көпшіліктің қалауына қол жеткізді.
Ал, 2019 жылы сервистік қызметке шетелдік фирмаларды таратқан кезде орын алған түсініспестік өз алдына бөлек әңгіме. Қомақты әлеуметтік жәрдем жиынтығын ұсынған олар өз тәртібін енгізуге тырысты, ал жұмысшылар кәсіподақ мүшелігінен шыққысы келмеді. Кеңсе-менеджері Гүлжанат екеуі бірнеше ай бойы бозала таңнан қас қарайғанша жұмысшыларды қабылдап, кәсіподақтың құжатын қалай қайта рәсімдегені Мариямкүлдің әлі есінде.
Бүгінде кәсіпорындағы кәсіподақ ұйымы – «КәсіпҚорғандағы» үздік қоғамдық ұйым қатарында. Осыған жету жолында атқарылған ауқымды шаруа есіне түскенде Мариямкүл шаршағанын ұмытып, мерейленіп қалады. Алда күтіп тұрған қыруар іске құлшына кіріседі.
Әлібек ӘБДІРАШ.