Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департамент басшысы Берік Ахметов ҚР Президенті жанындағы басқару академиясының филиалы ашылғанын хабарлай келіп, оған түсу сатылары бойынша ақпарат берді.
Агенттіктің Ұлытау облысы бойынша департменті құрылғалы 4 ай ішінде бірқатар жұмыстар жүзеге асты. Атап айтқанда, 18 кездесу өткізді, бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды, жас мемлекеттік қызметші мектебін іске қосты. Берік Ахметовтың айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің штат саны – 804. 128 бос орын бар. Егер мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасамын десеңіз, мүмкіндік көп. Ұлытау облысы бойынша бұл салада гендерлік теңдік толық сақталып отыр.
Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің 339-ы немесе 50,1пайызы әйелдер, оның ішінде 45,7-ы басшылық лауазымдарда қызмет атқарады.
Бүгінгі таңдаҰлытау облысының негізгі проблемаларының бірі мемлекеттік қызметте кадрлардың тапшылығы. Мысалы, жергілікті атқарушы органдардағы бос лауазымдардың үлесі 15,9, орталық мемлекеттік органдарда 50 пайызға да жетпейді.
– Осы проблемаларды жою мақсатында үгіт жұмыстарын жүргізу және меморандумға қол қою үшін Қарағанды, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласының ЖОО студенттерімен кездесулер жоспарланған. Наурыз айында осы жұмыстарды қолға аламыз, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысы Берік Ахметов.
Мемлекеттік қызметшілердің жоғары оқу орнынан кейінгі бағдарламаларда тегін оқуға мүмкіндігі бар .Яғни, ҚР Президенті жанындағы басқару академиясына түсуге құжаттарды қабылдау жақын арада басталады. Сондай-ақ, президенттік кадр резервіне кезекті іріктеу және өңірлік жастар кадр резервтерін құру жоспарлануда. Бүгінгі таңда Ұлытау облысында президенттік жастар кадр резервінің 1-еуі ғана қызмет атқарады.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.