Бірінші қыркүйек – Білім күні. Жыл сайын күздің алғашқы күні мектеп есіктері айқара ашылып, алғашқы қоңыраудың үні сыңғырлайды. Ұлытау облысындағы 87 мектепте 40663 оқушы жаңа оқу жылын бастады.
Ал, 4440 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Оның 81,1% қазақ тілінде оқытатын мектептерді таңдады. Қала мектептерінде 1 қыркүйек күніне арналған салтанатты іс шаралар ұйымдастырылды.
Біз алдымен Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатқа атбасын тіредік. Осыдан екі-үш жыл бұрын ғана пайдалануға берілген білім ордасы бүгінде қаладағы маңдайалды оқу орындарының біріне айналып үлгерді. Биылғы жылы бұл мектеп республика бойынша «Үздік олимпиадалық мектептер» тізбесінде 31-орыннан көрінді.
Бұл жөнінде Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Дастан Рыспеков атап өтті:
– Мектеп интернаттың оқушылары мен педагогтері республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі конкурстарда жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Соңғы 3 жылдың өзінде 12 педагог, 32 оқушы республикалық кәсіби сайыстарда жеңімпаз атанған, – деді ол.
Биылғы оқу жылында 75 бала 5 сыныпқа қабылданып, жалпы саны 3 сынып жасақталған.
Айтап өтейік, биыл облыстың аудан, қалаларынан келіп оқитын дарынды оқушылар үшін 200 орындық жатақхана құрылысы басталды. Және де түрлі тарихи орындарға танымдық саяхатын ұйымдастыруға мүмкіндік жасау үшін мектеп-интернатқа австобус сатып алынуда. Мектепте 59 мұғалім бар. Олар жаңа оқу жылын табысты бастауға тас-түйін дайын. Биылғы оқу жылында да ұжым бірнеше жас маманмен толыққан.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.