Мемлекеттік қызметке кірудің жаңа жүйесі және «ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» Заңына енгізілген түзетулер бойынша, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерді бағалаудың жаңа жүйесі, конкурстан тыс тағайындаулар туралы түсіндірме жұмыстары Ұлытау облысы басқармаларының мемлекеттік қызметшілерімен өткізілді.
Аталған кездесуде департамент басшысының орынбасары Мұхтар Сабаев мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі толық цифрландырылғанын және конкурстық рәсімнің барлық кезеңдері онлайн түрде қашықтықтан өткізілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына құжаттар қабылдау басталғандығын және оған түсу артықшылықтарын атап өтті.
– Мемлекет Басшысының мемлекеттік қызметшілерді іріктеу жүйесін қайта қарау тапсырмасын орындау және мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен біршама нақты жұмыстар атқарылды.Нәтижесінде «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметі туралы» Заңына тиісті түзетулер енгізіліп, мемлекеттік қызметке конкурстан тыс орналасуға мүмкіндік пайда болды, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сабаев.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуға түскен жағдайда жұмыс орны сақталып, степендия алатындығы, жатақханадан орын берілетіндігі және үздік бітірген жағдайда уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша бірқатар мемлекеттік органдарға конкурстан тыс орналасу мүмкіндігі бар екендігі айтылды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.